Маусым айының әр үшінші жексенбісі – ақжелеңді аблаз жандардың кәсіби мерекесі. Айтулы күннің қарсаңында өз өмірін медицина саласына арнап, үзілген үмітті қайта жалғап, Қарасай аудандық орталық ауруханасында бірнеше науқасты мүгедектіктен сақтап қалған ангиохирургия саласының маманы Жәнібек Өзбек жайлы әңгімемізді өрбітейік.
Бірнеше жыл бұрын қантамырдың ұлғаюы немесе зақымдануымен науқастанған Қарасай ауданының тұрғандары Алматы және Нұр-Сұлтан секілді ірі қала дәрігерлерінің көмегіне мұқтаж болатын, ал қазір ұзақ жерге жол жүрмей ем табу мүмкіндігіне ие. Бұл, әрине, Қарасай жеріндегі ангиология ғылымының дамуы арқасында жүзеге асқанын айта кету керек. Жалпы, ангиология – қан және лимфа тамырларын емдейтін, медицина саласының ең қиын бағыттарының бірі.
2019 жылы аудандық аурухананың дәрігері Жәнібек Қабылбекұлы А.Сызғанов атындағы Қазақ клиникалық және экспериментальдық хирургия институтында біліктілігін арттырып, біздің ауданының тұрғындарына қызмет етіп жатқан жайы бар. Сол кезден бастап, хирург маманы әріптестерімен бірге аудан бойынша шамамен 60-70 науқасқа ота жасаған. Солардың ішінде қан тамырының ұлғаю дертіне шалдыққан Қаскелең қаласының тұрғыны Эльмира Жүнісова жақын арада портал жүйесі арқылы Жәнібек Қабылбекұлына сенім артып, ота жасатқан еді.
«Дәрігерлерден қатты қорқатыным бар, сол үшін жиырма жыл бойы варикозбен қиналып шықтым. Аяқ басуым мұлдем қиындап кеткенде, Жәнібек Қабылбекұлын өз ісінің шебері деп танысым ұсынған еді. Сейсенбі күні екі аяғыма ота жасатқанмын, жұма күні толыққанды жүре бастағаннан кейін қолы жеңіл, өз саласының жақсы маманы екеніне көзім жетті. Ауруханамызда жас мамандардың көбейгені қуантады, Жәнібек Қабылбекұлындай дәрігерлер көп болса екен!» – деді Эльмира Жүнісова ризашылығын білдіріп.
Әрине, аса жауапкершілікті талап ететін дәрігер мамандығын игеру, осы саланың үздігі болу көп еңбекті қажет етеді. Қарасай ауданының мақтанышына айналған Жәнібек Қабылбекұлының осындай таңдауы балалық шағынан бастау алған. Кішкентайынан жиі науқастанып, көп уақытын ауруханаларда өткізуге мұқтаж болған, ол дәрігерлердің мейірімі мен жігерлігін көріп өскен. Бүгінгі таңда қолынан ем алғандар ангиохирург маманын денсаулық сақшысы атағына өте лайық деп санайды. Оның атап айтар ерліктерінің бірі жақында орын алды. Білікті маман күні кеше биіктіктен құлап, қатты жарақаттанған балақайды шұғыл түрде қабылдап, бар күшін салу арқылы аман алып қалды.
Иә, осындай кәсіби мамандардың қолынан дерттің емін табу мүмкіндігі тек Қарасай ауданының тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар, Іле, Талғар, Жамбыл аудандары үшін де қолжетімді. Әр науқастанған адам ауруханаға шұғыл немесе жоспарлы түрде қабылданады, сондай-ақ, республикамыздың кез келген өңірінен отандастарымыз да медицина сақтандыру жүйесі арқылы тегін ота жасата алады екен. Жақын арада ангиографиялық аппарат орнату жоспарлануда.
Жәнібек Қабылбекұлындай мамандардың жұмыс істеуі, медициналық техниканың көбеюі, аудан ауруханасының жыл сайын кәсіби деңгейінің өсіп жатқанының дәлелі болар. Байқап отырғанымыздай, ангиохирургия саласында беделін арттырған дәрігеріміз екі жылдың ішінде, аз да болса жетістіктерін көрсетіп үлгерді. Шаршамастан халқына қызмет етіп жүрген осындай ұл-қыздарымыз денсаулық саласы үшін бар күш-жігерін салуда.
Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, ақжелеңді абзал жандар, бұдан да биік белестерді бағындыра беріңіздер!
Салима БАҒАШАР.