Жуырда, Талдықорған қаласының Көрме орталығында «Ұлы Дала хикаялары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Алматы облыстық өңірлік коммуникация қызметі.
Аталмыш шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Алматы облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Көрмеге қолынан өнер тамған 12 суретшінің жүзден астам туындылары қойылды. Олар Алмагүл Меңлібаева, Сәуле Сүлейменова, Рашид Нұрекеев, Асхат Ахмедьяров, Сәуле Дүйсенбина, Әлібай Бапанов, Молдақұл Нарымбетов, Виталий Симаков, Саид Атабеков, Смаил Баялиев, Арыстанбек Шалбаев. Бұлар заманауи өнердің негізін қалаған жарқын идея мен сүбелі ойға толы азаматтар. Сонымен қатар, шараға өнер тапқыш дарын иелерімен бірге ғылым докторы, өнертанушы кураторлар Юлия Сорокина Лиза Ахмади да қатысты.
Айта кетсек, бұл Қазақстан бойынша алғаш рет өткізіліп отырған ауқымды жоба. Көрмені тамашалауға қатысқан жандар ұлтымыздың бірегейлігі мен тұтастығын сақтап тұрған ұлттық нақыштағы өнер туындыларымен танысты. Заманауи өнер туындылары бір арнада тоғысып, қазақ халқының мәдениетін асқақтататын көрме 13-ші тамызға дейін жалғаспақ. Көрме барысында әртүрлі тренингтер ұйымдастырылады.