2024 жылдың соңғы айында Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болып, оның жұмысын кеңес төрағасы Жанат Исағұлов басқарды.
Жиында бір ғана мәселе қарады. Яғни «Елтай ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар және мемлекеттік көрсетіліп жатқан қызметтер туралы» аталған округтің әкімі Біржан Махатов есеп берді.
Округтің құрамына 9 ауыл және 21 саяжай кіреді. Халық саны 22648 адамды құрайды. Бүгінгі күні Елтай ауылдық округінде ірі 6 өндірістік кәсіпорын жұмыс істеп, округтің 2416 адамын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Инвестиция саласы бойынша Көкөзек ауылында Оңтүстік Кореяның ірі «KT&G» компаниясы өндірістік фабрика құрылысын жүргізуде. Жалпы жобаның құны 90 млрд. теңге және 405 жаңа жұмыс орындарының ашылуы күтілуде. Одан бөлек Исаев ауылында «Фокус» логистикалық кешені салынып, 1200 жаңа жұмыс орындарының ашылуы жоспарлануда. Ағымдағы жылдың соңына дейін 25,0 млрд. теңге инвестиция салынуы көзделген.
Ауылдық округте шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 1535 субъект тіркелген, оның ішінде 1280 жеке кәсіпкер, 254 ауылшаруашылығы нысандары жұмыс атқаруда. Бүгінгі күні аталған салада 7320 адам жұмыспен қамтылған.
Аудан әкімінің халықпен өткен кездесуінде 68 тұрғыннан 25 мәселе көтерілді. Оның 7-і орындалып, 16 мәселе орындалу барысында және біреуі қарастырылуда.
Өзекті мәселелердің бірі – «КВ-67» облыстық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу. Оның жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталды. Одан бөлек Қаратөбе ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталды.
Округте 9 орта және бір бастауыш мектептері бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Көкөзек ауылында 1500 орындық және Елтай ауылында 1200 орындық мектептердің құрылыстары 2024 жылы аяқталып, қолданысқа берілді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 жоба дайындалып, үшеуіне оң жауап алынды. Атап айтқанда, екі адамға мал шаруашылығына, бір адамға сұлулық салонын ашуға, жалпы сомасы 25 млн. 860 мың теңге берілді. Округ тұрғындарын ақпараттандыру мақсатында «Ауыл аманаты» туралы мәліметтер әлеуметтік желілерге таратылып, арнайы маман түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Ауылдық округ бойынша пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық мақсатындағы жер телімдерінің алаңында 211,14 га жайылымдық және 16,39 га егістік жер телімдерінің ақпараты аудандық жер қатынастары бөлімінің қарауына берілді. 2024 жылдың ІІ жартыжылдығында Елтай ауылдық округі бойынша 5 елді мекеннің 8 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Округ әкімінің аппараты мемлекеттік қызметтің 5 түрін көрсетеді. Атап айтқанда: «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру»; «Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру»; «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекеттік меншігінде жер учаскелеріне құқықтарды алу»; «Бұрын жер пайдалануға берілген жер учаскесін жекеменшікке сату»; «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою».
Елтай ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы құрылып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Аталған бұрышта әр азамат «E-gov» электронды үкімет порталы арқылы өзіне қажетті анықтамалар мен басқа да қызметтерді алуға мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні аталған бұрыш арқылы 900 адам электронды қызмет алды.
Отырыс барысында кеңес мүшелері Сағындық Жылқыбаев, Қаныбек Айтжанов, Орынбай Жанәділов, Тұрғанбек Оразалиев, Әмина Абдраманова, Несіпбала Әбділдаева, Ұлтусын Бархинова және кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы сөйледі. Әрбірі сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін айтты. Бұл округтің өндіріс орындары көп екенін, инвесторлар жиі «жағалайтын» жер екенін, сондықтан аудан бюджетіне берері мол екенін атап көрсетті. Сондай-ақ жаңадан өндіріс орындарын ашатындар міндетті түрде округте тіркелуі қажеттігіне назар аудартты. Жиын соңында округ әкімінің ісіне ризашылықтарын білдірді.
Отырыста қаралған мәселе бойынша тиісті шешім қабылданып, жиынды төраға Жанат Исағұлов қорытындылады.
Кеңес мүшелерін жаңа жылмен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.