Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы кейінгі жылдары жас әрі ынталы мамандар мен жаңа заманауи құрал-жабдықтар санын көбейтіп, диагностикалық, емдік-инновациялық тәсілдерді енгізіп, жасалатын оталар деңгейін көтеруді қолға алған. Әсіресе, облыстық және республикалық дәрежедегі күрделі оталарды өткізуді жетілдіруде. Мәселен, соңғы бірнеше жылда көптеген мықты медициналық мекемелерден кәсіби мамандар шақырылып, тәжірибе алмасу жұмыстары арқылы аурухана базасында бірқатар жауапты оталар жасалды. Сондай операцияның бірі өткен аптада да өткізілді. Қарасайлық хирургтар А.Н.Сызғанов институтының мамандарымен бірігіп, аурухана базасында алғаш рет жүрек пен өкпе артериясы арасында пайда болатын патологияны жою бойынша күрделі ота жасады.
Анығырақ айтқанда, өткен аптаның жұмасы күні орталық ауруханаға озық, заманауи технологиялар бойынша емдеу-диагностикалық көмек көрсететін еліміздегі жетекші көпбейінді медициналық мекеме болып саналатын А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығынан мамандар келді. Олар аурухананың эндоваскулярлық хирургия бөлімінің дәрігерлеріне арнайы шеберлік сыныбын өткізді. Оған аудандық дәрігерлерден бөлек, Алматы облыстық аурухана мен Алматы қаласындағы кардиохирургия орталығының дәрігерлері қатысты.
Тәжірибе алмасу шарасы екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде ғылыми хирургиялық орталығының кардиохирургия бөлімінің аға дәрігері, интервенциялық кардиолог және эндоваскулярлық хирург Ержан Әбілханов «Коронарлы-өкпелік фистуланы эндоваскулярлық емдеу» тақырыбында жасаған презентациясын таныстырды. Маманның айтуынша, жалпы коронарлы-өкпелік фистула (КӨФ) – жүректің сирек кездесетін туа біткен немесе жүре пайда болған ақауы. Ол патология ретінде коронарлық артерияның бір тармағының өкпе артериясына, жоғарғы қуыс венаға, коронарлық синусына, сирек кезде сол жақ жүректе туындайды. Клиникалық көрініс фистула көлеміне және оның санына байланысты. Егер фистула байқалатындай үлкен болса, бір немесе екі қарыншаның айтарлықтай шамадан тыс жүктемесі байқалады, кейіннен жүрек жеткіліксіздігі дамиды және миокард ишемиясының белгілері байқалады.
Бұл жағдайда коронарлық артерия мен өкпе артериясы арасында патологиялық байланыс қалыптасады. Ғылыми деректерге сүйенсек, КӨФ жүректің барлық туа біткен ақауларының шамамен 0,2-2%-ын құрайды және коронарография жасалған науқастардың 0,1-0,2%-ында анықталады. Көп жағдайда ол кездейсоқ анықталады. Алайда оның көлемі ұлғайған кезде жүрек ишемиясы, жүрек жеткіліксіздігі, аритмия және өкпе гипертензиясы сияқты асқынуларға әкелуі мүмкін. Осы ретте емдік шараларын жүргізгенде өте абай болу керек.
Аурудың пайда болуы мен емдеу жолын түсіндірумен қатар эндоваскулярлық хирург өзінің тәжірибесінде болған бір-екі науқастың ауруы, ота барысын, ота кезінде пайдаланған әдістерін, кейінгі нәтижесін толыққанды айтып, мамандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Шараның бірінші бөлігіндегі көрсетілген ақпаратты іс жүзінде бекіту мақсатында жоғарыда айтылып өткен патология бар науқасқа ота жасалды. Онда коронарлық және өкпе артериялары арасындағы патологиялық байланысты жоюдың заманауи тәсілі – фистуланы эмболизациялау әдісі көрсетілді.
Операция үлкен рентген аппараты орналасқан бөлмеде жергілікті анестезияны қолдану арқылы өтті. Оны аудандық аурухананың эндоваскулярлық хирургия бөлімінің меңгерушісі, кардиохирург Орынбасар Тайманұлы А.Н.Сызғанов институтынан келген интервенциялық кардиолог және эндоваскулярлық хирург Ержан Әбілхановтың бақылауымен жасады. Ота барысында хирург науқастың жамбасынан шағын тілік жасап, жанбастағы артерия арқылы арнайы шиыршық (спираль ) өткізіп, эмболизация жүргізді.
Осылайша бұл күні ұқсас патология бар үш науқасқа сәтті ота жасалды.
Дәрігерлердің айтуынша, заманауи эндоваскулярлық технологиялар күрделі жағдайларда да пациенттің жағдайын тез әрі клиникалық тұрғыдан жақсартуға, сондай-ақ аз жарақаттылығы және ашық хирургиялық араласудан бас тартуға мүмкіндік береді. Ал мұндай отаның аудандық ауруханада жасалғаны алдағы уақытта қан айналымы жүйесі ауруларымен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға және емдеудің инновациялық әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
