ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегінде өзінің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында жұмыс істейтін азаматттардың зейнетақы жинақтарын мақсатты түрде пайдалану мүмкіндігін жасау туралы тапсырма берген болатын. 2020 жылдың басында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Заңға өзгерістер енгізуді ұсынды. Осы кезде министрлік 2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ала алады деп мәлімдеді. Осыдан бастап халық арасында көптеген сұрақ туындап, зейнетақыны алу жолдары мен кезеңдері көп талқыланды. Белгілі болғандай, жинақтың бір бөлігін алу үшін азаматтың зейнетақы есепшотындағы ақша көлемі «жеткілікті шектен» асуы тиіс.
Осы сомадан қалғанын олар белгіленген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. Бұдан асқан қаржыны өз еркімен алуға құқылы. Шекті жасы төменгі кестеде көрсетілген.
Осылайша, қоғам талқысына түскен «Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдалану қағидалары» туралы заң жобасы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда шамамен 760 мыңнан астам азамат БЖЗҚ-дағы жинақтаушы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін қажетіне ала алады. Салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс ақшасы болашақта салымшыны жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажет. Сондықтан салымшының есепшотында белгілі бір мөлшерде қаражаттың болуы шарт. Одан асқан бөлігін алуына рұқсат етіледі. «Жеткілікті шек» салымшының жасына қарай белгіленеді.
Салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақ есепшотындағы қаржысының шекті мөлшерден асқан бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беруге құқылы. Сондай-ақ, бірнеше мақсатта пайдалана алады. Атап айтқанда, өзіңізге жеке үй сатып алған кезде кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша толық есеп айырысу. Бұл сатып алу-сату шарты, үлестік қатысу, жекешелендіру, тұрғын үй құрылыс кооперативіне үлестік қатысу, бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау туралы шарттарға; баспана алу үшін ипотека рәсімдеген кезде, зейнетақы қаражатын бастапқы жарна ретінде қолдануға; ипотекалық займ бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге; тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы баспана алу үшін ипотекалық қарыз алуға; қайта қаржыландыруға; тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде ұсынылған сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті толық өтеуге; тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу үшін жақын туыстарының пайдасына беруге; емделуге (көз ауруларын емдеу және ота жасау, косметологиялық және стоматологиялық күрделі ем мен ота жасау) алуға болады.
Осы орайда, салымшы ақшаны қандай тетік арқылы алады деген сұраққа жауап ретінде «Отбасы банкі» АҚ зейнетақы жинақтарын алуға өтініш беруге онлайн-платформаны қосып отыр.
Порталда өтініш беру үшін тек жарамды ЭЦҚ болуы қажет. Портал өте қарапайым болады, онда зейнетақы жинақты қандай мақсатқа жұмсау керектігін айқындап, қолданатын сома көлемін белгілеу қажет. Ақша алынғаннан кейін 45 күннің ішінде қолданылмаса, ақшаның нақты мақсатты бағытқа пайдаланылғанын растайтын құжатты көрсетпесе, онда ол қаражат БЖЗҚ-дағы өз жинағыңызға толық көлемде қайтарылады.
Зейнетақы жинақтары туралы барлық мәліметтер құпия болып табылатындығын және олар «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес салымшының өзіне ғана берілетінін атап өту маңызды.
Қолжетімді сома туралы ақпаратты enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильді қосымшасы арқылы уәкілеті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында мұқият тексеруге кеңес береді.
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығының мәліметінше, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап операторлар салымшылардың нысаналы пайдалану үшін мерзімінен бұрын төлемдерді жүзеге асыруға қатысты 60 мың аса өтінішін қабылдады. БЖЗҚ-ға өтініштердің көпшілігі «Отбасы банк» АҚ уәкілетті операторынан келіп түсті.
Жалпы сомасы шамамен 240,5 млрд. теңгедей болатын 43 737 өтініш (80% пайыздан астамы) өңдеуге қабылданды. БЖЗҚ-ға өтініштер берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде бұл сома салымшылардың «Отбасы банкі» АҚ-дағы арнайы шоттарына аударылатын болады. БЖЗҚ 15 600 өтінішті (20% кем) заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндіктен қабылдамады.
28 қаңтарда БЖЗҚ-ға басқа уәкілетті оператор – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дан да өтініштер түсе бастады. Бес күн ішінде одан 742 өтініш келіп түсті, оның ішінде 650 өтініш өңдеуге қабылданды, 92 өтініш заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбады. Осылайша 25 қаңтар мен 1 ақпан аралығында БЖЗҚ 243,8 млрд теңгеден астам сомаға 44 387 өтінішті кейіннен төлеуді жүзеге асыру үшін өңдеуге қабылдады. Өңдеуге қабылданған өтініштің орташа сомасы шамамен 5,5 млн теңгені құрайды. Өтініш қабылдау әлі де жалғасуда.
Бұрым ОРЫНБАСАР.