Әр дәуірде қоғамның мәдени өмірінің айнасы, білім мен ілімнің қайнар бұлағы кітапхана екені хақ. Сондай мекеменің бірі әрі бірегейі – Қарасай аудандық кітапханасы.
Білім ордасының тарихына көз жүгіртсек, 1928 жылы іргетасы қаланып, алғашында Қаскелең станциясындағы шіркеудің бір бөлмесінде ашылған. Қаскелең ауылына 1963 жылы қала статусы берілген соң, аудандық кітапхананың жұмысы жақсарып, Алматы көшесіндегі бұрынғы әскери комитеттің үйіне көшірілген.
Кітапхананың қазіргі директоры Ұлдархан Өтееваның айтуынша, 1973 жылы орталықтандырылған кітапхана жүйесі құрылды. Ал 1986 жылы жаңа нысан құрылысы салынып, кітапхана ғимараты қазіргі орнына, яғни Абылайхан көшесі, 211 «а» мекенжайын қоныстанған. 1999 жылы орталықтандырылған кітапханалық жүйе қысқартылып, «Мемлекеттік мекеме Қарасай аудандық кітапханасы» ретінде өз алдына дербес мәртебеге ие болған.
Қарасай аудандық кітапханасының мекемесі оқу залы, абонемент бөлімі, кітап қорын толықтыру бөлімдерінен тұрады. Сонымен қатар, заман талабына сай қызметтік деңгейді көтеру мақсатында жастарға арналған компьютерлермен жабдықталған коворкинг жұмыс істейді. Мұнда әр дүйсенбі IT саласы бойынша сабақтары өтіп, «Өлең – сөздің патшасы» атты жас ақындарды ақындыққа баулуға арналған шығармашылық сағаты болады. Кітапхана қорында 420 014 дана кітап бар және жыл сайын 31 000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді.
Аудандық кітапхана білім іздеушілердің сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, әртүрлі маңызды іс-шараларды ұйымдастырады. Мәселен, танымал ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Исраил Сапарбайдың шығармашылығына арналған «Ақын әлемінің әсем үні» атты және ақын, жазушы Бекен Ыбыраймен «Жерлесіміз – біздің мақтанышымыз» деген сияқты көптеген кездесу кеші өткен. Ал мұндай игі шараларды ұйымдастыру кезінде кітапханашылардың еңбектері елеулі.
Қарасай кітапханасының тарихы ұлттық құндылықтың, рухани мәдениеттің сабақтастығын паш ететін жарқын үлгі болып табылады. Бұл оқырман ордасы – тек кітап қоймасы емес, өткен мен бүгінді жалғаған, болашаққа бағдар беретін қасиетті шаңырақ.
Оқырман орталығының осы уақытқа дейін жеткен жетістігі де аз емес. Мысал ретінде былтыр маусым айында өткен «Jana Kitaphana – 2024» байқауына қатысып, «Заманауи кітапхана» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталуын ерекше атап өтуге болады.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ