19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар – ең қауіпті мамандық иелері. Олар үнемі өмір мен өлімнің арасында арпалыста жүреді. «Бейбіт күннің батырлары» атанған бұл мамандық иелерінің арқасында бүгінгі күні талай адам өлімнен, қиын жағдайлардан аман қалып жатыр. Осынау қиын да күрделі салада еңбек етіп жүргендердің бірі – Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Қаскелең қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау старшинасы Еділ Имашев. Оның өрт сөндіруші атанғанына 15 жылдан асқан.
Еділ Бахытұлы Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Қасымбек атындағы орта мектепті аяқтаған. Ал 2006-2008 жылдары Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскерінде Отан алдындағы борышын өтеген. Сала бойынша ең алғашқы еңбек жолын Қаскелең қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінен жүргізуші лауазымынан бастаған. Қазіргі уақытқа аталған бөлімде аға өрт сөндіруші болып қызмет атқарып келеді.
– Өрт сөндіруші – жүректілікті қажет ететін мамандық. Бұл саланы кез келген адам таңдамайды. Біздің қызметте өжеттік, батылдық пен төзімділік қажет. Менің өрт сөндіру қызметінде жүргеніме он бес жыл болды. Мамандығым өзіме ұнайды. Елге қызмет етуге әрқашан дайынмын. Біз қандай жағдай болмасын, сақадай сай болуымыз керек. Сол себепті тәулік бойы жаттығамыз, ғимараттың іші мен сыртында жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындаламыз, – дейді өрт сөндіруші Еділ Имашев.
Қызметінде үздік азаматтық қорғау старшинасы Е.Имашевтің ісіне деген адалдығы, кәсіби біліктілігі әріптестеріне үлгі болып келеді. Ал оның жыл басындағы ерлігі тек жас өрт сөндіруші мамандарға емес, жалпы көпшілікке өнеге боларлықтай. Отанға деген сүйіспеншіліктің, антқа адалдықтың айнымас үлгісін көрсеткен майталман маман ретінде бірнеше рет көзге түскен. Соның бірі – Абай облысында орын алған орман өртін жою кезінде табиғатты және адамдардың өмірін қорғауда көрсеткен ерлігі. Ол осы бір міндетін мінсіз атқарғаны үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің қолынан Алғыс хат алды. Бұл ісін ерлік емес, азаматтық және қызметтік борышы деп білетін Еділ Бахытұлы өрт сөндіруші атына кір келтірмеу үшін бұдан ары да еңбек ететінін айтады.
– Жалпы бұл мамандықты таңдаған кез келген маман әуелі адамдардың өмірін құтқаруы тиіс. Содан кейін ғана өрт болған орынды сөндіру үшін жедел қимылдап, өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек, – дейді Қаскелең қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімініңі өрт сөндірушісі.
Еділ Имашев – бүгінде 6 бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының тірегі. Оның Алматы облысындағы азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан зор кәсіби тәжірибесі мен қомақты үлесі – құтқарушылардың қазіргі жас буыны үшін үлкен үлгі.
Н. САБИРОВ,
Қарасай ауданы ТЖБ аға инженері, азаматтық қорғау капитаны.