Жамбыл ауданының орталығы – Ұзынағаштан солтүстік-батысқа қарай 133 шақырым қашық жатқан Мәтібұлақ ауылына барып қайттық. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы тың игерумен бірге ірге көтерген елді мекеннің құрылғанына биыл 69 жыл, осындағы мектептің ашылғанына 66 жыл екен. Газет тілшісін шалғайдағы ауылға мектеп бітіргендеріне 55 жыл толған түлектер шақырды.
Мәтібұлақтан әрі тағы 7-8 шақырым жүрсеңіз Отар теміржол бекеті, яғни Жамбыл облысының Қордай ауданы басталады. Қазақ даласын әнімен тербеген Кенен Әзірбаевтың ауылымен арасы жақын. Кенекең кезінде «Кіндік қаным тамған жер – Мәтібұлақ» деп жырға қосқан қазақтың қасиетті бір өлкесі осы. Құлжабасы тауының оңтүстік-шығыс баурайында, Қопа жазығында орналасқан бұл аймақтың жері шұрайлы, төрт түлік малға аса қолайлы, ырысты мекен.
Ел аузындағы аңыз-әңгімеге қарағанда, Мәтібұлақ атауының тарихы тереңде. 1729-30 жылдары осы елді мекеннің солтүстік жағында жоңғарларға қарсы әйгілі Аңырақай шайқасы өткен. Сол майданда жоңғарлар ойсырай жеңіліп, астамсыған жаудың беті қайтады. Шайқастан оралып келе жатқан жауынгерлер жол-жөнекей сусындап алмақ болып бір бұлаққа бұрылса, астындағы атын суарып тұрған жалғыз қызға кезігеді. Жөн сұрасқанда өзі қалмақ қызы, аты Мәті екен. Қыздың мөлдіреген сұлулығына тамсанған сарбаздар сол бұлаққа қыздың есімін беріпті.
Ал 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді жаппай игеру басталғанда Мәскеу қаласының түбіндегі Рославль танк дивизиясынан әскери қызметтен босатылған солдаттар тың игеру дүрмегіне ілесіп Қазақстанға келеді. Біразы осы жерге қоныстанып, астық өндіретін болашақ кеңшардың атын «Рославль» деп атапты. Сөйтіп 1954 жылдың желтоқсанында алғашқы қазығы қағылып, «Рославль» астық совхозы құрылады. 1959 жылдан бастап егінмен қоса мал шаруашылығын қатар өрістетіп, алдыңғы қатарлы ірі шаруашылық ретінде экономикасы дамыған, әлеуметтік жағдайы өркендеген елді мекенге айналған. Еселі еңбегімен мемлекеттік жоғары марапаттарды иеленген бірқатар азамат шыққан. Кеңшар 1997 жылы таратылғаннан кейін біраз жыл қиындықтарды бастан кешіп, кейінгі жылдары қайта өрлеу үстінде. 2008 жылы ауылға өзінің тарихи Мәтібұлақ атауы қайтарылған.
Ауыл әкімі Темірхан Мүкеевтің айтуынша, бүгінде мұнда 2 мыңға жуық адам тұрады, округ орталығы – осы. Мәтібұлақ ауылдық округінің құрамына 8 ауыл кіреді. Олар: Мәтібұлақ, Таңбалытас, Еспе, Шилібастау, Жайлау, Жартас, Қызылтаң, Қарабастау елді мекендері. Округтегі халық саны 4 мыңнан асады.
Түлектер кездесуі Мәтібұлақ орта мектебінде өтті. Бұдан 55 жыл бұрын соңғы қоңырауда осыннан үлкен өмірге аттанғандар сонша уақыттан кейін бір-бірімен қайта қауышты. Жан-жақтан туған жерге деген перзенттік жүректері алып-ұшып жетіп, арқа-жарқа болысты. Дәл осы ыстық ұямен жарты ғасырдан астам бұрын қимай қоштасып, өмірдің сан тараулы жолымен кеткендер бүгінде жетпістен асқан ақ самайлы ата-апалар. Сонда да бір-біріне деген кіршіксіз көңілдері сол қалпында. Тай-құлындай тебісіп өскендер сонау шәкірттік шақтарын, ауылдың өсіп-өркендеуін еске түсіріп, мектепке ала келген сыйлықтарын тапсырды.
Мектепті 1968 жылы бітіргендерден Дәулет Әбенов мынадай қызықты естелік айтты:
– Отар бекетінде туып-өсіп, сондағы жетіжылдық мектепте, ал 8-сыныптан осында оқыдым. 1962 жылы көктемде шаруашылықты көруге Н.Хрущев келетін болып, Отар мен осы ауылдың арасын аз күнде жарқырата асфальттап тастады. Сабақты жақсы оқитынымнан шығар, КСРО басшысының алдында сөйлеуге мектепте мені дайындады. Келеріне бір күн қалғанда Отар теміржол бекетінде жүк вагонынан сүліктей қара екі «Чайка» автокөлігін түсірді. Баламыз ғой, қызығып сипап көріп, айналасында жүрміз. Ертеңінде бекет жанында салтанатты қарсы алуға тізіліп күтіп тұрдық. Үкімет пойызынан шләпі киген Хрущев шықты. Екінші болып Қонаев атамыз түсті. Дінмұхамед Ахметұлы сонда ердің жасы 50-де, таудай биік тұлғасымен маңдайы жарқырайды. Оның артынан жазушы Сәбит Мұқанов көрінді. Жанымызға келіп, елдің «Бірінші адамы» орысша амандасты.
Мен жаттап алған сөзімді айттым: «Құрметті Никита Сергеевич ата, Дінмұхамед ата, Сәбит ата, қош келдіңіздер! Біз, жас ұрпақ, сіздердің жолдарыңызбен жүріп, ұятқа қалдырмаймыз» деп басталған тілегімді айтып болғаным сол еді, сценарийден тыс жағдай болды. Ауылда жұрт «қортық Қасым» атап кеткен бір кісі бар еді. Бойы аласа, жасы 70-ке таяған, өзі ашық-жарқын, ақкөңіл, сондай тамаша адам болатын. Сол ата маған жақындау тұр еді, алдымызда тартылған қызыл лентаны көтеріп жіберіп, астынан өтіп Хрущевтің жанына жетіп барып, «Ассалаумағалейкүм, ақ патша!» – деді. Өкімет адамдары, күзеттегілер бәрі енді қалай болар екен дегендей демдерін ішке тартып бір сәт жым болды. Қызыл бөрік киген атамыздың ұсынған қолын «Здравствуйте!» деп, әдеттегіше даусын көтере алып тұрып, Хрущев: «Как поживаете?» деп сұрады. Қасым ата: «Хорошо поживаем, ақ патшам. Мына Қонаевтың арқасында бізде бәрі жақсы!» – деп тақ еткізді…
– Сонда тақпақты жақсы айттым ба, әлде жетімдігімді сезді ме, білмеймін, Қонаев үлкен алақанымен менің басымнан сипады. Қасиетті адам ғой, шапағаты тиді деп ырымдадым, мектепті де, жоғары оқу орнын да өте жақсы бітіріп, өмірде біраз жетістікке жеттім, – дейді Алматыда, республика деңгейінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған, кейіннен көптеген ізгілікті істерімен елге танылған қоғам қайраткері, Д.А.Қонаев атындағы қоғамдық-қайырымдылық «Сауап» қорының президенті Дәулет Тоғайұлы.
Түлектердің ішінде еңбегімен жетістікке жеткендер көптеп саналады. Олардың арасында ғалымдар, белгілі кәсіпкерлер, туған жерді түлетуге елеулі үлес қосқан қарапайым еңбек адамдары, өңірдің Құрметті азаматы атанғандар, көпбалалы аналар бар. Солардың бірі, ауданда бірнеше шаруашылықта бас зоотехник болып, мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқан Анарбек Нұрланғазиев кезінде Алматы облысында 3 тың игеру шаруашылығы құрылғанын айтады. Олар – Қаскелең, Іле және Рославль астық кеңшарлары. Рославль шаруашылығында 34 мың гектар жер жыртылып, егін егіліпті. Арпа мен бидайдан мол өнім алынған. «Дегерес жылқы зауытында жылқышы болған әкем Нұрланғазы Қырықбаев менің төрт жасымда осында көшіп келіпті. Шаруашылық 1959 жылы «Рославль қой кеңшары» болып өзгергенімен, егістік көлемін азайтпай, мал өсіруді қатар жүргізді. Әкем бір отар қошқар бақты. Кеңшарда қой саны 100 мың басқа жеткен. Кейін жекешелендіру кезінде малдың барлығы баспа-бас айырбасқа, яғни қолма-қол ақшаның тапшылығынан бартерге кетті ғой», – дейді ол.
Тағы бір сыныптасы, көпбалалы ана Кеңесхан Байсейітқызын әңгімеге тарттық:
– Біздің отбасы мұнда 1955 жылы көшіп келді. Әкем мал дәрігері болып қызмет етті, шешем, менімен қоса төрт баламен осында тұрақтадық. Әкем соғыс ардагері еді. Біз келгенде әр жерде бірлі-жарым ғана барак типті там болатын. Аз уақыттың ішінде адам күші мен техникаға толып, үлкен бір астық кеңшарына айналды. Сол кездің заманауи үйлері бой көтеріп, клуб, мектеп, кеңсе, аурухана, балабақша салынды. Өзім осы мектепті бітіре салып, тұрмыс құрдым, Қыздар институтын сырттай аяқтадым. Марқұм күйеуім Құрманбай Жұмағұлов та осы ауылдікі еді, екі жоғары білімі бар, Қарабастау, Еспе, Мәтібұлақ фермаларында басқарушы, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, механик, инженер, егін шаруашылығында бас агроном болып, 31 жыл жұмыс істеді. Осында өніп-өстік. Алты бала тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Балаларым білім, қорғаныс, ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етеді. Екі қыз, төрт ұлдан тараған немерелерім де сондай қызметтерде. Осында еңбек пәнінен сабақ беріп, зейнетке шықтым. Бұл мектепте балаларым, 20 шақты немерем оқыды, биыл Дәнел, Диас, Ерсін есімді үш немерем осы мектепті бітіріп отыр. Сондықтан туған үйімдей болып кетті десем болады. Мінекей, 55 жылдан кейін дәл осында сыныптастармен кездесіп, көңіліміз толқып тұр, – дейді Мәтібұлақ ауылының тұрғыны Кеңесхан апа.
Ал тың игеруге Ресейдің Орал аймағынан келгендердің ұрпағы Надежда Сакипова әкесі Михаилдың осында агроном болып жұмыс істегенін айтып, бұл жердің өзіне ыстық екенін тебірене жеткізді. «Менің балалық шағым осында өтті. Алдымен менің үш жасымда 1953 жылы Отарға түсіппіз. Мұнда келгенімізде ес білген кезім. Отардағы мектепке жаяу, кейде жүк көлігімен қатынап оқыдық. Мектеп салынғанда қандай қуандық десеңізші! Отаным осы жер деп есептеймін. Әрдайым сағынып тұрамын. Қаладан келгенімде ауасын құшырлана жұтамын. Туған жердің қасиетін жан-жүрегіммен осыннан сезінемін. Қалаға оқу іздеп, арман қуып кеткенімізбен, ауыл біздің мәңгілік сағынышымыз, оған қайтадан ораламыз», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Н.Сакипова.
Алғашқы ауыл мектебі 1957 жылы ашылып, қазіргі ғимараты 1976 жылы салынған. Ыстық ұясына келген түлектерді мектеп директоры Мәрия Қадырова жылы қабылдап, олардың өмір жолдары, жасаған ізгі істері, жеткен жетістіктері, перзенттік парыздарын сездіруі жастарға үлгі-өнеге екенін айтып, алғыс білдірді. Мәрия Қапашқызының айтуынша, биылғы оқу жылында мұнда 262 оқушы білім алды. Олардың арасында 49 оқу озаты, 104 екпінді оқитындар бар. 37 мұғалім жұмыс істейді. Мектеп жанындағы «Шұғыла» шағын орталығында 50 бала тәрбиеленеді. Мектепте баскетбол, футбол, волейбол, шебер қолдар, қызықты математика, дойбы, шахмат, хор, домбыра, «Асыл мұра» үйірмелері жұмыс істейді.
Биыл мұнда 12 оқушы мектеп бітірді. Болашақта олар да осы ата-апалары сияқты елге қызмет етсін деген тілекпен аттандық ауылдан.
Суреттерді түсірген: автор.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Мәтібұлақ ауылы,
Жамбыл ауданы.