Адам өмірінде дене шынықтырудың алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты болады. Ата-бабаларымыз айтқан «Тәні саудың – жаны сау» деген қағиданы бекболаттық спортшы қариямыз дәлелдеген сыңайлы.
Яғни, саламатты өмір салтын берік ұстанған, өзіне спортты сенімді серік етіп, үнемі ортақ мүдде орайындағы жақсы істердің басы қасында жүретін Бұлар Мирманов көп жастарға үлгі. Бұлар Алматайұлы – Бекболат ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ол кісі – нағыз спортшы. Бала кезінен дене тәрбиесімен тұрақты түрде шұғылданады. Оның ішінде қысқа қашықтыққа жүгіруден де, марафондық жүгіруден де үнемі алдан көрінген. Биылғы жылдан бастап суда жүзу жаттығуын да өзінің спорттық кестесіне кіргізген. Мұнымен қария аптасына үш рет шұғылданады екен. 2008 жылдан бері түрлі жарысқа қатысып, көптеген бәсекелерде аудан намысын абыроймен қорғаған ардагердің түр-тұлғасы қарап 76 жаста екеніне сену қиын. Тіл-көзіміз тасқа!
Жуырда, Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасының Президенттік тестілерінен жарыс өткізілгені белгілі. Бұл жарыста аудан намысын қорғай барған ішкі істер қызметінің ардагері Бұлар Мирманов төзімділікке жүгіру спорт түрі бойынша бірінші орын алып, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің дипломы мен медаліне ие болды.
Белсенді қарияға тек жеңіс тұғырынан көрініп, әрдайым жастарға осындай үлгі өнегеңізді көрсете беріңіз, демекпіз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.