Бүгінде «Шағын және орта бизнесті дамыту» бойынша жұмыстар ауданда жүйелі жүргізілуде. Кәсіпкерлікті қолдау мен жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде бірқатар нысандар ашылып, бизнес өкілдерінің саны артқан. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланғанның бірі — Шалқар ауылының тұрғыны Ғалия Қожамбергенова. Ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 583 400 теңге қайтарымсыз грант иеленіп, тігін цехын ашты.
Ғалия Ордамбайқызы 1966 жылы Өзбекстан елінде дүниеге келген. Ташкент қаласындағы политехникалық университетттің «инженер-құрылысшы» мамандығы бойыншы диплом иегері атанды. Одан кейін Кеңес одағы ыдырап, әр мемлекет өз алдына бөлініп шығып жатқан кезде Ғалия әпкеміз ата қоныс Қазақстанға көшуді жөн санайды. Осылайша Қарасай ауданына қарасты Жандосов ауылдық округіндегі Шалқар ауылына қоныстанады. Елге келген соң тіршіліктің қамы үшін саудамен айналасуға бет бұрып, осы салада 2000 жылға дейін еңбек етті. 2001 жылы үйіне жақын жерден, яғни, Шалқар ауылынан шарап өндіретін зауыт ашылып, сол жақта 15 жылға жуық жұмыс істеді.
Десе де бала кезінен тігін тігіп, мата қиюды жаны сүйетін ол осы іспен айналысуды армандады. Сондықтанда Қаскелең қаласындағы арнайы киімдер тігетін цехтан жұмыс істеуге ұсыныс түскенде бірден қабыл алған. Жанына жақын салада жемісті жетістіктерге жетіп, цехтың басшысына дейін көтеріледі. Бұл жерде еңбек еткен Ғалия әпкеміз көп тәжірибе жинады, тігіншілік саласында өзін әбден шыңдады десек артық айтпағанымыз. Осы қабілетін дұрыс бағытта қолдануды ойлаған кейіпкеріміз өзінің кәсібін ашып, шәкірт тәрбиелесем деп армандайды. Осылайша Ғалия Ордамбайқызы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына келіп, алдымен іскерлік әлемінің қыр-сырына қанығу үшін қазіргі жағдайға байланысты 21 күндік онлайн курстан өтеді. Қолына сертификаты тиген соң аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бойынша бизнес жобасын сәтті қорғап, 583 400 теңге қайтарымсыз грантқа ие болады. Грант қаражатына үш тігуге арналған және артық жіптерді бір уақытта кесуге және кесіп тастауға мүмкіндік беретін мамандандырылған тігін машинасын сатып алды. Құралдарын сайлап алған ол Қаскелең қаласындағы бизнес орталықтардың бірінен орынды жалға алды. Мемлекет тарапынан білдірілген қолдауды алған соң ол қазіргі таңда кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың біріне айналған. Ғалия Ордамбайқызы өзі әбден меңгерген бағыт арнайы киімдер тігуді жөн санайды. Оған Алматы қаласынан бөлек Семей, Өскемен, Астана сынды шалғай аймақтарда кәсіпкерлер тапсырыстар беруде. Сонымен қатар, тігін ісіне қызығушылығын танытқан қыз-келіншектерге де білгенін үйретіп жүр. Ғалия әпкеміз қазір уақытта үш тігіншіні жұмыспен қамтып отыр. Кейіпкеріміз бұнымен шектеліп қалмақ емес, мемлекет тарапынан кәсіпті дамытуға бағытталған аз пайызбен берілетін несиеге де өтінім беріп қойыпты. Оны алған соң бизнесін одан әрі жандандырып, 30-40 адамға жаңа жұмыс орындарын ашсам деген жоспары бар екен.
Өз кезегінде Ғалия Ордамбайқызы кәсібін бастауда мемлекетік грантқа ие болуға дұрыс жол сілтеп, көмек көрсеткен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалы мен аудандық Жұмыспен қамту орталығының басшылары мен қызметкерлеріне үлкен алғысын білдіреді. Осылайша, аудан тұрғындары мемлекеттен шағын және орта бизнесті дамытуға көрсетілген көмекті ұтымды пайдалана білуде.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Суретте: кәсіпкер Ғ.Қожамбергенова, «Атамекен» ҰКП Қарасай аудандық филиалының директоры О.Жанәділ мен менеджері Е.Константинова.