Аптаның бейсенбісі күні аудан әкімі Жандарбек Далабаев жоспарға сай аудан тұрғындарының жеке өтініш-тілектері бойынша кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, 30 қарасайлықтың мұң-мұқтажын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Барлық бөлім басшылары қатысқан жиында тұрғындар, негізінен, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, жер алу, көшелердегі жол мен жарықтың жоқтығы, атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу және басқа да мәселелер бойынша өтініштерін білдірді.
Аудан басшысына бірінші болып шағымын айтқан, таяуда өткен әлем кубогыне қатысып, үшінші орын алып келген ауданымыздың белбеу күресі шебері қаскелеңдік Раиса Нургазиева осы уақытқа дейін қаншама жарыстарда еліміздің, ауданымыздың атын шығарып жүрсе де аудан тарапынан бірде-бір көмек көрсетілмегенін айтып, өкпе-назын білдірді. Сондай-ақ, жалғыз басты ана бүгінде қолында бакалавр мен магистр дипломы бар болса да мектепке жұмысқа орналаса алмай отырғандығын айтып, осы мәселенің шешілуінде көмек көрсетуді сұрады. Үлкен жарыстарда еліміздің көк туын көкке көтеріп жүрген тұрғынның өтінішін тыңдаған Жандарбек Ермекұлы ол туралы осы кезге дейін естімегендігін айтып, алдағы уақытта барынша көмек көрсететінін жеткізді. Тіпті, мамыр айында әлем чемпионатына лицензия алуға Ташкентке баратын Раисаға демеушілік жасап, бар құрметпен шығарып салатындығын жеткізді. Оған қоса, өзінің орынбасары Айжан Назарбаеваға қаскелеңдік спортшы қызды биыл мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналастыруды тапсырды.
Қабылдауға келген ауданымыздың бір топ желтоқсаншылары да бірқатар мәселені көтеріп, көмек сұрады. Нақтырақ айтқанда, желтоқсаншы Бекарыс Толыбаев өзінің 30 жылдан бері қолөнер шеберлігімен айналысып келе жатқандығын тілге тиек етіп, алдағы уақытта осы бағытта балаларға арнап мектеп ашқысы келетіндігін түсіндіріп, аудан әкімінен оны тұрғызуға 10-15 сотық жер тауып беруді өтінді. Бұған аудан әкімі бүгінде ауданда бұл мәселесі өте күрделі екенін, жер болмаса да бір нысан тауып беруге тырысатындығын айтты. Тағы бір желтоқсаншының айтуынша, бүгінде оларға газды тегін қолдану үшін «АлматыГазСервис-Холдингі» арнайы сертификат берген, алайда, «Тәуекел газ» бен «Сигма» компанияларының тарапынан ешқандай жеңілдіктер көрсетілмей отыр. Туындаған мәселені мұқият тыңдаған аудан әкімінің орынбасары Айдын Әуесбайға аталған екі компанияның басшылықтарын шақырып, мәселені жақын арада шешіп беруді тапсырды. Бұған қоса желтоқсаншылар ауданымызда ұйымдастырылып жатқан көптеген іс-шараларға өздерін жиі қатыстыруын сұрады. Жандарбек Далабаев бұл өтінішті қуана орындайтындығын жеткізіп, алдағы өткізілетін іс-шараларға міндетті түрде желтоқсаншыларды шақырып отыратындығын айтты.
Сонымен қатар, аудан басшысына көксайлық Зияддин Азизов ауылдағы мектеп мәселесімен жүгінді. Ауыл тұрғынының айтуынша, Көксайда 800 балаға арналған мектепте бүгінде 2400 бала оқып жатыр. Оған баратын балалардың көбісіне басқа жақтардағы мектептерге бару алыс әрі қиын. Аудан әкімі мектеп мәселесі бұрыннан назарында екенін алға тартып, бүгінде жаңа мектеп тұрғызу үшін жер телімі іздестіріліп жатқандығын жеткізді. Тұрғынның көтерген тағы бір мәселесі – ол тазартылмай жатқан қоқыс. Нақтырақ айтқанда, оның айтуынша, ауылдың төменгі жағындағы жерді бір адам шаруа қожалығын дамытамын деген бағытта алған, алайда, бүгінде ол жер қоқыс полигонына айналған. Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Қанат Айманов жауап беріп, аталған мәселе жер инспекциясына хабарланып, бүгінде тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.
Жалпы, жиында аудан тұрғындары өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оларға жауапты бөлім өкілдерінен жауап алды. Сонымен қатар, бұл кездесуде негізінен көтерілген мәселелер аудан әкімдігінің бақылауында екені және алдағы уақытта осы көтерілген жайттар өз кезегінде ретімен шешілетіні айтылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.