Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу – қанымызға сіңген үрдіс. Әсіресе, ел басына қара бұлт үйірілген қиын-қыстау заманда қолына қару алып, болашақ ұрпақ үшін қан майданда от кешкен ата-әжелерімізге құрмет көрсетіп, олардың ерлігін дәріптеу біздің міндет.
Жақында Райымбек ауылдық округіндегі Абай атындағы № 2 орта мектепте тыл ардагерлеріне арналған «Ел тірегі – ана» атты ауқымды концерттік кеш өтті. Округ әкімдігі және округ ақсақалдар кеңесінің ұйымдастырып, аталмыш білім ордасы қолдау білдірген шараға тыл ардагерлерінен бөлек, аудандық «Ардагерлер ұйымының» төрағасы Сағат Мәсімақынов бастаған қала мен ауылдық округтер ардагерлер мен аналар алқасының төрағалары мен төрайымдары, мүшелері қатысты.
Ата-әжелеріміздің ерлігіне құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараның шымылдығы аталмыш мектептің оқушылары дайындаған қойылыммен ашылды. Оның барысында білімгерлер соғыс майданында жүрген баланың жазған хатын оқыған ананың сезімі, жақындарының амандылығын тілеп отырған адамдардың радиодан соғыстың аяталғанын естіген сәттерінен көрініс қойып, кешке жиналған ардагерлердің көңілін толқытты. Арнайы дайындалған көріністер сұрапыл соғыстағы сын сағаттар естеріне түсірсе керек, қариялар еріксіз көздеріне жас алды.
Мұнан кейін Райымбек ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Леміс Әбдікерімов алғашқы сөзді алып, жиналған тыл ардагерлерін Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, ұрпақтарына бейбіт өмір сыйлағандары үшін алғысын білдірді.
– Бізге бейбіт өмір сыйлаған аталарымыздың, еңбек майданында жүрген әжелеріміздің ерлік ісі кейінгі ұрпаққа өнеге. Сол тұлғалардың қайсарлығы мен ерліктерінің арқасында бүгінде біз тыныш заманда өз елімізде өмір сүріп жатырмыз. Дендеріңізге саулық, сарқылмас күш-қайрат тілейміз! – деді округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Леміс атадан кейін округ әкімінің орынбасары Қуаныш Қожахметов, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Муленов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ақылия Бекбаева да сөз алып, тыл ардагерлеріне алғыстарын білдіріп, аталмыш шараға байланысты өз ойларымен бөлісті.
Арнайы шақырылған қонақтар сөйлеп болғаннан кейін Леміс Әбдікерімов бірқатар азаматтармен бірге жасы 100-ге таяп қалған әжелеріміз бен Қаскелең қаласының ардагерлер төрайымы Несіпбала Әбділдаева, Ақылия Бекбайқызы сияқты құрметті аналар мен көп жылдар еңбек еткен ұстаздарға «Ардақты ана», «Құрметті ұстаз» төс белгілері мен арнайы сыйлықтар табыстады. Айта кетейік, берілген сыйлықтар округтен сайланған облыстық мәслихат депутаты Жанна Жазықбаева, аудандық мәслихат депутаттары Нұрлан Ахмедсадықов, Талғат Ажибеков және Азамат Аширбековтың демеушілігімен дайындалған.
Шараны ұйымдастырушылар ардагерлерге деген құрметтерін осылайша көрсетте, мектеп оқушылары өздерінің ілтипаттарын арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларымен білдірді. Білімгерлер отансүйгіштік, ана туралы әндер орындап, патриоттық билер билеп, жиналған ата-әжелерге тамаша көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік кеш соңында ұйымдас-тырушылар ардагерлерге мейрамханада ақ дастархан жайып, құрмет көрсетті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.