Бүгінде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмыстар ауданда жүйелі жүргізілуде. Кәсіпкерлікті қолдау мен жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде бірқатар нысандар ашылып, бизнес өкілдерінің саны артқан. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланғанның бірі — Қаскелең қаласының тұрғыны Жұлдыз Каирдинова. Ол нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылдағы көрсеткіш бойынша 200 АЕК, яғни, 556 мың теңге қайтарымсыз грантты иеленіп, шағын ателье ашты. Бүгінде тігіншінің кәсібі өрге домалап, саудасы қызған. Бала кезінен тігін тігіп, мата қиюды жаны сүйетін ол осы істі кәсіпке айналдыруды армандады. Осылайша, мектеп бітірген соң Алматы технологиялық университетінің дизайн, текстиль және киім технологиялар факультетіне түсіп, үздік тәмамдады. Студент кезінде де іс тігуден жалықпады. Тұрмыс құрған соң тігіншілікті жанына серік етті. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан соң бұл істі мықтап қолға алды. Үйде отырғандықтан тек шағын тапсырыстар қабылдайтын. Сондай күндердің бірінде ғаламтордан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы жоғарыда аталған бағдарлама аясында грант алу мүмкіндігі бар екенін оқиды. Осылайша Жұлдыз кәсіпкерлік негіздері жайында сапалы білім алды. Бизнес-жоспарын дайындап, грантқа ұсынып, бағын сынады. Ондаған жоспарлар ішінен кейіпкеріміздің жоспары үздік танылып, қолдауға ие болды. Жастарға берілетін 556 000 теңге гранттың иесі атанды.
– Осы бағдарламаны өту барысында мен үлкен мотивация алдым және өзіме нақты мақсат қойып, ештеңеге қарамастан жетістікке жету керек екенін түсіндім. Грант алғанға дейін мен өзіме жеке кәсіпкерлік ашқан болатынмын, – дейді еңбекқор жан.
Ол грант қаражатына үш іс тігуге арналған және артық жіптерді бір уақытта кесуге және кесіп тастауға мүмкіндік беретін арнаулы тігін машинасын сатып алды. Құралдарын сайлап алған Жұлдыз Қаскелең қаласындағы бизнес орталықтардың бірінен орынды жалға алған. Қазірде ол кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі. Тігін ісіне қызығушылығын танытқан қыз-келіншектерге де өз білгенін де үйретіп жүр.
Тігін бизнесі – ұлттық экономика үшін басым бағыт. Жұлдызды алға бір мақсат қана жетелейді, ол – әйелдер әдемі ғана емес, сапалы да киінуі керек. Сол себептен де, оның басты тұтынушылары – адамзаттың әдемі бөлігі. Көбінесе оған түсетін тапсырыс өнімдерін барынша тез тігуге тырысады, өйткені, алға жүріп жатқан жұмысқа, яғни, тігін барысындағы процеске қызығушылықпен қарайды. Бірақ, тігілетін өнімнің үлгісі мен матаның күрделілігіне байланысты ұзақ уақыт алатын тапсырыстары да болады. Қандай маталармен жұмыс істегенді ұнататының және сән саласының маманы ретінде стиль жағынан өз ойын тілге тиек етті.
– Бәрінен бұрын маған тоқыма маталармен жұмыс жасаған ұнайды. Әсіресе, үйде отырған кезімде өте көп спорттық үлгідегі киімдерді тіккен болатынмын. Сондықтан осы мата түрімен жұмыс істегенді көп қалаймын. Басқа үлгідегі киімдерді тапсырыс бойынша тіге беремін. Әрдайым соңғы сән үрдістеріне сай киіну басты міндет емес, бастысы әрқашанда өзіңнің үлгіңе берік болу, – дейді сән маманы.
Жұлдыздың өте талантты екенін оның ісінен байқауға болады. Ол өзінің барлық жағымды эмоцияларын осы таңғажайып дүниелерге жұмсайтын тәрізді. Өзін алдағы уақытта дамытуға шабыт алу үшін сүйікті ісінен және бизнес әлемінен жаңашылдықты меңгеруге ұмтылады. Оның әлі де көптеген арман-мақсаты баршылық. Біз тек сәттілік тілейміз! Жұлдыз сияқты шебер адам үшін, барлық қиялдар мен армандар міндетті түрде орындалады. Бұған тек сенімді қадамдар жасау керек. Осылайша, аудан тұрғындары үкіметтен шағын және орта бизнесті дамытуға көрсетілген көмекті ұтымды пайдалана білуде.
Бұрым ОРЫНБАСАР.