Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келіп, бүлдіршіндеріміз асыға күтетін Балаларды қорғау күні мерекесіне орай ауданымызда көптеген игі жұмыстар атқарылды. Сондай шараның бірі аудан орталығында орналасқан Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебінде де өткізілді.
Нақтырақ айтқанда, күні кеше ауданымыздағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығы «AZAMATSHA» қайырымдылық қорымен бірлесіп, аталмыш білім ордасында оқитын көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 100 балаға тегін балмұздақ пен 130 балаға сыйлықтар таратты. Сондай-ақ олардың көңіл-күйін одан әрі көтеру үшін концерттік бағдарлама қойылып, ән-жырдан шашу шашылды.
Айта кетейік, бұл игі бастама аталмыш ортылықтардың мерекеге орай атқарып жатқан шаралардың береуі ғана. «Жанұя» орталығының аудандағы филиалының басшысы Мадина Саутбекованың айтуынша, ауданымыз бойынша осы айда «AMANAT» партиясының аудандық филиалының қолдауымен 20 бала мен жасөспірім Алматы қаласындағы М.Горький атындағы демалыс саябағындағы «Немо» дельфинариіне саяхаттап, 75 бала «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Гүлдер хикаясы» спектаклін тамашалады. 30 мүмкіндігі шектеулі балаға түрлі сыйлықтар таратылды.
Мұнан бөлек маусым айының екісі күні аудандық білім бөлімімен бірлесе 40 бала табиғат аясына көкке апарылатын болады.
Ал, үші мен бесі күндері аралығында Алматы қаласындағы «Aport Mall» сауда орталығының «Funky World» отбасы ойын-сауық саябағына көңіл көтеруге 50 баланы, бесі күні «AMANAT» партиясының аудандық филиалы және «Қаскелең автопарк» ЖШС-нің қолдауымен 50 баланы зоопаркке апару жоспарланып отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.