Еліміз егемендігін алғаннан кейінгі жылдары көптеген әлемдік, халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда спортшыларымыз биік тұғырға көтерілді. Әлемдік спорт сайыстарында аудан намысын қолдан бермей, көк байрағымызды жеңіс көгінен түсірмей жүр. Қарасай жерінің спорт саңлақтары өткен жылды қорытындылады. Елеулі жетістігімен дараланған Абзал Жұмабаев басшылық ететін аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшы мен еңбегі еленген жаттықтырушылары аудандық Мәдениет үйінде өткен «Жыл үздігі – 2021» салтанатты жиынында марапатталды.
Қарасай спортшылары үшін биылғы жыл жаман болған жоқ. Жерлестеріміз талай дүбірлі жарыстарда көк байрақты аспанда желбіретті. Ал, аталған спорт мектебінің бапкерлері талай Әлем, Азия, Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиелеп шығару үшін бар күштерін салуда. Жиын барысында жаттықтырушылар мен спортшыларға «Үздік спортшы – 2021» номинациясы бойынша мүсінше мен дипломдарды аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Жарасхан Әділханұлы табыс етті. Атап айтар болсақ, олар волейболдан Меруерт Алтынсақа, бапкері Бақыт Иманбеков, футболдан Али Серік, бапкері Абзал Сапарұлы, киокушинкай-кан каратэден Сафия Сапарбек, бапкері Бекжан Батырбекұлы, таэквандодан Бексұлтан Сүндетбай, бапкері Бекзат Аумолдаев аталған номинация иегерлері атанды.
Одан кейін сахнаға облыстық спорт басқармасының басшысы мен аудан әкімінің аттарынан Алғыс хаттарын беру үшін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов көтерілді. Ресми бөлімнен соң шара концерттік бағдарламаға жалғасты. Жас спортшылар жиналғандарға киокушинкай-кан каратэ, таэквандо, тай-бокс спорт түрлерінен өнерлерін көрсетті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.