Қазақстандық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің 80 жылдық мерейтойына орай арналған «ас» кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ол кісінің есімін насихаттау бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, марқұмның отбасына хат жолдап, ескерткіш қоюды ұсынған болатын. Осыған орай мемлекет және қоғам қайраткерінің тарихи отаны – Алматы облысы Кеген ауылында ескерткіш-бюсті орнатылды. Сондай-ақ Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді. Мүсінші Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовтың жасаған туындының ашылу салтанаты аптаның дүйсенбісі күні өтті.
Өнер мектебінің алаңында ұйымдастырылған шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің отбасы мүшелері қатысты. Бюстің ашылу рәсімін Алматы облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов, Болат Нұрғазиев пен саясаткердің ұлы Қайрат Нұрқаділов орындады.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде қайраткердің ел дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, оның еңбегінің ұлт тарихында мәңгі сақталатынын жеткізді: – «Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Сондай-ақ, биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз».
Салтанатты рәсімнен кейін қатысушыларға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы «Не только о себе» атты кітаптың 300 данасы таратылды.
Естеріңізге сала кетейік, Заманбек Нұрқаділов – қазақстанның саяси және қоғам қайраткері, Алматы, Алматы облысының экс-әкімі, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігінің бұрынғы басшысы. 1944 жылы 15 қаңтарда Алматы облысы, Кеген ауылында дүниеге келген.
Ол 2005 жылы үйінде өлі күйінде табылды. Тергеу кезінде үш оқтың екеуі денесіне, біреуі басына тигені мәлім болды. Ресми дерек өлімнің себебі суицид деп қорытынды шығарылды. Бірақ қоғам мен марқұмның жақындары бұл ақпаратқа сенбеді.
Өз тілшіміз.