Жыл сайын еліміздегі жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларын анықтау үшін ауқымды байқау өткізілетіні белгілі. Бүгінде дәстүрге айналған осы іс-шара, шын мәнісінде, жоғары оқу орнындағы профессорлық-оқытушылық құрамының кәсіби-педагогикалық мәдениетін, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысының деңгейін арттыру, кәсіби салада педагогтің өзін-өзі жетілдіруі үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Өткен жылы да бұл үрдіс жалғасын тауып, еліміздің 90 жоғары оқу орнынан қатысқан 946 үміткер бақ сынасты. Нәтижесінде 90 білім мекемесінің 150 маманы үздік деп танылды.
Республикада үздік атанған жеңімпаздар арасында біздің ауданымыздың тұрғыны, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің инженерлік пәндер және тиісті практикалар кафедрасының меңгерушісі, фармацевтика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Қалданай Қожанова да бар. Ол енді үздіктерге берілетін арнайы төсбелгінің иесі ғана емес, сондай-ақ жоғары оқу орнындағы миллионер маман десе де болады. Олай дейімізге негізгі себеп – конкурс жеңімпаздарының әрқайсысына 2000 АЕК көлемінде сыйақы берілуі. Ал бұл шамамен 7 миллион теңгеге жуық қаражат. Алайда ең бастысы – «ЖОО Үздік оқытушысы» атану. Айтулы жетістік жоғары білім ордасының оқытушы Қалданай ханымға да бұйырды. Бұл жетістік маңызды мемлекеттік деңгейде мойындалуы, сондай-ақ өзгелерге үлгі етуге болатын биік мәртебе болып саналады.
Қалданай Қаржауқызы – осы жетістікке өз білімінің, дүниетанымының, тынымсыз педагогтік, шығармашылық еңбегінің арқасында жетіп отырған кәсіби маман. Ол өзінің ғылыми зерттеу жұмыстарында қарағай тұқымдасына жататын көп жылдық мәңгі жасыл ағаш самырсын майының пайдалылығы, оны медицина саласындағы қолдану жолдарымен, тәсілдерін зерттеумен айналысқан. Сондай-ақ самырсын майынан пайдалы дәрі-дәрмек жасап, оны дайындау бағытында жұмыс істеген. Жүргізген зерттеулері бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп, «фармацевтика ғылымдарының кандидаты» деген ғылыми дәрежеге және қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие болған.
Өмірін медицина мен ғылым саласына арнаған кейіпкеріміз жайлы біраз айтып өтейік.
Қалданай Қожанова 1970 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданына қарасты Шұғыла ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.
Иә, мамандық таңдау адам өміріндегі маңызды кезеңнің бірі болса, оның тұстары үшін ең бастысы жоғары білім алып, елге қызмет ету. Қай кезде де адам денсаулығын қорғайтын, сырқат жандарға септігін тигізетін, ажалға араша тұратын дәрігердің беделі биік, мәртебесі жоғары ғой! Біздің кейіпкеріміз де өз болашағын осы тұрғыдан қараған секілді.
Қалданай Қожанова бала кезден ақ халат киген балалар дәрігері болуды армандаған. Жергілікті 10 жылдық мектепті бітірісімен бірден Ақтөбе қаласына барып, сондағы медицина институтына түсу үшін емтихан тапсырған. Өкінішке орай, емтиханның үшінші кезеңінен өте алмай қалған екен.
Сөйтіп, бала арманына деген алғашқы қадамы сәтсіз болып, туған ауылына қайтып келіп, бір жылын бекер өткізбеу үшін аудандық дәріханаға жұмысқа орналасқан. Бұл жерде ол өзіне бейтаныс фармацевтика әлемімен жақынырақ танысқан. Ал сол кездері дәріхананы басқарған Валентина Лукинична жас қызды жақын тартып, оған өзінің бар білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін берген. Сондай сәттердің бірінде ол: «педиатрия мамандығы ауыр, өзің қиналып қаласың. Одан да фармацияны танда. Бұл мамандық медицина саласының маңызды бөлігі», – деген екен.
Бірақ жүрегі педиатрияға тартып тұрған кейіпкеріміз бір жылдан кейін, яғни 1989 жылы Алматы қаласындағы Алматы медициналық институтына (қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) оқуға тапсыруға келген. Өзі секілді жастармен бірнеше күн кезекте тұрып, құжаттарын тапсыруға кезегі жеткен күні бір топ студенттердің «фармация» мамандығына талапкерлерді шақырып жатқанын көріп қалыпты. Сол сәтте ойына дәріхана басшысының және өзге әріптестерінің, сондай-ақ қасында көмектесіп жүрген жездесінің: «мына мамандыққа қалаушылар аз секілді, бәлкім, осыған тапсырып көрерсің» деген сөзіне құлақ асып, біраз ойлана келе, құжаттарын «фармация» факультетіне тапсырыпты.
1984 жылы жоғарғы оқу орынын тәмамдап, қолына «провизор» мамандығының дипломын алған жас маман алғашқы еңбек жолын республикалық медицина колледжінде оқытушы болып бастаған. Осы жерде 10 жылға жуық еңбек етіп, Калима Әбенқызы, Меруерт Ұлтайқызы секілді тәжірибелері мол үлкен әріптестерінен педагогика саласының қыр-сырын үйреніп, фармакалогия, дәрілер технологиясы секілді салалармен жақынырақ танысқан. Бір кездері медицина колледжімен қатар Алматы медициналық институтында жұмыс істейтін әріптесі, құрбысы Фарида Каюпова оны институтқа шақырған. Сөйтіп, колледждегі 10 жылдық жұмысынан кейін ол өзі білім алған Қазақ ұлттық медициналық университетіне оқытушы болып кірген. Осында әр жылдары оқытушы, аға оқытушы, доцент ретінде қызмет етті.
2019 жылы «фармация» және «фармацевтикалық өндіріс» деген мамандарға сұраныс көбейіп, студенттердің саны өскендіктен, университет қабырғасында «Инженерлік пәндер және тиісті практикалар» атты жаңа кафедра ашылған. Жұмысқа келгелі талпынысы, білімге деген құлшынысы арқасында ұжым ортасында беделге, құрметке ие болған Қалданай Қожанова басшылықтың шешімімен осы жаңа кафедраның меңгерушісі ретінде тағайындалған.
Негізгі жұмысымен қатар ол өзінің жеке ізденістерін де ұмытпаған. Осылайша, 2010 жылы самырсын ағашымен айналыса бастапты. Өсімдіктің өзін, оның пайдасын зерттеп жүріп, тік ішек немесе мұрын арқылы қолдануға болатын екі дәріні ойлап тапқан. Ол бойынша 2010 жылы Қарағанды қаласындағы Фитохимия халықаралық холдингінде «Самырсын майы негізінде жаңа дәрілік құралдарды алу» тақырыбында дисертациясын қорғап шыққан. Комиссия тарапынан жақсы бағаланған жұмысының нәтижесінде 2011 жылы фармацевтика ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежесіне ие болған. Одан бөлек жүргізген өзге де зерттеулік еңбектерінің арқасында 2021 жылы қауымдастырылған профессор ғылыми атағын алған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.