Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікір таласқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшінде айрықша мәні бар киелі ұғым.
Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады.