Көбінде біз естіп жүрген танымал әндердің орындаушысына ғана назар аударамыз. Ал, сол шығарманы жаныңа жақындатып, көңіліңнің бір түкпірінен орын алатындай етіп жөндеп, тыңдарман жүрегіне жол ашатын өңдеушінің (аранжировщик) бар екенін ескере бермейміз. Міне, Қуаныш Құрманбаев дәл осындай өзі көзге көп түспесе де, Алланың берген дарыны мен ерекше еңбекқорлығының арқасында тынысын ашқан тың дүниелері, яғни, әсем әндері ел ішінде айтарлықтай танымалдықты еншілеген тума талант иесі. Олай деуіміздің де жөні бар. Өйткені, ол 13 жасынан бастап сазгерліктің қыр-сырына қанығып, арнайы музыкалық білім алмаса да мықты кәсіби шеберлігімен өнер әлемінде ойып тұрып өзінің орнын айқындаған азамат. Осыдан 15 жыл бұрын қабілет-қарымына сырттай қанық болған Таңат Мамырхан, Қайрат Жәнібеков сынды ағалары оны туып-өскен Түркістанына барып іздеп, тауып, Алматыға алып келіп, жарқын болашағына жол ашқан екен. Ең алғаш Асқар Жүнісбековтың орындауындағы «Толғанай», Ақбота Керімбекова айтатын «Ұстазым» әндерін әдемі әрлеген Қуаныштың қызметіне жүгінушілер қатары арта берген. Әрине, олардың барлығы болмаса да басым бөлігі қазақ эстрадасының бүгінгі жарқын жұлдыздары. Бұл ретте, бәрін тізбектеп айтпасақ та, жақсы танымалдыққа ие Ернар Айдардың біз сөз етіп отырған сазгердің төл шәкірті екендігін атап кеткеннің артықтығы болмас. Енді, өз бойына жиған білік, білімін өскелең ұрпаққа үйретіп, ән әлеміне жасқана қадам басқан жастарға аға ретінде жол сілтеуді жөн көрген Қуаныш Құрманбаев жары Қарлығашпен бірге 2017 жылы ауданымызда жеке өнер мектеп-студиясының негізін қалаған еді. Студияның Қаскелең қаласында ашылуы біздің қарасайлық жас дарындардың өнерге деген талпынысын арттырып, қанатын қатайта түсуіне үлес қосып келеді. Бүгінде осы орталыққа тұрақты түрде қатысатын оқушыларының саны 50-ге жеткен, екі ай сайын атақты әншілер келіп дәріс беретін көрінеді. Төрт сыныпқа топтастырылған үш пен он сегіз жас аралығындағы қатысушыларға қызмет көрсететін он адамнан құралған өнер ордасына сазгердің жұбайы Қарлығаш Мирзагелдиева жетекшілік етеді. Идея авторы да осы кісі. Жолдасының тәжірибесі қарауында жүрген жас өнерпаздарының жақсы жетістіктерге жетуіне септігі тиіп жүргенін байқап, музыкалық білімдерін құжат жүзінде бекітіп беру жағын ойластырған. Сөйтіп, заңды түрде тіркеліп, тиісті құжаттарын да реттестірді. Қазір мұнда әншіліктің қыр-сырына қанығатын вокал, домбыра, фортепиано, актерлік шеберлік сабағына және би үйірмелеріне жоғары білімді ұстаздар сабақ береді. Білім алғандардың қолына арнайы сертификаттары тапсырылады.
– Өнер студиясының негізгі мақсаты – еліміздің мәдениет саласын дамытуға теңізге түскен тамшыдай болса да өзіндік үлес қосып, ел ішінде байқалмай өсіп келе жатқан жас дарындардың бойындағы қабілеттерін арттырып, жұлдызын жағу, — дейді Қарлығаш Сырлыбекқызы. – Балалардың әрқайсысын өзім көріп, вокалдық мүмкіндіктерін тексеріп қабылдаймын. Сосын олардың әрқайсысының дауысын дамыта түсу үшін жеке жұмыс істеймін. Бұдан бөлек, әрбірінің сахнадағы жүріс-тұрысы мен киетін киімі, айтатын әндерін де өзім таңдаймын. Өйткені, сахна өте киелі және қасиетті. Ол тек тән тазалығын ғана емес, жан тазалығын да қалайды. Орындаушы әнді жүрегінен өткізіп, шын ықыласымен айтуы керек. Онсыз шығарма тыңдарман жүрегіне жол таба алмайды.
Тағы бір айта кететін жайт, өнер ордасының басшылығы дарынды өнерпаздарына әрдайым қолдау көрсетіп жүреді. Оның бір дәлелі орталықтың тәрбиеленушілері Нұрсұлтан Исаның «Бала махаббат», Алуа Ержанның «Бақытты баламын», «Бәрі тамаша» атты авторлық әндері жарыққа шыққан. Сонымен қатар, осындай аз уақыт ішінде Қарлығаш Сырлыбекқызы жас таланттармен бірге бейнебаян да түсіріп үлгерген. Дәмели Құсманова мен Мақпал Ераділқызының «Сырласу» әнін музыкалық каналдардан тамашалауға болса, ал, «Менің Қазақстаным» әуеніне түсірілген Нұрлан Молдағали мен Исатай Алиханның бейнебаяны жуық арада үлкен экранға жол тартады. Өнер ордасының жетекшісі бұнымен шектеліп қалмайтынын айтады. Жақында, нақтырақ айтсақ, наурыз айының бірінші жартысында жас таланттар арасында республикалық байқау ұйымдастырып жатқанын да тілге тиек етті. Өз орталығының ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарындыларды көтермелеуді де қолға алыпты. Сондай-ақ, балаларды ынталандыру үшін жүлделі орындарға ақшалай ұтыстар тігіп отыр екен. Алға нақтылай мақсат қоя білетін Қарлығаш ханымның осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары да аз емес. Мұндағы жас жеткіншектер бір және екі жылдықтарын атап өтіп, аудандық мәдениет үйінде өздерінің жеке концерттерін беріп үлгерген! Олар Еркін Нұржанов, Сержанәлі Әлібек, Әйгерім Қалаубаева, Ернар Айдар, Ғазизхан Шекербеков, Мақсат Базарбай сынды қазақ эстрадасының жұлдыздарымен дуэтте ән шырқаған.
Аудан деңгейінде ғана шектеліп қалмай, республикалық байқауларданда бой көрсетіп, жас таланттар «Самға, әуен», «Живи, танцуя» жарыстарында жүлделі орындарға ие болған. Жетістіктер реті мұнымен аяқталмайды, бұл жыл басталғалы қатысып үлгергендері ғана екен.
Саз әлеміндегі өзіндік қолтаңбасын тауып, талай сахна саңлақтарына ән жазған Қуаныш Құрманбаев жары Қарлығашпен бірге бүгінде бес баланы тәрбиелеп отыр, үлкені он бір жаста. Шығармашылықтарымен бірге отбасын қатар алып келе жатқан жұлдызды жұп өнерлі өрендерді тәрбиелеуден жалыққан емес. Алдағы уақытта студияға шығармашылық табыс, жемісті жетістіктер тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.