Осы аптада Қаскелең қаласындағы SDU University-ге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов келіп, Алматы облысының тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ басқосуға аталған оқу ордасының бірінші проректоры Давронжан Гаипов қатысса, Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Ахметов жиынның модераторы болды.
SDU life ғимаратында өткен еркін форматтағы жиынның барысы пайымды пікірлер талқыланған жарыссөзге айналды. Одан бөлек ғылым мен жоғары білім саласын дамытуға қатысты мәселелер талқыланып, атқарылған жұмыстар сөз етілді.
Елордадан келген қонағымыз алдымен еліміз бойынша ғылым мен жоғары білімді дамытуға қатысты баяндамасын оқыды. Оны көпшілікке тереңірек түсіндіріп, ұғынықты жеткізу үшін бейнематериал арқылы сандық деректер мен түрлі сызбалармен дәлелдер келтірді.
Алдымен 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылым тұжырымдамасының іске асырылу туралы сөз болды. Онда үш бағыт көзделген: ғылым, жоғары білім және тіл саясаты.
Кадрлық саясат пен инфрақұрылым, интернационалдандыру мен цифрландыру, сондай-ақ білім беру гранттарының бөлінуі туралы айтар болсақ, гранттардың жалпы саны – 93 232. Оның ішінде 77 084 грант бакалавриатқа, 13 229 – магистратураға, 2919 – докторантураға, ал 2140 грант қандастарға бөлінген.
Қуантарлық тағы бір дерек – Қазақстанда шетелдің рейтингі жоғары әрі беделді университеттерінің 33 филиалының жұмыс істеуі. Соның ішінде 12-сі 2023 жылы, ал 24-і 2024 жылы ашылған. Осы ретте қазақстандық жоғары оқу орындарының да шетелде филиалдары бар екенін айта кетсе болады. Олар Түркияда, Қырғызстанда (Бішкек пен Ош қалаларында), Ресейдің Омбы қаласында және Өзбекстанның Чирчик қаласында орналасқан.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – отандық жоғары білім беру жүйесінің әлеуетін арттыруға, білім трансферін қамтамасыз етуге, үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге, сондай-ақ шетелдік студенттер үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде 40 стратегиялық серіктестік бар, оның 33-і әртүрлі модель бойынша жұмыс істеп жатыр», – деді Талғат Ілиясұлы.
Елімізде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де біршама оңтайлы шешілуде. Олардың көбі заманауи, тіпті, бес жұлдызды қонақ үйлердей болып саналады. Бұл жайында вице-министр Талғат Ілиясұлы кеңінен тоқталып, 420 орынға арналған Нархоз университетінің, 1200 орындық М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің, 2656 студенттің уақытша баспанасына айналған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жатақханаларын мысал ретінде айтты. Одан бөлек Қазақстанда жыл сайын 10 мың білімгер үшін жатақханалар салынып жатқанын да атап өтті.
Үздік жоғары оқу орындары жайлы әңгіме қозғалғанда SDU University де аталды. Мұнда 9 мыңнан астам студент оқиды. Олардың оқуы мен тұлғалық дамуына барлық жағдай жасалған. Бұл университетке түсу, тіпті, ақылы негізде де барған сайын қиындап барады, себебі ҰБТ-ның шекті балы кемінде 125 болуы тиіс.
ҰБТ демекші, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов осы тақырыпқа ерекше тоқталды. Бұл сынаққа биыл 210 296 түлек қатысқан болса, солардың 76,35 пайызы орташа балл жинаған. Қазақстан бойынша орташа балл – 69,32. Алматы облысында да осы көрсеткіш байқалған. Вице-министрдің айтуынша, бұл жаман нәтиже емес. Осындай қарқын сақталса, облыстың алға шығуына жақсы мүмкіндік бар.
Талғат Ілиясұлы, сондай-ақ тағы бір қызық дерекке де тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, 2029 жылға қарай Қазақстанда алғаш мектеп табалдырығын аттайтын балалар саны шамамен 440 мыңды құрайды. Туудың бұл шарықтау шегі 2021 жылмен сәйкес келіп отыр екен. Ол кезде 446 мың бала дүниеге келген. Кейін бұл көрсеткіш төмендей бастаған. Себебі 21-33 жас аралығындағы, яғни жалпы туу көрсеткішінің 70 пайызын қамтамасыз ететін әйелдер саны азайды.
Вице-министрдің баяндамасында «Келешек» бағдарламасы да айтылды. Бұл жаңа жинақтау жүйесі – 5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға арналған қаржылық жинақтауды мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ететін механизм. Жиналған қаражаттың есебінен ел ішінде немесе шетелде білім алуға болады.
Талғат Ілиясұлы аталған бағдарламаның шарттарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Айтуынша, мемлекет бастапқы білім беру капиталын береді, атап айтқанда, қарапайым балалар үшін – 60 АЕК, ал жетім балалар үшін – 120 АЕК. Сонымен бірге жыл сайын 5-7 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйақы көзделген. Ал ата-ана немесе қамқоршы адам өз тарапынан ай сайынғы жарнасын енгізуі тиіс.
Оқу-білім саласында ұтымды бастамалардың бірі – «Мамандығым – болашағым» жобасы. Бұл туралы вице-министр Талған Ешенқұлов түсіндіріп өтті. Аталған жоба халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсаты – өңірлік еңбек нарықтарының сұранысына сай кадрлар даярлау. Сонымен қатар жоба барысында жастарды болашақ экономиканың талаптарына дайындау, сұранысқа ие мамандықтарға бағдарлау ерекше назарға алынады.
Көптеген маңызды мәліметтерді жеткізген вице-министрдің тұрғындармен кездесуі естелік фотоға түсумен аяқталды. Одан кейін Талғат Ільясұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, брифинг барысында облыстағы білім беру саласының дамуына қатысты сұрақтарға жауап берді. Онда да біраз жайттарға қатысты маңызды ақпараттар айтылды.
Вице-министр Т.Ешенқұловтың айтуынша, Қонаев қаласында университет салу мәселесі шешіліп жатыр және сол мақсатта қажетті жер телімі бөлініп, құрылыс басталар алдындағы дайындық жұмыстары қолға алынуда. Сондай-ақ Алатау қаласында оқу ордасын салу мүмкіндігі зерделенуде.
Тағы бір атап айтар жағымды жаңалықтардың бірі – Қазақстанда беделді шетелдік университетттер филиалдарының ашылуы. Бұл әлемдік деңгейде мойындалатын дипломмен сапалы білім алуды қолжетімді етеді. Онда тек қазақстандықтар ғана емес, Орталық Азия елдерінің жастары да білім алады. Ал шетелдік студенттердің келуі өңірлер экономикасының дамуына үлес қосады, жалпы жоғары білім мен ғылым саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар еліміздің беделін арттыра түседі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
