Елімізде, оның ішінде, біздің ауданымызда індетке қарсы ақпан айының бірінен бастау алған егу науқанын қарасайлық әкімдік қызметкерлері де қолдап, осы аптаның дүйсенбісінде әкімдік ғимаратында өз еріктерімен «Спутник V» вакцинасын қабылдады.
Соңғы уақытта, өкінішке орай, коронавирус инфекциясын жұқтырған қазақстандықтардың саны артуда. Осы ретте елімізде қауіпті індеттің көзін жою үшін карантин режимі қатандатылып, әртүрлі сақтық шаралары жасалып жатыр. Көптеген тәжірибелерден өткізіліп, вирустан сақтануға көмектесетін бірнеше вакциналар да ойлап табылды. Десе де, қазіргі таңда вакцина өз тиімділгін көрсетіп отырғанымен, оның адам денсаулығына беретін әсеріне күдікпен қарап, салдырғысы келмейтіндер де баршылық. Осы орайда аудандық әкімдіктің қызметкерлері вакцинаның тиімділігіне сенетіндерін көрсету мақсатында, алғашқы кезектегілер қатарында, «Спутник V» вакцинасын қабылдады.
Әкімдіктің ғимаратында өткен шарада олардың әрқайсысы алдымен медициналық тексерістен өтті. Екпеге байланысты қажетті ақпаратты тыңдағаннан кейін арнайы дайындалған дозадағы вакцинаны салдырды. Жалпы шара барысында «Спутник V» вакцинасын 50 қарасайлық әкімдік қызметкерлері өз еріктерімен қабылдады.
– Вакцина алу індеттен сақтанудың басты жолы болып табылады. Әрине, бұл ең бірінші кезекте өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін қажет деп білемін. Сондықтан әр адам өзін, отбасын, әріптестерін ойлап екпе алғаны дұрыс деп есептеймін. Оның үстіне өзім мемлекеттік қызметші болғандықтан күнделікті көптеген адамдармен жұмыс істеймін. Осылайша өзімнің де, өзгенің де өміріне жауапкершілікпен қарай отырып, осындай қадам жасадым, – дейді осы күні егілгендердің бірі, Қарасай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Біржан Махатов (суретте).
Дәрігерлердің айтуынша, ең бастысы, екпені салдырғаннан кейін адам міндетті түрде 3 күн бойы суға түспей, жылы жүруі керек. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында ауыр көтеруге болмайды. Оны салдырғаннан соң адамда дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, мазасыздық және екпе салынған жердің ісініп, қызарып, кішкене ауырсынуы сияқты бірқатар реакциялар болуы мүмкін. Бірақ, бұдан қорқудын қажетті жоқ, өйткені, көптеген вакциналар сондай әсер береді екен.
Айта кетейік, вакцинация 2 кезең бойынша жүргізіледі: алдымен бірінші компонент 0,5 мл дозада, ары қарай екінші компонент те дәл осылай – 0,5 мл дозада (21-42 күннен кейін). Бірінші кезеңнен өткендерге оның екінші кезеңі жайлы, күні мен уақыты туралы СМС хабарлама ұялы телефонға бір тәуліктің ішінде келеді. Барлық тілек білдірушілер тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханасына барып, толықтай тегін қабылдай алады.
Жалпы, егу науқаны басталғалы бері ауданымызда 2000-ға жуық қарасайлыққа вакцина салынған. Олардың қатарында медицина, білім, құқық қорғау және әкімдік қызметкерлері де бар. Дәрігерлердің айтуынша, сәуір айының аяғына дейін 30 мыңға жуық аудан тұрғындарына вакцина салуды жоспарланған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.