Алматы облысына қарасты Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылының Николай Дыцель есімді жасөспірімі желіде жұртшылықты сүйсіндіріп, белгілі фотографтар мен көпшіліктің назарына ілікті. Желі қолданушыларын ол таза қазақ тілінде сөйлеп, қазақтың ұлттық спорт түрі – көкпарды дәріптеп жүргенімен таңқалдырды. Ат құлағында ойнайтын бала осылайша жомарт жандардың да көзіне түсіп көңілінен шығыпты. Наурыз мейрамына орай Кеген ауданында өткізілген көкпарда спорт жанашырлары сәйгүлік сыйлап, оған ерекше тарту жасады. Көкпар кезінде тұлпарды Түрік-мәдени орталығының төраға орынбасары Расул Ахметов ресми тапсыра отырып, Николайға ат сыйлау идеясы қайдан келгенін айтып берді.
– Бір ай бұрын мені «Ел» бағдарламасына шақырды. Сол жерде Николай Дыцелмен таныстық. Оған ат мінгіземіз деген уәде берген едік. Уәдемізді бүгін орындап отырмыз. Қазақстан Халқы Ассамблеясы атынан, Түрік-мәдени орталығының төрағасы атынан ат сыйладық. Бұл көктем басталғанда, Наурыз мейрамы кезіндегі керемет іс-шара деп ойлаймын. Уәде бергесін, оның жауапкершілігі болады. Шымкенттен атты таңдап, бірнешеуінің суретін қарап, ішінен жақсысын таңдап, сатып алдық. Бүгін, міне, Шымқаладан, Жалаңаш ауылына алып келдік, – дейді Түрік-мәдени орталығының төраға орынбасары.
Ауыл маңында көкпар тартып жүріп, бүкіл елге танымал болған шикіл сары неміс баласы жылқыға қызығушылығым одан сайын арта түсті дейді.
Бүгінде көкпаршы Николайдың жасы 14-те.
Николай Дыцельдің туған жері – Қостанай облысы. Бала бір жасқа толғанда ата-анасы Алматы облысы Кеген ауданының Жалаңаш ауылына қоныс тепкен. Қазақ мектебінің 9-сыныбында оқиды. Айтуынша, алты жасында атасы ашамайға мінгізген. Сол кезден бері қамбар ата түлігіне деген құштарлығы ояныпты. Жігіттің өнері мен қайратын сынайтын ұлттық спортпен мықтап айналыссам деген жоспары бар.
«Жылқыға атам баулыды. Үйдегі ұсақ малды қайырып келуге мені жұмсайтын. Біртіндеп жылқыға әуестік пайда болды. Алты жасымда, енді атқа міне бастағанда бір-екі рет құлап та алдым. Бірақ, жасып қалған жоқпын. Өсе келе атам тай алып берді. Соны үйретіп, достарыммен бірге ауыл арасында мініп жүрдім. Тайымды баптап, бәйгеге де қостым. Ақырындап сәйгүлікке бой үйретіп, құштарлығым оянды. Ара-тұра ауылдастарым көкпар тартады. Көк серкені тақымға басқан ағаларды көріп, осы сайысқа қызыға түстім. Атым өсіп-жетілген соң көкпар тартысына кірдім. Қазір ұлттық ойынның қыр-сырын толығырақ меңгеріп қалдым», – дейді Николай.
Неміс баласының көкпар тартып жүргеніне екі жыл болған. Анасы Динара Жақашеваның айтуынша, басында олар баланың атқа мінуіне қарсылық танытқан. Бір жағдайға ұшырап қалса, қалай болар екен деп алаңдаған. «Николай кішкентай кезінде бұзық болды. Қазір қазақ мектебінде оқиды. Орыс мектебіне беріп едім, онда оқи алмады. Бірінші сыныпты ғана орысша оқыды. Екінші сыныпқа көшерде «мен қазақ мектебіне ауысамын, қазақ мектебінде оқимын» деп бой бермеді. Бокс, каратэ үйірмелеріне бердік. Бірақ жылқыны таңдады. Кешке дейін атқа мініп салпаңдаған соң атын да сатып жібердім. Үйде отырмайтынды шығарды. Қазір жылқы басын көбейтіп жатыр. Ат баптағанды ұнатады. Әкесінің жылқыға құмарлығы жоқ. Никоша қайсысы тай, қайсы құнан, ат екенін ажырата біледі», –дейді анасы.
Николай болашақта ауылда қалып, мал басын көбейткісі келетінін айтады. Асыл тұқымды жылқы өсіруді көздейді. Қазір төрт бас тұлпары бар.
Бозбаланың қамбар ата түлігіне, көкпар сайысына қызығушылығын байқап, біз де «үлкен көкпарға шыққың келе ме?» деп сұрадық. «Әзірге ешкім командаға шақырған жоқ. Бірақ, шақырса келемін. Себебі, мен командалық көкпарға ерекше қызығамын. Алматы облысы Кеген ауданында көкпардың бұл түрі дамымаған. Тек ауыл арасында, жиын-тойда көкпар тартамыз. Елімізде өтіп жататын чемпионаттарға қатыспаймыз. Командалық көкпарда бақ сынасам деймін», – дейді атқұмар бала.
Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын досының туған күніне орай ұлттық ойында бақ сынап жүрген Николай Дыцель әлеуметтік желі жұлдызына айналды. Жылқықұмар жеткіншек журналист, фотограф Ернар Алмабектің камерасына іліккен болатын. Динара Жақашева ұлын осындай танымал еткен фотограф Ернар Алмабекке ерекше алғысым шексіз дейді.
– Ернар Алмабек ұлымды бір күнде танымал етті. Николайдың бейнежазбасын бірнеше отандық БАҚ жариялап, өзін теледидарда түрлі бағдарламаға шақырып жатыр. Бірақ Ернар Алмабек көпке танытқан соң, ол жігіттен аттап кете алмадық. Кім хабарласса да «бірінші Ернарға хабарласыңыздар» деп айтып жатырмыз. Оның еңбегі зор, – дейді Николайдың анасы.
Фотограф Ернар Алмабек 14 жастағы шабандоз Николай Дыцельді кездейсоқ көріп қалғанын айтады. Кейін фотоға түсіріп бейнажазбасын жариялаған. Аталмыш видео миллионнан астам қаралым жинап, оған мыңдаған адам пікір қалдырған. Қазақ тілінде таза сөйлейтін неміс ұлтының баласы көптің ықыласына бөленді.
«Николай танымал болғасын, БАҚ-тан хабарласатындар көбейді. Кезекті журналистердің шақыртуымен «Ел» бағдарламасына қонақта болдық. Бұл бағдарламаға барған себебіміз көкпар мамандары келеді деді. Николай болашағын осы көкпармен байланыстырып отырғасын, сол кісілерден ақыл кеңес, ұлттық құрамаға қабылдану жолдарын сұраймыз деген ойымыз да болды. Алматы облысы бойынша көкпардан жастардың жаттықтырушысы Дербіс Байділдаев ағамыз келген екен. Сол кісі Никошамен жеке сөйлесті, жасөспірімдер құрамасынан қабылдайтынын айтты», – дейді Ернар Алмабек.
«Ел» бағдарламасында қонақта болған Алматы облысы бойынша көкпардандан жастарды жаттықтыратын Дербіс Байділдаев кейіннен Николайды Панфилов ауданындағы Алматы облысы ұлттық ат спортын дамыту дирекциясына шақырып, оны облыс бойынша жасөспірімдер құрамасына қабылдаған. Көкпар жігіттің төзімділігін сынап, атқа мығым отыруды үйретеді. Николайды кішкентай кезінен бастап атасы атқа мінгізіп үйреткен. Өзі де төрт түлік малға жақын болып өскен.
– Мектеп жасына келген кезде өзім атқа мініп, ары-бері шапқылап, үйде азын-аулақ мал бар, соларды қайырып келетінмін. Содан есейе келе достарыммен бірге ауылда өтіп жатқан көкпар ойынын көруге жиі баратынмын, қызығушылық пайда бола бастады. Соны байқаған жерлес ағаларым – Шамғұнов Есбол және Сырлыбай Нұрым ағаларым: «Көкпар жігіттің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады», – деп баулыды. Содан бастап атам маған ат баптауды, күтуді үйретті. Атама, Есбол мен Нұрым ағаларыма көп рақмет, – дейді шабандоз Николай.
Қазіргі күнде Николай Алматы облысы бойынша жасөспірімдер құрамасы сапына қосылу үшін құжаттар дайындап жатыр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.