Туған Отанымыздың жүрегі қастерлі мемлекеттік шекарамыздың шетіне орналасқан ауылдардан басталады. Еліміздің берекесі мен мерекесі, бірлігі мен тірлігі де сол ауылдардан құралады.Қаласы мен даласын асыраған ауылдар кемел көкжиектеріне сеніммен қарайды. Құшағынан еңбектің, қуаныштың, жанға жайлы жарасымды тірліктің игілігі аңғарылады.
Кеген ауданындағы Алғабас ауылдық өңірі таулы өлкенің күн батыс жағындағы Еңбекшіқазақ ауданының бір шетіне қоныс тепкен. Бұл округ Жаңаталап, Алғабас және Жіңішке атты ауылдарды құрайды. Мұнда 280 отбасы негізінде 1683 адам өмір сүруде. «Жері керемет, тарихи құндылығына баға жетпейді», дейді осында өмір сүріп келе жатқан адамдар.
Егістік, үй айналасындағы бау-бақшалық жеріңнің өзінен жылда түрен түскен сайын көне дүние, ыдыс-аяқ, түрлі заттар жер бетіне мөлдіреп шығып жатады екен. Аңызға белгісіз әңгімелер көп. Дәркембай қажы, батыр тұлғалы Сламқожа, ілімді молда Бекімбай тағы басқалар туралы сөз жетерлік. Бұл тарихи өлкеде таңбалы және бал-бал тастар ұшырасады. Ежелгі Үйсін мемлекетінің орыны болғандығы, сақ тайпаларының мекендегені дәлелденіп келеді. Осы ауылдың бір түлегі академик Ерғали Нүсіпұлы туған өңірі туралы қомақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кітаптар жазуда. Мұнымен шектеліп қалмай, Ерғали ағамыз алдағы уақытта осы бір Алғабас, Жіңішке өңірлері негізінде зерттеу жүргізіп, арнайы кітап жазып шығаруды мұрат етіп отыр. Шын мәнінде бұл игілікті дүние, тарихымызға қосылар тың жауһар болары анық.
– Біздің қасиетті өңірден ұшырасып жататын, жер астынан шығып қалатын көне дүниелер көп. Ғалымдарымыз дәлелдеп жатқанындай, түп тамырымыз саналар тайпалардың мекендегені шүбә тудырмайды. Бірде егістік жерімді жыртқызып жатқан кезімде бір уыс көне күміс теңге тауып алғанымыз бар. 2009 жылы ауылдық Мәдениет үйінің жанынан дәретхананың жаңа орнын қаздыруға жігіттерге тапсырма бергем. Ойымда ештеңе жоқ шаруаммен айналысып отыр едім, күтпеген жағдай орын алыпты. Экскаватор қазып жатқан жерден адамдардың сүйегі шығып қалыпты. Дереу бардып, көзімізбен көрдік. Сүйекпен бірге бір қанжар, моншақ, жүзік секілді заттар да бар болып шықты. Ақымның арғы жағында тағы бір адамның сүйегі жатқаны байқалды. Сүйектері соншалықты ірі екендігінен жұбайымен жерленген бір батырдың сүйегі ме деп жорамалдадық. Бірден, ауыл имамын шақырып құран оқытқызып, заттарын орнына қойып, бетін жауып тастадық, – дейді Алғабас ауылдық өңірінің әкімі Сырым Жексенбиев.
Иә, Алғабас ауылы қойнауы тарихи құндылығына толы, қызықтырар жер көп қасиетті мекен. «Ашылмаған аралдары» бар қастерлі топырақ. Соның шапағаты, жерінің қасиеті шығар осы өлкеден туған Қазақстанымызға, қалың қазағына әйгілі, алыпқа балар нар тұлғалы азаматтар, қоғам қайраткерлері шықты. Қос академик, ғылым докторлары Нұрғали Мамыров пен Ерғали Нүсіпұлы осы өңірдің тумалары. Қос ғалымның ауылына жасаған жақсылығы жетерлік.Ондағы білім шаңырағына қосқаны көп. Жаңаталап ауылы мен Алғабас ауылының арасын арынды Шелек өзені бөліп жатыр. Нұрғали Мамыров ағамыз сол өзеннің арғы жағындағы Алғабас ауылынан мешіт тұрғызды. Ерғали ағаның осы өңір аумағында жүзеге асырған шаруалары да көңіл қуантады. Туризмді дамыту, шағын су электр стансаларын салу. Сондай-ақ оның Жіңішке, Алғабас өңірі негізінде зерттеп кешенді жұмыс жүргізу мақсаты да бар. Дәл осы ауылдан жалынды журналист, көркем сөз зергері, қарымы бөлек қаламгер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақ Бағаев шықты. Ұлы Отан соғысының және партия, кеңес қызметінің ардагері саналатын Қазтай Ұлтарақов, Құсайын Бижанов, Еңбек Ері Алтынбике Бертаева, Құрманғазы атындағы қазақтың ұлттық аспаптар оркестрінің қобызшысы болған Сәпихан Ыдырысова секілді жандар – ауылдың мақтанышы, ауданның мәртебесі.
Алғабас ауылы тұрғындарының аузынан «Ұлы күнгей» деген сөзді жиі естиміз. Шырайлы да шұрайлы жерінің қасиеті осында. Үш ай ғана қыс болатын, жазы жайлы да жайдары, ыстық болатын өңір. Мұндағы халық тонналап шөп жинап жатпайды. Төрт түлік мал «Ұлы күнгей» саналатын Бақалы секілді өңірлерден керекті азығын тауып, қыстан қысылмай шығып жатады. Далашықтай жайлаулары бар. «Қызыл қайнар» аталатын өңір қыстау мен көктеу, күздеудің құтты жерлері. Түні де жайлы, күні жылы өлкенің еңбеккер жандары сондықтан да қырық қабат, сәбіз, қияр, қызанақ секілді көкөніс түрлерін өсіреді. Бұл жер картоп өсірумен айналысуға да қолайлы. Үй жанындағы бау-бақшалары алма, алмұрт, өрік секілді жеміс ағаштарына гүлдеріне толы.
Тіршілік болған жерде мәселелердің де туындауы заңдылық. Алғабас ауылындағы іргетасы сонау өткен ғасырдың 1956 жылдары қаланып, салынған мектеп ғимараты қазір бастауыш мектеп. Осы ауылға жаңа жобалы бастауыш мектеп керек-ақ. Жаңа талап ауылындағы Мәдениет үйі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Ауыз судың жоба-жоспары жасалыпты. Көктемнен бастап жұмысы басталған.
Сырым Жексенбиевтей тәжірибелі, білімді, білікті ауыл азаматы әкім болып еңбек ететін бұл өңірде 146 зейнеткер, 58 ардақты ана тұрады. 68 шаруа қожалығы бар. Тұрсынғали Туғанбаев, Дәулет Қыдырбаев секілді шаруа қожалығының жетекшілері мақтауға тұрарлық. Алғабас ауылы – асыл тұқымды малдың аудандағы Отаны, ошағы іспетті. Мұнда Мұрат Тайкулов басқаратын «Кеген – АГРО» ЖШС-інде асыл тұқымды іріқара малдары өсіріледі. Мұнда 30 бас бұқасымен 376 бас ет бағытындағы асыл тұқымды «Герафорд» іріқарасы, 250 бас «Әулиекөл», 300 бас қазақтың ақ бас асыл тұқымды іріқаралары бағылып, өсірілуде. Олардың 2000 бас «Еділбай» қойлары да өрісінің сәні. Алғабас өңірінде Талғат Молдабаев басқаратын «Мұғалджар» ЖШС-інде 500 бас осы аттас асыл тұқымды, таза қанды жылқыларды өсіруде. Мұның бәрі заман талабы, уақыт үрдісі десек, Алғабас өңірінің осындай жақсылығы өзінің бір ерекшелігі, болмысындай. Бұл өлке ежелден жанға шипа, дертке дауа боларлық тамаша табиғаты, бойында емдік қасиеті мол суларымен де көз тартады. Ауыл азаматы Досжан Сыдыбаев басқаратын «Елдос» шаруа қожалығының «Сәрсебайдың шабысы» деп аталатын Жіңішке өзенінің жағасына орналасқан демалыс орны көп көңілінен шығуда. Бұл қожалықтың ағаш тілетін цехы, наубайханасы жұмыс жасайды. Уақытқа лайық кірпіш шығаратын қондырғылары бар.
Алғабас ауылында Әбдірахман Тойғұлов басқаратын ақсақалдар алқасы, Гүлдархан Тышқанбаева жетекшілік ететін әйелдер кеңесі, Рита Доғаева басқаратын жастар ұйымы жұмыс жасайды. Ауылдық әкімшіліктің іс басқарушысы Салтанат Қыдырбаеваның, салық жөніндегі маманы Байғали Бабалиевтің, округтің мал дәрігері Балпық Көшімбаевтың, бағдарламашы маман Рита Доғаеваның атқарар шаруалары да ауқымды. Алғабас ауылы әрдайым гүлдене берсін деп тілейміз.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы
Суретте: Алғабас ауылындағы азаматтарының көрінісі.