24 мамыр күні, Қапшағай қаласындағы демалыс орындарының нысандарының дайындығына байланысты, қалалық әкімдіктің мәжіліс залында жиын өтті, деп хабарлайды Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков жетекшілік еткен жиынға Қапшағай қаласының прокуроры Бахытбек Қарымсақов, табиғат қорғау прокуратурасы прокурорының орынбасары Жарқын Қаптағаев, Алматы облыстық тосын жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімі басшысы Игорь Жуков, ҚР ІІМ қарасты төтенше жағдайлар департаменті облыстық басқармасының жедел құтқару отряды басшысының орынбасары Берік Найзабеков, Алматы облыстық көлік бақылауына қарасты су көлігін бақылау инспекциясының бас маманы Әсет Смайылжанұлы, құқық қорғау органдары басшылары, сол сияқты демалыс орындарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында Қапшағай су қоймасы жағалауында демалушыларға 190 демалыс орындарының 146-сы мен он қонақ үй кешенді тұрақты қызмет көрсетіп келе жатқандары айтылды. Сондай-ақ, өткен, 2018 жылы осы аймақта демалғандардың жалпы саны 400 мың адамды құрады. Бұл көрсеткіш Қапшағай экономикасына, өндіріс пен ауыл шаруашылығынан бөлек, туризм кластері өз үлесін қосып жатқанын білдіреді. Сонымен қатар, басқосуда демалуға келетіндердің суда болу ережесін сақтау арқылы төтенше жағдайларды болдырмауды, судағы су көлігін қауіпсіз пайдалану, өрт қауіпсіздігін сақтау секілді шараларды қамтамасыз етілу керек екендігі де кеңінен айтылып өтті.