Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал, мәдениеттің күретамыры адамның ақыл ойы мен іс-әрекетінен туындайтын материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл тұрғыда тарихи-мәдени құндылықтарымызды қалпында сақтап, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында жұмыс істейтін музей қызметінің мәні зор. Осы ретте өткен аптаның бейсенбі күні ауданымыздың өткен тарихынан сыр шертетін тарихи-өлкетану музейі өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті.
Ауданымыздың 90 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған бұл мерейтойға аудан әкімінің орынбасары Күлжан Әділханқызы, жас ақындар, мәдениет пен тіл жанашырлары мен аудан тұрғындары қатысты.
Өңіріміздің тарихи-мәдени мұрасын жинап, сақтап, халыққа насихаттап отырған бұл музейдің мерейтойына арналған шара ауданымызда ғана емес, сондай-ақ, елімізде танымал қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысудан басталды. Аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі көрмеде жиналған қауым көптеген халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда жеңімпаз атанған Күлән Жаңғұттының, Арнұр Асқарұлының және Бекдайыр әулетінің ағаш, темір мен күмістен ойып жасаған бұйымдары мен мүсіндерін, ұлттық нақышта киізден тігілген киімдерін, құрақ көрпе және т.б. қолөнер туындыларын тамашалады.
Сонымен қатар, ауданымыздағы «Анаға құрмет» музейі мен «Батыр бабаларға тағзым»мемориалынан алынған экспонаттар да көз тартып тұрды. Сондай-ақ, оның барысында қамшы жасау мен құмыра құюдан шеберлік сабақтары өтті.
Мұнан кейін жиналған қауымның назарына тарихтағы көшпенділер өмірін бейнелейтін әрі тарихи мұрамызбен жақынырақ танысуға ерекше мүмкіндік беретін «Номад» этномәдени орталығы сарбаздарының ежелгі бабаларымыздың жауынгерлік һәм шеберлік өнерін көрсеткен қойылымдары ұсынылып, келушілердің көңілінен шықты. Мұнда орталық қызметкерлері сақ, ғұн, түркі халықтарының ежелден келе жатқан әскери тәсілдерін және киім мен қаруларының үлгілерінен арнайы дайындалған түпнұсқаларды таныстырды. Ал, аталмыш орталықтың қызметкері Данияр Байдаралин жауынгер сақтардың заманында қалыптасқан «бес қару» ережесін кеңінен түсіндірді.
Келесі кезекте «Тереңге тартқан тамыр» атты салтанатты шара басталып, тұрғындар аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаларды тамашалады. Салтанатты жиын музейдің кешегі тарихы мен бүгінгі өмірі көрсетілген бейнероликтен басталып, кешке арнайы келген халықаралық және республикалық деңгейде жеңімпаз атанған, белгілі жас айтыс ақындары Сырым Әуезхан, Қанат Мырзахан мен Аяулым Жұмабекқызының арнауларымен жалғасты. Мұнан кейін сахна төріне тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев шығып, музей тарихы жайында кеңінен айтып өтті.
– Қазақта «Бейтаныс адам – бітеу жаңғақ» деген сөз бар. Музей біреулерге алыстан бұлдырап көрінетін бейтаныс әлем болып елестейтін шығар. Бірақ, шын мәнінде, музей – тарихи сананы қалыптастыратын ғылыми орталық. Тарихты білу – құр мақтангершілік емес, өткеннен сабақ алып, болашақ алдындағы міндеттерін жан-жүрегімен сезініп, келешегін жоспарлау үшін қажет. Бүгінде 2166 әртүрлі мағыналы да құнды жәдігерлер бар тарихи-өлкетану музейіміздің орналасқан ғимараттың тарихы сонау ХІХ ғасырда бастау алған. Дәлірек айтсақ, 1899 жылы казак-орыстар діни мектеп үшін салғызған екен. Кейін, 1938 жылы қыркүйекте мұнда қазақ орта мектебі ашылды. Қаскелеңдегі алғашқы қазақ мектебіне ұлы Абай есімі 1945 жылы, ақынның 100 жылдық мерейтойына орай берілді. Мектеп жаңа ғимаратқа көшкен соң, бұл үй мектеп жанынан жатып оқитын балалар интернаты болып өзгереді. Ғимарат интернат қызметін 90-шы жылдарға дейін жалғастырады. Кейінірек жабылып қалды да, бұл үй мектеп мұғалімдері, негізінен жас отбасылары тұратын пәтерге айналды. Мұнан кейін, Алматы облысы әкімінің шешімімен 1999 жылы 30-шы тамызында ресми түрде музей болып ашылды. Содан бері музей жұртшылыққа жүйелі түрде қызмет көрсетіп келеді, – деді Серік Мақұлбекұлы.
Мерейтойда алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсеноваға беріліп, ол музей қызметкерлеріне аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың құттықтауын жеткізіп, Алғыс хат пен қасиетті Құран аяттарын табыстады.
– Музей – тарих, музей – шежіре, өткеніміз бен бүгініміз. Сол өткен мен бүгінгі күннің тарихын жалғастырып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында музейдің алатын орны ерекше. Ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени мұраларды өз қоржынына сақтап, келешекке аманаттап келе жатқан киелі мекеннің бүгінгі мейрамы құтты болсын! – деді Күлжан Әділханқызы.
Мұнан кейін ауданымыздың бұрынғысы мен бүгінгісі баяндалған «Алатаудай алыптар шыққан аудан» атты бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, кеште Мұхамеджан Тынышбаев атындағы облыстық музей директорының орынбасары Күләш Балтабайқызы да құттықтау сөз сөйлеп, музей ұжымына Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаевтың атынан Құттықтау хатын табыс етті.
Сондай-ақ, өткеніміз бен болашағымызды байланыстыратын алтын көпір болып саналатын рухани орданын мерейтойына арналған басқосуда сұрақ-жауап ойыны ойнатылып, ауданымыз бен музейдің тарихы айында қойылған сұрақтарға дұрыс жауап берген қонақтарға сыйлықтар берілді.
Мұнан бөлек шара барысында ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары мен туған-туыстары олардың қолданған құнды жәдігерлерін ел назарына ұсынып, өсіп келе жатқан ұрпаққа насихаттау мақсатында аудандық музейге тарту етті.
Өнерпаздардың концертіне ұласқан кеште сөз кезегі аталмыш музейдің ашылуына атсалысып, оны бірініші болып басқарған Мәрия Мұқановаға да беріліп, ол кісі ескі мектеп ғимаратын музейге айналдыру мәселесін қозғап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты білім нәрімен сусындатқан майдангер ұстазы Исаев Сейітхан екеуі 1997 жылдың қаңтарында Тұңғыш Президентке арнайы хат жазып, жеке қабылдауында болып, мектеп ғимаратын қалай музейге айналдырғандары жайында кеңінен әңгімеледі.
Бұдан өзге музейдің өсіп-өнуіне, өркендеуіне ат салысып жүрген Рая Сиразитдинова мен Қалида Қосшығұлов та құттықтау сөз сөйлеп, өздерінің ақжарма тілектерін жолдады. Ал, музей директоры Серік Қалиев өз тарапынан оларды және де тағы да бірқатар музей жанашырларын өркениет пен тарихтың ордасы болып саналатын мәдениет мекемесінің дамуына үлкен үлес қосқандары үшін Алғыс хаттармен марапаттады.
Осылайша тарих пен танымның қайнар көзі болып табылатын, тарих қойнауынан сыр шертетің аудандық тарихи-өлкетану музейінің мерейтойы аталып өтті.
Өңірімізге келген кісі маңдай тіреп баратын ұлағатты орданың 20 жылдығы құтты болсын!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.