Осыдан тура 75 жыл бұрын адамзат тарихындағы ең бір қиын қыстау кезең –Ұлы Отан соғысы басталғаны тарихтан белгілі. Бұл қан майданда қаншама батырларымыз мерт болып, Отанына оралмады десеңізші. Олардың ерліктерінің арқасында Жеңістің жалауы желбіреп, бүгінгі таңда бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Жалпы, майдандағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі зор екені де белгілі.
Осындай соғыс кезінде екпінді еңбек еткен азаматтарды дәстүрлі түрде жыл сайын ұлықтап, қарттарын қадірлеу үшін Ұмтыл ауылдық округінің ұжымы біраз іс-шаралар атқару жағын да назардын тыс қалдырған емес. Ардагерлерді ардақтау мақсатында 9 мамыр күні округ әкімі Ришат Кулунчаков бастаған әкімдіктің бірқатар қызметкерлері 99 тыл ардагердің үйлеріне арнайы барып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап қайтты. Одан бөлек, әкімдік ұжымы қазыналы қарияларымызға мерекенің құрметіне орай төсбелгілерді де тағып, ризашылық тілектерін білдірді. Сонымен қатар, Алматы облысының мәслихат депутаты Әлібек Сәрсеновтің және «Алмалыбақ» ауыл шаруашылық кооперативінің демеушілігімен азық-түліктер мен және гүл шоқтары да табыс етілді.
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дегендей, ардагерлерімізді ардақтау, қашанда құрмет көрсету ұрпақтың парызы деп білемін.
Шынар ТӨЛЕГЕНОВА,
Ұмтыл ауылдық округі әкімдігінің бас маманы.