Президенттіктен үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі республикалық және облыстық қоғамдық штабтардың мүшелері Қарасай ауданындағы еңбек ұжымдарымен, көпбалалы аналармен, бизнес-қоғамдастықтың және жастармен кездесті.
Астана қаласынан арнайы келген республикалық штабтың құрамында ҚР Парлементі Мәжілісінің депутаттары Айгүл Құспан, Маггерам Магерамов, Қазақстан мәслихат депутаттар бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев болды. Олардың Қарасай жеріндегі алғашқы жүздесуі аудандық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен өтті. Аталған жұмыс тобының өкілдері аудан жұртшылығымен кездесіп, ҚР Президентіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарына тоқталды. Соның ішінде бағдарламада халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға басымдық берілгені кеңінен сөз болды. Өйткені аталған құжатта әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді шешудің тиімді жолдары қарастырылған. Одан кейін республикалық штаб мүшелері «Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне арнайы барып, ұжыммен кездесті.
Дәл осы күні облыстық штаб та кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізді. Бұл жұмыс тобының құрамында Жандарбек Далабаев, Әскербек Абаев, Дмитрий Беков сынды қоғам белсенділері бар. Олар Үшқоңыр су шаруашылығы коледжінің студенттерімен, аудандық және Береке ауылындағы Мәдениет үйлерінде тұрғындармен, бизнес өкілдерімен жүздесті. Жиын барысында жұмысшы құқығы күшті кәсіподақтар мен қатаң мемлекеттік қадағалау арқылы қамтамасыз етілетін бәсекеге қабілетті және қауіпсіз еңбек ортасын құру туралы сайлауалды бастама кеңінен сөз болды. Ал, жастармен өткен басқосуда олар бағдарламаның әлеуметтік бағытына жан-жақты тоқталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.