Шамалған ауылының маңайында 2000-2500 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы ашылды. Бұл жобаны Жамбыл облысы, Қордай ауданында тіркелген «Дәурен-ай» шаруа қожалығы жүзеге асырып отыр. Оған жетекшілік етуші – ауылшаруашылығы саласында 30 жылдық тәжірибесі бар маман, «Ауыл» партиясынан Қордай аудандық мәслихатының депутаты Жайық Манасбаев. Ал аталған шаруашылыққа «ДАМУ» қоры арқылы 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған.
Алдағы уақытта бұл мал өсіруші алаң Қарасай ауданының ғана емес, Алматы облысының экономикасын артуына зор үлес қоспақ.
Мал бордақылау алаңының ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Алматы мен Жамбыл облыстарының мәслихат депутаттары, «Ауыл» партиясының облыстық филиалдарының төрағалары, сондай-ақ аталған қос облыстық ауылшаруашылық басқармаларының өкілдері қатысты.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, шара барысында алдымен аузы дуалы ақсақалдар баталарын беріп, игі іске тілекші екенін білдірді. Одан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Ерболат Саурықов пен Анас Баққожаев, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов және Қордай ауданының бұрынғы әкімі Болатбек Байтөле бастаған құрметті қонақтар сөз сөйледі.
Ерболат Саурықов өз сөзінде бүгінде көбісі ауылдан шыққанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде тұрғындардың 40 пайызы ауылда, 60 пайызы қалада тұрады. Бірақ, соған қарамастан, бәрібір ауылдың орны бөлек, ол қалалықтардың жүрегінде қала бермек.
«Елімізде ауылды дамыту бағытында біраз жұмыстар атқарылуда. Соның бірі ретінде көпке үлгі болған кәсіпкер Жайық Есмұратұлының ісін айтуға болады», – деді ҚР Парламентінің депутаты Ерболат Байұзақұлы.
Әріптесінің дәл осы сөзін Анас Баққожаев та қолдап, мұндай бірегей жобалардың болашағы зор екенін, мемлекетке пайда әкелетінін жеткізді.
Ал аудан әкімінің орынбасары Адис Жаратбекұлы өз кезегінде бұл шаруа қожалықтың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуге, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық базасын арттыруға септігін тигізетінін жеткізіп, жалпы жобаның әлеуметтік-экономикалық мәні зор екеніне тоқталды.
Бұл шарада мал бордақылау алаңының ашылуына себепкер болған кәсіпкер Жайық Манасбаевтың еңбегі мен өзі жайлы да айтылды. Ол туралы Қордай ауданының бұрынғы әкімі Болатбек Байқонысұлы сөз етіп, кәсіпкер азаматтың туған жерінде атқарған жұмысын еске алды. Сондай-ақ оның жомарттығын атап өтіп, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге дайын атымтай азаматтардың бірі екенін айтты.
Сөз сөйлеген құрметті қонақтардың барлығы мұндай жобалардың сәтті жүзеге асуына мал шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, «Ауыл» партиясы кәсіпкерлері мен белсенділерінің үйлестірілген жұмысы, жергілікті атқарушы органдардың көмегі де ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Одан кейін шараға арнайы келген меймандарғы төрт қорада ұсталған ірі қара малдың барлығы таныстырылды. Әзірге мұнда 1500 бас ғана бар, ал бордақылау алаңының өзі 2500 басқа есептелген.
Шаруа қожалықта қазіргі уақытта сегіз адам жұмыс істейді. Оларға барлық жағдай жасалған, тіпті заманауи үлгіде тұрғын үйлері салынған. Сондай-ақ үлкен алаңда бума-бума шөптер мен сабандары бар жем-шөп базасы ойластырылған.
Мал бордақылау алаңының салынуына себепші болған Жайық Манасбаев жайлы айтар болсақ, ол 1962 жыл Жамбыл облысы, Қордай ауданының Керу ауылында дүниеге келген. 1969-1979 жылдары жергілікті орта мектепті бітірген. 1979-1984 жылдары Қазақ Ауылшаруашылық институтын бітіріп, «инженер-энергетик» мамандығын алды.
Еңбек жолын институтты бітіргеннен кейін Қордай ауданындағы «Райсельхозэнерго» мекемесінде учаске бастығы болып бастаған. Одан кейін Германиядағы (ГДР) әскери бөлімде бас энергетик, «Қордай жеміс-жидек» мекемесінде директордың орынбасары болды. Ал 2002 жылдан бүгінгі күнге дейін «Дәурен-ай» шаруа қожалығына жетекшілік етіп келеді. Оның бұл кәсіпті жүргізуіне әйелі, екі ұлы мен бір қызы қолғабыс етіп келеді.
Жайық Есмұратұлы 30 жылдан астам ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Сондай-ақ ол «Ауыл» партиясынан Қордай аудандық мәслихатының депутаты, Қордай ауданының Құрметті азаматы.
Ал Қарасай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаевтың айтуынша, қазіргі таңда «Дәурен-ай» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы аудандағы ең ірісі болып табылады. Одан бөлек ауданымызда «Жетісу» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде заманауи үлгідегі сүт-тауар фермасы салынуда. Бұл жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард теңге инвестиция тартылуда.
Жалпы айтқанда, біздің ауданда мал шаруашылығы табысты дамып келеді. Бұл біздің өңірдің де, жалпы еліміздің де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізуде.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.