Кешеден бері, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, аудан көлемінде «Учаске» республикалық жедел-алдын алу шарасы өткізіле бастады. Ондағы басты мақсат – әкімшілік аймақта қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау, учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін көтеру, халық арасындағы сенімін арттыру, тығыз қарым-қатынасты орнату, заңсыз қаруларды анықтау және көші-қонға бақылау жасау мақсатында әрбір пәтер мен жеке үйлерді аралап, тұрғындар жайлы ақпарат жинақтау болып табылады.
Қараша айының 16, 17, 18-і күндері жүргізілетін рейд жұмыстарына қарасайлық құқық қорғаушыларға көршілес Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандары мен Қапшағай қаласының ІІБ қызметкерлері де көмеке келді. Енді үш күнге созылатын шара барысында барлығы 260 учаскелік полиция инспекторы өздеріне бекітілген әкімшілік аумақ көлеміндегі пәтерлер мен үйлерді тексеріп, тұрғындар туралы ақпарат алмақ.
Атап айтқанда, бұрын істі болғандар, жүйке жүйесінің ауруымен тіркеуде тұрғандар, пәтер жалдаушылар мен пәтерін жалға берушілер, түрлі қару-жарақ сақтаушылар, барлығының құжаттары талап етіліп, әкімшілік құқық бұзушылық жасағандарды заңдық тұрғыда жазалау, экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыстарды да қолға алу көзделуде.
Бейсенбі күні таңертеңнен бірнеше ауданнан жиналған полицейлер сапқа тұрғызылып іс-шараның мақсаты мен тапсырмалары жеке құрамға жеткізілді.
Осы кезде Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Сатубеков, Алматы облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдар Совет, сонымен қатар, аудандық ІІБ ЖПҚ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Есен Ахметжанов сөйлеп, рейд жұмысының маңыздылығына, тәртібі мен мақсатына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Учаске» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесі газетіміздің алдағы санында жарияланатын болады.
Клара КӨПБАЕВА.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.