Өткен аптада Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің отырысы болып, онда «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының іске асырылуының жай-жағдайы қаралды.
Аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев қатысқан жиынды ашқан кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов қазіргідей қиын кезеңде бұл мәселенің өте маңызды екенін атап көрсетіп, осы бағыттағы жұмыстар барынша тиімді әрі сапалы жүргізілуі тиіс, деді.
Мұнан кейін кеңес мүшелері алдымен күн тәртібінде белгіленген бірінші мәселе – «2020 жылға арналған жол картасы бойынша ауданға бекітілген объектілерде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы туралы» аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Нағашыбаевтың, жолдаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаевтың, сондай-ақ, құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Машраповтың есептерін тыңдады. Осы орайда кеңес мүшелері оларға өз жұмыс салаларына қатысты бірқатар сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты.
– Бұл объектілердің барлығы да биыл бітеді деп белгіленген, – деді аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев. – Сондықтан да босқа тұрып қалмай, уақыт оздырмай жұмыс істеу керек. Аудандық әкімдіктің бөлім басшылары да өз тараптарынан қадағалауды босаңсытпауы тиіс. Әрине, Қоғамдық кеңес мүшелерінің бақылауы да істің ілгерілеуіне көп көмегін тигізуде.
– Республика Үкіметі тарапынан қазіргі кезде экономиканы жаңғыртуға, сонымен қатар, жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын бәріңіз де білесіздер, – деді кеңес мүшесі Айтбай Көшкімбаев. – Бұл, шынтуайтына келгенде, үлкен мемлекеттік саясат. Ендеше, осы бағыттағы барлық жұмыс жүйелі жүргізілуі қажет. Қоғамдық кеңес мүшелері де қоғамдық бақылауды алдағы кездері барынша күшейте түсетін болады.
Сол сияқты кеңес мүшелері Едіге Жүнісбеков, Сағындық Жылқыбаев, Қаныбек Айтжанов, Орынбай Жанәділ де қаралып отырған мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, жұмыстардың уақытында әрі сапалы аяқталуы керектігіне баса назар аударды, кейбір проблемалық жағдайлар жайында ұсыныстарын айтты.
Отырыста, мұнымен бірге, Кеңес мүшелері осы бағыттағы құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер компаниялардың басшылары – «ПМК-615» ЖШС-нің директоры Ибрагим Байрамовқа (К. Әзірбаев орта мектебінің күрделі жөндеуі, Береке ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеуі), «ДРСУ-8» ЖШС-нің директоры Александр Угрюмовқа (Қаскелең қаласының және ауылдардың жолдарын жөндеу), «Құрылысшы – ТБС» ЖШС-нің директоры Батырхан Тохтаевқа (әл-Фараби атындағы дарынды балаларды оқытатын арнаулы гимназияның күрделі жөндеуі және Іргелі ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы) өз сұрақтарын қойып, істерінің қалай жүріп жатқанына жете назар аударды, Әсіресе, құрылысқа жұмыссыз азаматтарды көптеп тарту мен сапаға айрықша көңіл бөлу қажеттілігін алға тартты, тез арада жойылуы тиіс кейбір олқылықтарды атап көрсетті.
Отырыста күн тәртібіндегі екінші мәселе – «2020 жылға арналған Жол картасы бойынша жұмыспен қамтудың барысы туралы» аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Эльмира Тасырова есеп берді.
Орталық директорына Қоғамдық кеңес мүшелері Қаныбек Айтжанов, Айтбай Көшкімбаев, Сағындық Жылқыбаев және басқалар жұмыссыз азаматтарды осындай объектілерге жедел жіберуді ұтымды ұйымдастыру қажеттігін, бұл ретте негізінен өз ауданымыздың тұрғындарын қамту керектігін айтып, бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Отырысты Кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов қорытындылап, тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.