Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – жүрегі қазақ деп соққан әрбір қазақстандыққа абыройлы міндет. Тіл саясатын дамыту жолында елімізде түрлі бастамалар қолға алынып жатқан болса, соның ішінде өңірлердегі «Тіл» фестивалінің орны ерекше. Ауқымды шара біздің ауданда да кең көлемде атқарылды. Ұлт бірлігін нығайтуды мақсат еткен айтулы фестиваль аясында осы уақытқа дейін аудан көлемінде, яғни қала мен округтерде түрлі игі шаралар атқарылған болатын. Ал өткен аптада аудандық деңгейдегі қорытынды кеші Шамалған ауылдық Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, тіл жанашырларының үздіктері марапатталды.
Бұл игі шараға «Тіл жанашырлары» сыйлығына үміткерлердің жұмысын бағалайтын облыстан арнайы қонақтар келді. Қадірлі меймандар алдымен Мәдениет үйінің алаңындағы «Өнерлі өлке – Қарасай» атты көрмені тамашалап, Шамалған Мәдениет үйінің ұжымы дәріптеген дәстүрді бағалады. Одан кейін құрметті қонақтарға Іргелі ауылының өнерпаздары ертегі әлемінен сыр шертсе, Береке ауылдық Мәдениет үйінің үйріме қатысушылары «Балалар театры» болып көрініс қойды. Сондай-ақ құрметті қонақтар өнер ошағының фойесінде тіл мәртебесін асқақ ететін «Ғасырлар қойнауында» атты білім мекемелерінің көрмесімен танысып, қолөнершілердің, кітапханашылардың тіл мәртебесін арттыру жолындағы жұмыстарына зер салды.
Ал фестивальдің салтанатты шарасы тіл жанашырларын марапаттау мен концерттік бағдарламаға ұласты. Алдымен қалың көпшілікке байқаудың аудандық кезеңінде жеңімпаз атанған жандардың еңбегін облыс көлемінде бағалайтын қазылар алқасы таныстырылды. Олардың қатарында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастикалық жұмыс және мониторинг бөлімінің басшысы Айбол Нүсіпқожаев, Алматы облысының «Тіл» оқу- әдістемелік орталығының басшысы Қуаныш Амантай және Нұрмаман Оқас, Күлзира Сейітбекқызы сынды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының өкілдері болды.
Көпшілікке қазылар алқалары таныстырылған соң аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек сахна төрінде сөз сөйлеп, арнайы номинациялар бойынша тіл мәртебесін арттыруға үлес қосқан үздіктерді марапаттады. Атап айтқанда, Мемлекеттік тілді дамыту мен танымал етуге елеулі үлес қосқан, оқу және мәдени-ағартушылық бағдарламалардың, әдістемелік құралдардың әзірлеушілері мен жүзеге асырушылары болып табылатын, қазақ тілінің кең қолданылуына бағытталған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысқан үшін «Тіл майталманы» номинациясына Динара Бопатаева лайық деп танылса, облыс және аудан аумағында кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру барысында ұлттық құндылықтарды насихаттауға және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосқан үшін «Тілге жанашыр кәсіпкер» ретінде Қайрат Тағабергеновтің жұмысы оң бағаланды.
«Үздік бейнероликке» келер болсақ, бұл ретте қазақ және орыс тілдеріндегі электронды бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы мәселелерді көтерген арнайы бейнеролик үшін, ана тілдің қадірін ұқтыруға тырысқан біздің әріптестеріміз – аудандық «Naqty» газетінің қызметкерлері, идея авторлары Ерқанат Қожановтың және Жанар Қуанышеваның бірлескен жұмысы үздік болды. Ал өзге ұлт ретінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген Камран Бурсалов «Тіл шебері» атағына ие болды. Жеңімпаздардың барлығы аудан әкімі Жасұлан Естеновтің Алғыс хатымен және арнайы сыйақымен марапатталды.
Концерттік бағдарламада «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің өнері көрерменді ерекше көңіл-күйге бөлесе, «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері «Анамның тілі» әнімен шараның керемет нүктесін қойды. Ал фестивальдың соңында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастикалық жұмыс және мониторинг бөлімінің басшысы Айбол Нүсіпқожаев сөз сөйлеп, Қарасай ауданының тіл жанашырларын құттықтап, еңбектерін жоғары бағалады. Сондай-ақ қыркүйек айында өтетін облыстық кезеңде үздіктердің еңбегі тағы сарапқа салынатынын жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.