Қазақтың тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі, данышпан ақын, дана да дара Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 175 жыл толады. Осы ретте қазақтың бас ақынының мерейтойын республика көлемінде атап өту үшін Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырмалар берген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай ақынның мерейтойын атап өту үшін өткен аптаның бейсенбісі күні ауданымыздағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне ашылған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ерекше челлендж ұйымдастырды. Аталмыш шараның мақсаты – ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, көркем әрі сауатты сөйлеуге баулу.
– Абай әндері ауыздан-ауызға, заманнан заманға ауыса отырып бүгінгі күнге жетті. Өміршеңдігін дәлелдеді. Кемеңгер ақын шығармаларының мағынасы терең, тәрбиелік мәні жоғары. Бұл бастама сол мазмұнды туындыларды кеңірек насихаттап, Абай айтқан ізгі қасиеттерді адамдардың, әсіресе, қазіргі жас ұрпақтың бойына сіңіру, сауатты әрі дұрыс сөйлеуге баулу мақсатында өткізіп отырмыз, – деді «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының бөлім басшысы Мархабат Жансейтова.
Қарасайлықтар арасында ұлы ойшылдың шығармашылығын дәріптеуді көздеген шара барысында орталық қызметкерлері ауданымыздың тұрғындарын тасымалдайтын қоғамдық көліктерге ұлы Абайдың нақыл сөздері жазылған қағаздарды жабыстырып, көлік жүргізушілері арасында насихат жұмыстарын жүргізді.
Мұнан кейін орталық қызметкерлері бұл ерекше челленджді Алматы облысы мен Талдықорған қаласына жолдады. Олар игі бастаманы жұрт қолдап, әрі қарай жалғастырса деген ниетте.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.