Бүгінде кәсіп бастаймын деген жанға сонау 10 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл. Сол кейінгіге көз жүгіртетін болсақ, бизнес туралы түсінік те, қазіргідей қолдау да жеткіліксіз еді. «Кәсіпті қалай бастаймын, кімге барамын?» – деп бас қатырып, несие тағайындайтын банктердің мөлшерлемесі жоғары болса да, нар тәуекелге бел буып, кейін ашқан кәсібін дамыта алмай, дағдарысқа ұшырағандардың қатары көп болғаны жасырын емес. Ал қазіргі таңда сан саланың сырын ашып, бағыт-бағдар беретін маман да, қаржымен демейтін мемлекеттік бағдарламалардың да қарасы көп. Сол мүмкіндіктерді нәтижелі қолдана білгендердің бірі – Бекболат ауылының тұрғыны Салима Бастасова. Өз ісін «әуесқойлық емес, мамандығым» дейді. Әңгімеміз де осы кәсібі туралы өрбіді.
Кейіпкеріміз 1990 жылы Қаскелең қаласында дүниеге келіп, 2007 жылы Бірінші Май орта мектебін тәмамдаған. Одан кейін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне «аударма ісі» мамандығына түскен. Өмірдің қай арнаға бұратыны белгісіз емес пе?! Сол жылдары болашақ жары Нұрбек Бастасовты жолықтырып, шаңырақ көтерді. Аяулы жар, үлгілі келін атанған Сәлима жыл өткен сайын ана болу бақытына кенеліп, үй тіршілігімен қатар бала тәрбиесін де алып жүрді. Алланың берген бағы емес пе, Малика қызынан кейін ұлы Мүслімді дүниеге әкелді. Осылайша жас отбасының несібелері одан әрі арта түсті. Одан кейін Фатиха, Ибраһим есімді балапандарды дүниеге әкелген Салиманың жұмысқа орналасуға реті болмады. Десе де ол үйден отырып-ақ табыс таба бастады. Ол жылдары көпшілік компьютер тілін меңгермегендіктен мақала, өлең, тексттерді теріп беру сұранысқа ие еді. Икемі мен жеделдігі тез кейіпкеріміз дәл осы қызмет түрі бойынша алғашқы табысына қол жеткізген. Жолдасы Нұрбек болса фотограф болатын. Ол нағыз шығармашыл адам ретінде жақсы, сәтті кадрларды түсіріп, керемет дүние жасаудың шебері еді. Сонымен қатар, түрлі фотобағдарламаларды меңгеріп, студияларда жұмыс істеп, тойларға да фотограф ретінде шығып қосымша табысын арттыра түсті. Ал, өз кезегінде бір орнында тұрып қалмауды ойлаған Сәлима қолда бар дүниемен жұмыс істеп, өз біліктілігін жетілдіргісі келді. Осылайша ғаламтор желісінен алғашында 990 теңгеге курс оқып, той кәделерін жасауды меңгеріп алады. Осы салада жүрген Нұрбектің сол кезде фотоаппараты да, түрлі-түсті фото шығаратын принтері де бар болатын. Мұны өз пайдасына асырған кейіпкеріміз, Инстаграм парақшасы арқылы тапсырыстарды біртіндеп қабылдап, алыс-жақын ауылдардың арасында «сарафанды радио» арқылы тұрақты тұтынушыларын жинай бастады.
– Соңғы уақытта тойлар мен мерекелік шараларда арнайы қатты қағаздағы жазулармен безендіру, бонбоньерка, яғни, шағын сый салуға арналған қораптар тарату трендке айналды. Әдемі безендірілген кішкентай қорапшаға кәмпит, шоколад немесе шай салынады. Қорапшаның түсі, көлемі мен безендірілуі той иесінің қалауына байланысты. Әр тойға арнап әртүрлі ерекше тойбастар ойлап шығаруға болады. Мысалы, кәсібімнің басқалардан бір айырмашылығы, сәбидің бір жасқа толуын мерекелейтін ата-аналар келгенге оларға менің қолыммен жасалған сабынды сыйлап жатамын. Сабын ұйықтап жатқан сәби немесе періште пішінінде жасалады. Оның құралдарын арнайы Алматы қаласынан алдыртамын. Сонымен қатар тәттілерге, ақша жинайтын қорапшаларға, кілттерге арналған салпыншақтарға да арнайы жазумен тапсырыс аламын. Тапсырыс өте көп түседі. Себебі бағасын да қолжетімді етіп қоямын, — дейді ісмер келіншек.
Осылайша сүйікті хоббиін кәсібіне айналдырған Сәлима одан әрі жетілдіріп, дамытсам деген мақсат қояды. Алғашқы қаржыны қайдан тапсам деген ойда жүргенде ғаламтор желісіне бүгінгі таңда, мемлекет тарапынан әлеуметтік белгілі тобына жататын адамдарға, оның ішінде көпбалалы аналарға жақсы көңіл бөлінетіндігінен хабардар болады. Алдыңғы кезекте ол аудандық Жұмыспен қамту орталығына барып кеңес алған. Ондағы қызметкерлер бизнесті бастау бойынша толық ақпараттандырып, Сәлиманы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына бағыттайды. Ол аталған мекемеде алдымен іскерлік әлемінің қыр-сырына қанығу үшін қазіргі жағдайға байланысты 21 күндік онлайн курстан өтеді. Қолына сертификаты тиген соң аудандық Жұмыспен қамту орталығы арқылы бизнес жобасын құрып, өз кәсібін арнайы құрылған комиссия мүшелерінің алдында қорғайды. «Өзімнің осы салада нақты жұмыс істейтінімді білдіру үшін, екі себетке барлық жасайтын бұйымдарымды салып алдым. Сондықтан комиссия мүшелерінің маған көп сұрағы болған жоқ. Олардың барлық сұрақтарына нақтылы жауабымды бердім деп ойлаймын», – деді өз сөзінде болашақ кәсіпкер. Көп күттірмей бизнес жоспарды қорғау болған күні кешкісін өзінің грант иегері болғанын естиді. Нәтижесінде ол ұлттық жоба аясында мемлекеттік бағдарламасы бойынша 400 айлық есептік көрсеткіштегі қайтарымсыз грантқа ие болды. Қайтарымсыз қаржыға түрлі-түсті фото шығаратын принтер, сублимациялық аппараттар, кескіш (резак), мұқабаны тыстау (переплет) және де төсбелгілер басып шығаратын құрал-жабдықтарды, ұшып тұратын шарды үрлейтін гелий баллонын сатып алды. Осыған үйде тапсырыс қабылдап жүрген Сәлиманың мынандай жабдықтарды үйге орналастыру мүмкіндігі болмады. Сондықтан Шамалған ауылынан 70 шаршы метр ғимаратты жалға алып жұмысын бастаған. Жас кәсіпкер келіншектің бұл жұмысына жолдасы Нұрбек те қолдау білдіріп, өзінің көлігін сатып, ғимараттың ішіне басқа кеңсе тауарларымен толтырды. Қазіргі таңда ол өзінің кәсібінің атын «Інжу» фотосалоны деп атап, замануи сұранысқа сай барлық қызмет түрлерін ұсынуда. Сонымен қатар, Аянат есімді қызды жұмыспен қамтып отыр.
— Тапсырыстарым өте көп, бәріне үлгеруге тырысамын. Қазіргі таңда бала күтімімен демалыста отырмын. Бес баланың анасымын. Менің кәсібіме үлгеруіме үлкен қолдау білдіріп, көмек көрсетіп отырған — менің үйдегі ата мен енем. Олар болмаса, менің бұлай барлығына бірдей үлгеріп жүруім екіталай сияқты. Балаларды қарап, үйдегі шаруаларға да көмектерін аямайтындарына үлкен рақметімді де айта кеткім келеді. — дейді Сәлима.
Үйде отырып, кәсіп ашуды ойға алған келіншектерге кейіпкеріміз батылдықты бойға жинап, әрекетке кірісуге кеңес береді. «Сүйікті істі табыс көзіне айналдыру қажет» деп санайтын Сәлима ертеңгі күнге құрған жоспарлары да үлкен. Баннер шығаратын үлкен құрылғыны алуды мақсат етіп отыр.
— Әрине, алғашқыда іс ашу үшін бойда қорқыныш болады. «Бастаған іс жүрмей қалса, сұраныс болмаса, қолымнан келмесе» деген ой үнемі мазалап, кері тартып тұратыны бар. Мен де бұның бәрінен өттім. Бірақ егер адам қолға алған ісін сүйіп істесе, тиянақтылық пен шыдамдық танытса, істің өрге басары да анық. «Ал немен айналысамын?», – деген сұраққа келер болсақ, үйде отырған мен тәрізді келіншектер әлеуметтік желіні ақтарып қараса, түр-түрі шығады. Осы ретте аудандық Жұмыспен қамту орталығына, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалына алғысымды білдіргім келеді. Біз білмейді екенбіз ғой мемлекет тарапынан қаншама көмек түрлері бар екен. Соның бірін пайдаланып, бүгінде мен де кәсібімді ашып отырмын, — дейді кейіпкеріміз.
Жоғарыда айтқан кейіпкеріміздің кәсібі тек мемлекет тарапынан көмек алып отырған жалғыз адамның жетістігі. Биылғы жылы Сәлима сынды еңбекқор жандарға мұнан да зор мүмкіндіктер мен түрлі бағдарламалар ұсынылмақ.
Бұрым ОРЫНБАСАР.