Еліміздің ертеңі –білімді де, білгір жастар. Бүгінде қазақ елін өркендетуге үлес қосып келе жатқан жастардың белсенділігі жоғары. Олар еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, сан алуан салада еселі еңбек етіп, жалынды жігерін жақсы істерге жұмсауда. Осындай жастар көптеген қиындықтармен қол жеткізген егемен еліміздің жаңа тарихындағы өзгерістер мен жаңалықтардың куәсі іспеттес. Осы ретте біздің ең ұлық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы орай, өткен аптаның жұмасы күні орталық Мәдениет үйінде Қарасай ауданы әкімінің «Жыл үздігі – 2021» жастар премиясын беру рәсімі өтіп, үздік және белсенді жастар марапатталды.
Жастардың атқарған жұмыстарын бағалап, жетіп жүрген жетістіктерін елге паш ету мақсатында ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан басшысы Жандарбек Далабаев қатысып, белсенділерге тек биік белестерден көрінуде және өмір жолдарында сәттілік тіледі.
– Отыз жыл – халқымыз үшін үлкен белес. Осы уақыттың ішінде біздің елімізде көптеген жақсы өзгерістер болып, талай жетістіктерге қол жеткіздік. Қазақстан әлем танып, жаһан мойындаған іргелі мемлекетке айналды. Сіздердің бүгінгі жеңістеріңіз егемендігіміздің бір айғағы. Осы ретте сіздерді бүгінгі марапаттарыңызбен құттықтаймын. Сіздерге зор үміт артамын және де ұлт мүддесі жолында аянбай қызмет етуге шақырамын, – деді аудан әкімі. Сондай-ақ, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер», «Үздік жас журналист», «Үздік волонтер», «Үздік жас ұстаз», «Үздік жас саясаткер», «Үздік жас спортшы» сынды 19 аталым иелеріне Диплом мен «Жыл үздігі – 2021» статуэткасын табыстады.
Салтанатты рәсімнен кейін «Үздік студент» атанған, «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері Әсемай Тауипбаева сөйлеп, барлық жастардың атынан Жандарбек Ермекұлына және де бүгінгі іс-шарыны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.