Жаһандану заманында жаңа технологияны еркін меңгерген ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болмас. Олар – ұлттың ұлылығын әлемге әйгілі ететін елдің тірегі. Біз үшін дамыған, озық 30 елдің қатарына кіруге біріккен күш, жеңісті жетістік пен ұшқыр ойлы білімді жастар қажет. Ал, олардың қатарын арттыру үшін меткеп қабырғасынан бастап дұрыс бағыт-бағдар беру міндеттелуі тиіс.
Елбасы өзінің былтырғы Жолдауында Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсарған болатын. Соның аясында бүгінгі таңда біраз жүйелі жобалар іске асырылып, танымды дүниелер көптеп артылуда. Жалпы айтқанда, цифрландыру бағдарламасы жан-жақты үздіксіз білім беруге де ықпалын тигізуде. Оған дәлел ретінде ауданымыздың орталығында орналасқан Сулеймен Демирел университетінің базасындағы «робототехника мектебін» айтуға болады. Өткен аптаның сенбісінде осы шағын жобаның аталмыш білім ошағында тұсауы кесіліп, салтанатты ашылуы өтті. Қарасайлық оқушылар алғашқы сынақ тапсырушылардың бірі болып, білімдерін сынап та көрді. Ал, аудан әкімдігі мен білім бөлімі ақпараттық қолдау көрсетіп, ашылу сәтіне куә болды.
«Робототехника мектебі» Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жас жеткіншіктердің цифрлық сауатын арттыруды көздейді. Бұл білім алу кешені әсіресе, ауданымызға қарасты ауыл округтері мен Қаскелең қаласының оқушыларына арналып ашылған. Жобаның қалыптасуына мұрындық болған Сулеймен Демирел университеті мен RobotX IT мектептер желісі. Мұнда білім алушылар мектептен тыс IT саласының түрлі бағыттары бойынша ой-өрістерін дамыта алады. Оның ішінде робототехника, компьютерлік бағдарлама, анимациялау, 3D модельдеу, логикалық бағыттағы сынақтар сияқты түрлі сабақтар бар. Бұлардың барлығы қазақ тілінде оқытылып, жаңа технологияны толықтай меңгеріп шығатындай оқу әдістемелері қарастырылған.
– Біздің мақсатымыз – 7 мен 17 жас аралығындағы мектеп оқушыларын жастайынан компьютерлік білім алуға, ойын ұшқырлап, логикасын шыңдауға өз үлесімізді қосу. Заманауи технологияларды меңгерген ұрпақ көштен қалмай, еліміздің көркеюіне үлес қосатынына сеніміміз мол. Бізден түлеп ұшқан түлектер келешекте өз мамандықтарын жаңылыспай табатын болады, – дейді жоба жетекшісі Мирас Долаев.
Сондай-ақ, «робототехника мектебінің» ұжымы алдағы уақытта білім алушыларды республикалық және халықаралық деңгейде IT саласындағы жарыстарға қатыстыру ниеттері бар екенін жеткізді. Ол байқауларда бақ сынаушыларды дайындайтын осы университеттің «Инженерлік және жаратылыстану» факультетінің оқытушылары мен түлектері.
Ақылды, әрі өркениетті жеткіншек қалыптасу үшін осындай бағыты айқын, болашағы бар, тәрбие мен тағылымы мол мектептер көптеп ашылса, баланың білім кеңістігі кеңейе түсері анық. Ал, білімді ұрпақ – елдің ертеңі.
Дидар МУХАМАДИЕВ.