1967 жылы Қазақ Мемлекеттiк Ауылшаруашылығы институтының жеміс-көкөніс факультетін бітіргеннен бастап, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қажырлы еңбек етіп келе жатқан, ғылыми ортада танымал ғалым, картоптың жаңа сорттарын шығару мен дақылдың тұқым шаруашылығын дамытуда ауылшаруашылығы қызметкерлерінің арасында лайықты құрметке ие болған ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі «Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» басқарма төрағасының ғылыми кеңесшісі Сайлау Ахметұлы Бабаев ағымдағы жылдың 3 ақпанында мерейлі 80 жасқа толғалы отыр.
Еңбек жолын Қазақ картоп және көкөнiс шаруашылығы ғылыми-зерт-теу институтының картоп тұқым ша-руашылығы бөлімінде кiшi ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлiм бастығы болып бастаған Сайлау Ахметұлы 1988-2003 жылдар аралығында аталмыш институттың директоры қызметін атқарды.
Картоптың тұқым шаруашылығын дамыту мен жетілдіру мақсатында 1970-1980 жылдары С.А.Бабаевтың ұйымдастыруымен алғаш рет таулы аймақтарда құнарлы жерлер игеріліп, өңделіп, картоп тұқымын кең көлемді аудандарда өсіру жұмыстары өзінің игі бастамасын тапқан. Қазақстандағы картоп тұқымын жедел көбейту мен оның сапасын және өнімін арттыру бағытында жүргізген көпжылдық ғылыми ізденістері мен зерттеулерінің нәтижесінде Сайлау Ахметұлы Қазақстандағы картоп тұқым шаруашылығының қысқартылған жаңа схемасын енгізді. Бүгінгі күні бұл схема еліміздегі картоп тұқымын өндіретін шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарында кеңінен қолданыс тауып, іске асырылуда.
С.А.Бабаевтың ұйымдастыруымен Республикамыздың әртүрлі ғылы-ми-зерттеу мекемелерінде 11 биотех-нологиялық лабораториялар құрылды.
Бүгінгі таңда ғалымның қатысуымен және тікелей жетекшілігімен шығарылған картоптың отандық 40 сорты еліміздің барлық аймақтарында аудандастырылып, өндіріске енгізіліп отыр.
Сайлау Ахметұлының 350-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген, оның ішінде 3 кiтап, 19 ұсыныстар, 15 авторлық куәлiк, 16 патент және 200-ден астам ғылыми мақаласы бар.
Сайлау Ахметұлы өзінің ғылыми мектебінен 2 ғылым докторының және 18 ғылым кандидаттарының диссер-тациялық жұмыстарын қорғатып шығарған ұлағатты ұстаз.
С.А.Бабаев ғылымға сіңірген еңбегінің нәтижесінде, білімділігі мен үлкен адамгершілік қасиетінің арқасында шетел әріптестерінің арасында да сый-құрметке бөленіп жүрген көрнекті ғалым. Таяу және алыс шетелдерде картоп шаруашылығын дамыту жөніндегі мәселелер ауқымында өткізілетін кеңес, іс-шараларға ұдайы қатысуы, бірнеше халықаралық симпозиумдар мен ғылыми конференцияларда (Польша,1885, 1999; Германия, 1989; Голландия, 1993; Иран ислам Республикасы, 1995; Израиль, 1997; Белоруссия, 2004, 2014; Өзбекстан, 2004, 2013; Қырғызстан, 2005, Ресей, Москва қаласы, 2008 жж.) Қазақстан Республикасындағы картоп шаруашылығының дамуын жоғары ғылыми дәрежеде айқындап беруі ғалымның көп жылдар ағымындағы ізденісінің жемісін, ғылымға қосқан қомақты үлесінің айрықша екендігін дәлелдейді.
Академик С.А.Бабаевтың басшылық етуімен институттың картоп тұқым шаруашылығы бөлімінде Перудегі Халықаралық картоп орталығымен (CIP), оңтүстік Кореядағы «Potato Valley» компаниясымен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. «Халықаралық қызметтестік» аясында алынған картоп-тың сортүлгілеріне экологиялық сорт-сынақтар жүргізіліп, оларды бағалаулар мен зерттеулер нәтижесінде ғалымның басқаруымен 9 жаңа сорты шығарылды. Бүгінгі таңда аталмыш сорттар Түркістан және Алматы облыстарында аудандастырылып, өндіріске енгізілуде.
1997-1999 жылдары С.А.Бабаев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Аттестация комиссиясының президиум мүшесі, 1996-2002 жылдары Қазақ Ұлттық агарарлық университетінің жеміс-көкөніс факультетінде мемлекеттік сынақ комиссиясының төрағасы, 2000 жылдан бастап Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жанынан құрылған ғылым докторларын дайындайтын диссертациялық кеңестің мүшесі қызметтерін өз жұмысымен қатар атқарды.
Сайлау Ахметұлы ғылыми жұмыс-тармен ғана шектеліп қоймай, еңбек жолын қоғаммен де байланыстырып отырады. Бірнеше рет аудандық кеңестердің депутаты болып сайланып, экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жерді қорғау, әлеуметтік даму жөніндегі комитет төрағасы жұмыстарын атқарды.
Өзінің 80 жас мерейтойын балалары мен немерелерінің, ұжымдастары мен әріптестерінің ортасында қарсы алғалы отырған ұлағатты ұстаз, білікті де еңбекқор маман, озық ойлы ғалым, 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке, Алматы облысы және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, мерейтой иесі, академик Бабаев Сайлау Ахметұлы бүгінде отанымыздағы ауылшаруашылығы ғылымдарының дамуындағы күрделі мәселелерді шешуде аянбай, талмай еңбек етуде.
Қазақ жеміс және көкөніс шаруа-шылығы ғылыми-зерттеу институтының ұжымы Сайлау Ахметұлына мерейтойыңыз құтты болсын дей отырып, зор денсаулық, ұзақ та баянды ғұмыр, ғылымда шығармашылық табыстар тілейді!
Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зертеу институтының ұжымы.