Ауыл балалары үшін кез келген спорт үйірмесі қолжетімді болса, мәдениет орталығы ашылса, саяқбақтар саны көбейсе, аулалар абаттандырылып, көшелер тазалығына мән берілсе деген осы және өзге де мәселелер жайлы Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізованың Қарасай ауданындағы қоғам белсенділерімен кездесу барысында айтылды.
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен жиында алдымен Бота Серікққызы сөз алып, басқосудың негізгі мақсатын түсіндірді. Оның айтуынша, елді мекендердегі өзекті мәселелерді азаматтардың өз аузынан естіп, алдыңғы кезекте шешімін табу керек істердің тізімін жүйелендіріп, ұсыныстарды облыс әкімінің атына жазылатын қызметтік хатқа енгізеді. Еркін форматта өткен кездесу барысында белсенділер өз салалары бойынша ақпарат беріп, ұсыныстарын жеткізді. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов өз бағыты бойынша елдімекенде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Одан кейін «Арман ауыл» жобасының аясында Райымбек ауылынан футбол алаңын ашқан Әйгерім Болат сөз алып, алдағы уақытта одан әрі даму үшін денешынықтыру және сауықтыру кешенін ашуға 50 сотық жер телімі болса, инвесторлар өз ақшаларын құйып жұмыстарын бастар еді деген ұсынысын білдірді. Ал «Балатай» қоғамдық қорының жетекшісі, белгілі қолөнерші Күлән Жанғұтты ауданда мәдениет орталығы ашылу қажеттілігі туындағанын айтты. Әсіресе, қыз балалардың қолөнермен айналысуына мүлдем жағдай жасалмағандығын тілге тиек етіп, ол шешімін тапқанша музейлерді шеберханаларға айналдырсақ деген тілегін білдірді. «Қуат» мүгедектер қоғамдық қорының төрағасы Жәмиля Мәмбеева ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инвотаксилердің саны аздығын, үшінші топтағы мүгедектердің үй кезегіне тұра алмайтынын және жәрдемақыларының мөлшері өте төмен екені туралы мәселелерді көтерді. Келесі кезекте, «Каскелен.кз» интернет порталының жетекшісі Қуаныш Шаханов «Дарабоз», «Казбизнес» сынды жобалары жайлы айтып, қазіргі уақытта инвесторлардың көмегімен ауданда салынып жатқан білім-инновациялық лицейдің құжаттарының рәсімдеулеріне ықпал етулерін сұрады. Барлық талап-тілектерді мұқият тыңдаған Бота Серікқызы ұсыныстарды назарға алып, облыс басшысына қызметтік хат ретінде жолдайтынын жеткізді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.