Елімізде биыл бесінші рет қатарынан дәстүрлі түрде аталып келе жатқан Алғыс айту күні мерекесін өткен аптаның жұмасы күні Қарасай жұрты да жақсы көңіл-күймен атап өтті.
1 наурыз – қысылтаяң шақта бар ауыртпашылықты бірге көтеріп, Мемлекет басшысының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсететін Алғыс айту күні. Осы ретте өткен аптада көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін айтулы күн қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде мерекелік концерт ұйымдастырылды. Аталмыш салтанатты жиын өткен ғасырда қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған жүздеген этностарды бауырына басып, бір үзім нанын тең бөліскен қазақ халқының дархандығын Алғыс айту күнінің мән-маңызын аша түсуге арналды.
Мерекелік басқосуда алдымен жиналған қауым аталмыш күннің мән-мағынасын, сонау қайғылы оқиғаларды, жаппай жер аудару туралы айтылған, сондай-ақ, ауданымызда тұратын барлық этнос өкілдері өздеріне көрсетілген қонақжайлық пен жанашырлық үшін алғыстарын білдірген бейнероликті тамашалады. Мұнан соң осынау мерекенің тарихи, саяси һәм тәрбиелік мәні тереңде жатқанын айтып, барша қарасайлықтарды Алғыс айту күнімен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова сөйлеп, жыл сайын көктем мезгілінің осындай игілікті мейраммен басталатынына қуанышты екенін жеткізді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Алғыс айту күні ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылығының белгісі. Бұл – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының да ашық көрінісі. Біздің ортақ елімізге өзара көмек пен қолдау көрсете отырып, шынайы бірлігіміз бен достығымызды айқындайтын, өткен күнімізді еске алатын, жас ұрпаққа үлгі болатын жарқын мерекелердің бірі. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды айтулы мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтағым келеді. Отбасыларыңыздан татулық пен береке кетпесін! – деді Күлжан Дүйсенова.
Бұдан кейін жиналған қауым сахна төріндегі ауданымыздың өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Өнер иелері қазақ, ұйғыр, татар тілдерінде әндер шырқап, ал, аудандық «Грация», «Шаттық» сияқты би топтары әртүрлі ұлттардың билерін билеп, көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады.
Осылайша адамдарға жылылық сыйлайтын тамаша күнді қарасайлықтар ыстық ықыласпен атап өтті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.