Еліміздің экономикасының даму қуатының бір көзі ғылым екені ақиқат. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері пайда болған мерекелердің бірі 12 сәуірге белгіленген Ғылым қызметкерлері күні екені белгілі. Қалыптасқан дәстүр бойынша биыл да ғалымдарымыз өздерінің төл мерекелерін жан-жақты атап өтуде. Соның бірі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Аграрлық ғылым – болашаққа көзқарас» атты дөңгелек үстел болып өтті.
Алқалы жиынға ҚазҰАЗУ және Алматы қаласының айналасында орналасқан ғылыми-зерттеу институттарының басшылары және елімізге танымал жетекші ғалымдар қатысты. Астана қаласындағы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы Басқарушы директоры Нөкешев Саяхат Оразұлы онлайн форматта Ғылым күнімен құттықтап, дөңгелек үстелге қатысушыларға сәттілік тіледі. Дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, мәдени, заманауи дамуының көрсеткіші тек білім мен ғылыммен өлшенетінін айта отырып, соңғы кездері ғылымға көрсетілетін қолдаудың артып келе жатқанын атап өтті. Президентіміздің пәрменімен қазіргі таңда ғылымды қаржыландыру көлемі 3,5 есе өскені, былтыр 58 млрд теңге болса, биыл 158 млрд теңгеге жетіп отырғаны туралы деректер келтірілді. Келесі жылы 244 млрд теңге болады деп жоспарлануы ғылымның болашағына деген сенімді ұлғайта түсті. Ел экономикасының драйвері бола алатын аграрлық саланың күш-қуатын, әлеуетін ғылыми қамтамасыз ету арқылы ғана арттыруға болатынын алға тартты. Осы орайда халықаралық деңгейдегі заманауи ғылыми-зерттеу орталығын құруды жеделдету қажет екені туралы сөз болды. «Сонда ғана бәсекеге қабілетті мықты кадрлар, ғылыми жетістіктер мен озық технологиялар еліміздің экономикасының дамуына ықпал етіп, ауыл шаруашылығы өндірісін әлемдік деңгейге жете аламыз» деп ой түйді жарыссөзге шыққандар. Сондай ақ ғылыми жасалымдарды коммерцияландырып, өндіріске пайдалану мағыздылығы да сөз болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 30 наруызында өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет», – деп атап көрсеткен болатын. Аграрлық ғылымның сан салалы бағыттарында еңбек етіп жүрген ғалымдар өз жетістіктерін ортаға салып, кездесіп жатқан қиыншылықтарды талқылап, ғылымды оңтайлы дамыту жолдары туралы пікірлерін айтып ауыл шаруашылығын дамытудың нақты ғылыми жолдарын ұсынды.
Ауыл шаруашылығын дамыту жолында елеулі еңбек сіңіріп, зор үлес қосып жүрген бір топ ғалымдар мен қызметкерлер «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және «Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін» төс белгісімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен және ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы – Ректордың Алғыс хатымен марапатталады.
Аюп ЫСҚАҚОВ,
биология ғылымының докторы
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты.