Бұлай дейтінім, осыдан жеті жылдан аса уақыт бұрын «Өмірұзақ» шағын ауданының болашағын бүгінгі күнімен салыстыру мүмкін емес еді. Жемқорлық жайлаған құрылысшылар халықтың (үлескерлердің) ақшасын жеп сотталып кеткенде, ауыл құрылысы мүлдем тоқтап қалған. Алғашқы тұрғындар бұл істі біледі, барлығы жабыла қолдарынан келгенше күресе білді, әсіресе, заңгер Нұрланды, білікті басшы Ибрагимді, қарындасымыз Динаны ерекше айтуға болады.
«Иесіз қалған» елді мекенімізді облыс басшылары 2018 жылдың екінші жарты жылдығында Әйтей ауылдық округінің қарамағына өткізді. Әрине, қаржы бөлінбеген, шешілмеген мәселелер көп. Не істеу керек? Алғашқы көмекті Әйтей ауылдық округінің сол кездегі әкімі Кикимов Қайсар Мұшайұлы мен «Таусамалы» мемлекеттік мекемесінің басшысы, Әйтей ауылдық округінен мәслихат депутаты Айнабеков Бауыржан Бақтыбайұлынан көрдік. Бұлар шағын ауданның стандартқа сай жасалынбаған түнгі жарығын қалпына келтіріп жөндеп, бағаналарын ретке келтірді.
Келесі кезек күттірмейтін мәселе «Өмірұзақ» шағын ауданының аты жазылған белгі қою және де сол орынға аялдама орнату еді. Осы бір көп еңбекті талап ететін жұмысты аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы Далабаевтың алдына қойдық. Аудан басшысы сөзге келместен өзінің орынбасары Әшімбай Алмасбек Рзабекұлына тапсырма берді. Дереу «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ж.Н.Қобландинге, Алматы облысы Ішкі істер Департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы М.Күттібаевқа арнайы хат жолданды.
Міне, бүгінгі таңда ауылымыздың аты да жазылды, аялдамасы да орнады. Айтылған азаматтарға көп рахмет айтамыз. Тікелей бұл жұмысты орындаушы «ҚазАвтоДор» басшылары Мақсат мырза мен Арман мырзаға ризашылығымыз ерекше.
Жоғарыда айтқандай, түнгі жарық жүйесі дұрыс жүргізілмегендіктен, республикалық маңызы бар автожол мен біздің ауыл арасындағы 200 метрдей жерде жарық мүлдем жоқ. Кешке мектеп оқушылары, әйелдер мен жасы үлкен зейнеткерлер, жедел жәрдем, т.б. көліктердің жүруіне қиыншылық туған еді. Әйтей ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулет Омаров Дәулетқанұлының көмегімен осы мәселе де шешімін тапты. Бұл азаматқа халықтың ризашылығы мол.
«Жас келсе іске, қарт келсе асқа» дейді ғой қазақ. Қайсар аға жасы келіп зейнеткерлікке шықты, ұзағынан болсын дейміз, орнына осы жақында келген орынбасары Дәулет тағайындалса деген тілегіміз де жоқ емес.
Ауылымызда ұсақ-түйек жұмыстарымыз баршылық (қар тазалау, ағаш отырғызу, тазалықты сақтау, т.с.с.), осындай жұмыстарымызды жүргізіп, қадағалап, тексеріп отыратын ұйым бар, құрамында 5-6 адам істерін жалғастыруда.
Болашаққа деген үмітіміз үлкен, дәмеміз зор. Алла қаласа, 900 орындық мектебіміз салынса, 50 шақты екі қабатты үйлеріміз бой көтерсе, дүкен, монша, балабақша т.с.с. ғимараттар тұрғызылса нұр үстіне нұр болар еді деп армандаймыз.
Әлі де ақылдасатын шаруаларымыз бар, мысалы, КСК немесе жекеменшік пәтер иелерінің кооперативін ашсақ па деген ойымыз бар. Бұл да оңай іс емес екені баршамызға аян, білімді, өжет, алғыр адам керек болып тұр.
Бүгінгі таңда 100-ден аса пәтер иелері бар, биылғы қазан айындағы санақта есеп нақтыланады деп есептейміз.
Самат МҰҚАШҰЛЫ,
«Өмірұзақ» шағын ауданының тұрғыны, зейнеткер.