Камераның алдында тұрып, қалың көрерменге тек студиядан ғана емес, сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпірінен маңызды ақпарат жеткізіп отыратын журналистке жүктелетін жауапкершіліктің тым салмақты екенін айтпаса да түсінікті. Біздің жерлесіміз Алмалықбақ ауылының тұрғыны, журналистика саласына өмірінің 20 жылын арнаған Рауан Қалибаев – бүгінде қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті талап ететін осы салада еңбек етіп, оның жауапкершілігі мен ауыртпашылығын абыроймен көтеріп жүрген журналистің бірі. Алдағы БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында сіздерді осы бір тамаша журналистің өмірі мен еңбек жолымен таныстырамыз.
Рауан Бақытжанұлы – қазақ телевизиясындағы белгілі журналист, еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап жұмыс істеп келе жатқан «СТВ» арнасының бас редакторы, журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен майталман. Ол 1980 жылы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Әкесі Бақытжан Қалибаев ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ал, анасы Райхан ұстаз, өмірін балаларына арнаған аяулы жан. Сондықтан болар, көзі ашық, көкірегі ояу отбасында дүниеге келген Рауанның әрбір іс-әрекеті тиянақты, ашық және жарқын мінезді болып өседі. Журналистика саласына да әрнәрсені біліп, көруді ұнатқандығынан келді десек те болады.
– Мен жасөспірім кезімнен журналист болуға тас түйінген адаммын. Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезімде теледидардан бір өте қызықты репортаж көрген едім. Сол репортажға қарап отырып, бұл салада жүрген адамдардың өмірі қаншалықты қызықты екендігін және олардың көпті біліп, көпті көретіндігін ұғынған сәтте өзімнің болашақта тілші болғым келетіндігімді бірден түсіндім. Жас тілші ретінде қолыма қаламды да мектепте жүргенде алдым. Ең қызығы, алғашқы мақаламды бүгін, міне, мен туралы мақала шығарып отырған бір ғасырға жуық тарихы бар «Заман жаршысы» газетінде жариялаған едім. Бұл менің журналистік жолымның басы деп айтсам болады, – дейді кейіпкеріміз.
Журналист боламын деп шешкен сәттен бастап Рауан болашақ мамандығына дайындалу мақсатында теледидардан жаңалықтарды тыңдап, кітаптарды, газет пен журналдарды, мақалаларды көп оқи бастайды. Сол қызығушылығының арқасында мектебінде орыс тілі мен орыс әдебиетінен өтетін олимпиадаларға белсенді түрде қатысып, көптеген байқауларда жетістіктерге жетіп, бірқатар басылымдарда мақалаларын жариялаған.
Арманшыл жас орта мектепті тәмамдаған соң, Алматыға жол тартып, көптеген беделді қазақ журналистері оқыған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түседі. Ондағы мақсаты – өзінің журналист болсам деген көкейіндегі көптен жүрген ойын жүзеге асыру.
Университетте әртүрлі басылымдарға мақала жариялап, біліктілігін арттырып отырған. Төртінші курста оқу практикасымен «Рахат ТВ» (бүгінде «СТВ») арнасына барып, сол жерден іс-тәжірибеден өте бастайды. Жас та болса жалыны мол жігіттің талабын байқаған арна басшылығы оны штаттан тыс журналист ретінде жұмысқа алып, оны мамандыққа тереңірек икемдей бастайды. Содан бастап оған оқу мен еңбекті ұштастырып, өзіне көрсетілген сенімнен шығу үшін бүкіл қажыр-қайратымен тынымсыз еңбек етуге тура келеді. Кейін ол аталмыш арнаға штаттық журналист болып орналасады. Бұл, әрине, жоғары оқу орнын енді ғана тәмамдаған жас маман үшін үлкен өмір мектебі еді.
Бұл жерде ол тәжірибелі мамандардан тележурналистиканың қыр-сырын үйреніп, камера алдында жұмыс жасауды, дұрыс сөйлеу шеберлігін қалыптастырды. Жиырма жылдан астам осында еңбек етіп жүріп, спорт, қылмыстық, жаңалықтар сияқты әртүрлі бөлімдерде қызмет етеді. Еліміздің өзге аймақтарына, президенттік делегация қатарында Мәскеу, Германия, Бельгия, Египет, Иордания, Корея, Қырғызстан сияқты мемлекеттерге сапарға барып, сол жақтардан елімізге маңызды жаңалықтарды дайындайды.
– Көрнекті журналист-жазушы Кәкімжан Қазыбаев ағамыз айтқандай, журналистің жолаушылап жүрмейтін жолы, бармайтын елі, жері жоқ. Мен де журналистік қызметімнің арқасында Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ, өзге елдердің жерлерін аралап, көп адамдардың өмір жолдарымен таныстым. Өзім естімеген, білмеген, көрмеген нәрселермен жақыңырақ таныстым. Бұл журналистика саласының жақсы жағының бірі деп айтсақ болады. Бірақ, мен бұл салаға ең бірінші кезекте қоғамға өзімнің пайдамды тигізу үшін келдім. Жұмыста бір түсінгенім, өзінің жазған мақаласы, түсірген репортажы арқылы журналист адамдарда туындаған көптеген мәселелерді шешуге үлкен үлесін қоса алады. Міне, мен үшін аталмыш мамандықтың маңыздылығы да, артықшылығы да осы, – дейді ол.
Жұмысын қатардағы журналист ретінде бастаған Рауан бүгінде білдей бір «СТВ» арнасының бас редакторы қызметін абыроймен атқаруда. Жеткен жетістіктері жетерлік болғанымен, ол осы жолда тоқтамай әлі де өзінің телекөрермендеріне сапалы, қызықты жаңа бағдарламаларын сыйға тартып, халықты сапалы жаңалықтармен қамтып отыруды көздейді.
– Журналистика мамандығы, әсіресе, оның ішіндегі телевидение саласы бір сәтте миллиондаған адамды қамтып, ақты ақ, қараны қара етіп көрсетіп, сан алуан хабар тарату құдіретіне ие. Ал, онда қызмет істеу мен үшін ең үлкен мақтаныштың бірі. Әрине, жауапкершілігі де жетіп артылады. Бірақ та, оның бәріне қарамастан журналистика ең маңызды да әрі ең қызықты саланың бірі болып табылады. Сондықтан да осы уақытқа дейін журналист бола жүріп, қаншалықты қиындық көргеніммен, бұл саладан кетуді ойлаған емеспін, – дейді Рауан тағы да.
Біздің кейіпкеріміз тек кәсіби маман емес, сондай-ақ, бос уақытын отбасымен, ағайын-туыстарымен және достарымен өткізуді ұнататын жан, жақсы жар, ардақты әке. Сондай-ақ, оның жаны тыныштықта отырып кітап оқуға құмар. Көбіне Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжапов, Мұхтар Мағауин сияқты қазақтың тамаша ақын, жазушыларының шығармаларын ұнатады. Иә, Рауан Қалибаев бүгінде экранда эстетикалық, әрі этикалық тұрғыдан жастар еліктейтін дәрежеге дейін көтерілген. Ол көгілдір экранда өзін еркін, тартымды ұстап, жаңалықты сенімді жүргізетіндігімен көпшілік көрерменнің көңілінен шығуда. Бүгінде телевизия саласында өзіне тән мәнерін, өз жолын, өз соқпағын қалдырып келе жатқан журналистердің бірі.
Журналистиканың даңғыл жолында еңбек етіп жүрген Рауан Қалибаевқа жетістіктер мен шығармашылық табыс тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.