Жуырда, «Достық» мейрамханасында, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің «Право» қоғамдық қорының қолдауымен, Қаскелең қаласындағы «Шанс» әлеуметтік-психологиялық, кәмелетке толмағандарға көмек көрсету орталығы аймақтық семинар-тренинг өткізді.
Семинарды Қаскелеңдегі «Шанс» орталығының директоры Жұлдыз Қыдырбаева ашып, шараның мақсат-міндеттерімен таныстырды. Аталған жиын «Деструктивті діни ұйымдардың құрбандарымен жұмыс. Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқының алдын алу» атты қазіргі таңда қоғамда белең алған өзекті мәселеге арналыпты. Осы тақырыпты кеңінен тарқата айту үшін психология ғылымдарының докторы, Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі Наталья Фесенко лекция оқыды.
Бұл басқосуға мектеп психологтары, аудандық ювеналды полиция және пробация қызметкерлері арнайы қатысты. Олар бірге қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар мен балаларды әлеуметтік-педагогикалық қолдау, жастар арасында діни экстремизмнің таралуын болдырмау мәселелерін талқылады.
Ал, бір күнге жоспарланған семинардың түстен кейінгі кезеңінде Наталья Федорқызы халықаралық психология ғылымында танымал: Лоза тесті, Карпман үшбұрышы, Сынған терезе және тағы басқа осы сынды теориялардан ақпарат берді. Халықаралық дәрежедегі психолог осы айтылғандар түсінікті болу үшін жиналғандармен бірге аталған теорияларды тәжірибе жүзінде қолданып көрді. Семинар-тренинг соңында қатысқандардың барлығына сертификаттар табысталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.