Вакциналар бастапқы профилактиканың маңызды түрі болып табылады. Сондықтан да жұқпалы ауру түрлерінің алдын алуда тұрғындар арасында вакцинация жүргізудің маңызы зор. Осыған байланысты Береке ауылдық Мәдениет үйінде аптаның сейсенбісі күні Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасының ұйымдастыруымен «Вакцина – қоғам денсаулығының кепілі» тақырыбында талқыға түсті
Оған Алматы облысы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, теолог Нұржан Калиев, орталық аурухананың медико-әлеуметтік және психологиялық қызмет бөлімінің басшысы Дана Таждинова, аудандық педиатр Алмаш Ардабаева, эпидемиолог Жандаулет Бекболатов, мейірбике ісіне жауапты маман Нұргүл Алменова және Қарасай аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Жалғас Шаштай қатысты.
Шара барысында мамандар діни көзқарасы бойынша балаларына екпе егуден бас тартқан ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Олардың айтуынша, вакцинация әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы иммунитетті күшейту және ағзаны көптеген ауыр вирустық және бактериялық жұқпалы аурулардан қорғау үшін жүргізіледі.
Бұл жерде бір ескере кетерлігі, екпелер тек бір адамның денсаулығын қорғау үшін жүргізілмейді, ол сондай-ақ қоғамның саулығы үшін де маңызды (ауырған адам инфекцияны таратушы болуы мүмкін және басқа адамдарға қатер төндіреді). Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың иммунизациялауға жататын тобының 95 % екпемен қамту керек. Себебі адамзат тарихы дәлелдегендей, денсаулық сақтау саласына араласудағы ауру деңгейі мен өлім-жітімді азайтудағы ең тиімді әрі қауіпсізі ол иммунизация. Егер халық иммунизациямен толық қамтылмаса, әсіресе ондай жағдай бірнеше жыл қатарынан болса, инфекцияны тез қабылдағыш тұлғалардың көптеп жиналуына әкеледі. Ал бұл өз кезегінде инфекциялық аурулардың өршуін туындатады.
Осы ретте мамандар жиналған ата-аналарды вакцинациялаудан қорықпауға, бірінші кезекте өз балаларының қауіпсіздігін ойлауға шақырды. Сонымен қоса қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
