Кеше Шамалған ауылдық округінде «Сервистік әкімдік» жобалық ғимаратының салтанатты ашылуы болды. Жаңа бастаманың тұсау кесеріне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев пен аудан әкімі Жандарбек Далабаев қатысты.
Жергілікті халыққа қажетті мемлекеттік қызметтерді көрсететін мекемелер осы сервистік әкімдікте орналасқан. Салтанатты жиында Серікбай Өрікбайұлы жиналғандардың алдында бұл бастама азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауға негізделіп, қысқа уақыт аралығында қажетті қызметті алуға көмектесетінін алға тартты. Сондай-ақ, тұрғындарға елдімекеннің әр жерінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ қажетті қызметтерді бір ғимараттың ішінде алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сервистік әкімдіктің тағы бір ерекшелігі – бөлімшелердің «Open space» қағидасы бойынша жасалуында. Өз кезегінде сөз алған аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы мұнда аудан әкімдігімен тікелей байланысқа шығып, ақпарат алатын арнайы орын да қарастырылғанын айтты. Одан бөлек, ғимараттың ішінде халыққа қажетті барлық жағдай жасалған. Яғни, күту залында ыңғайлы орындықтар, кондиционер, диспенсер мен ақпараттық теледидар орнатылған. Ал, балаларымен келген азаматтардың да жағдайы назарға алынып, арнайы ойын бөлмесі де ойластырылып қойылған. Ол бөлменің қасында ауылдың ақсақалдар алқасына бөлінген кабинет те бар.
Жалпы, қысқаша қорытындыласақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы міндеттер осы заманауи ғимараттың қабырғасында жүзеге асуда. Айта кеткен жөн, бұл бастама облыс бойынша ауылдық әкімдіктердің ішінде ашылған алғашқы нұсқа болып отыр.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.