Соңғы уақытта әлеуметтік желіде жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер учаскесін алуға болады деген ақпарат тарады. Бұдан кейін «Жер телімін қалай ала алады?», «Бұл мүмкіндік кімдер үшін қолжетімді?» деген сауалдар көпшіліктің көкейінде жүрді. Осы мәселенің анық-қанығын аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Мағжан Әкімовтен сұрадық.
Оның айтуынша, бұған дейін де жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу кезегіне тұру арқылы 10 сотық жер телімін алу қазақстандықтар үшін қолжетімді болған. Бірақ тұрғындар ол үшін әкімдіктерге қағаз жүзінде өтініш тапсыратын. Бұл өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталды. Ал қазір ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі әкімдіктер берген тізімді цифрландырып, электронды форматқа ауыстырды. Жаңа жүйенің арқасында қазақстандықтар кезекке тұрып, eGov.kz-те оның жылжу барысын өз бетінше бақылап, жер кезегіне бұдан бұрын берілген өтініштің деректерін өзектендіре алады. Осылайша әрбір қазақстандыққа тиесілі жер алу процесі барынша ашық болады. Ал автоматизация арқасында бұл процеске 5 минут қана жұмсалады. Сонымен қатар, енді азаматтар өздерінің тіркеуде тұрған елді мекенінде ғана емес, республиканың кез келген аумағына өтініш бере алады.
Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік» – «Жер қатынастары» бөлімінен «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» қызметін таңдау қажет. Әрі қарай өтініш түрін белгілейді. Бүгінде порталда өтініштің үш түрі бар: «Кезекке қою»; «Деректерді өзектендіру»; «Кезектен шығару».
Егер азамат жер учаскесін алу үшін кезекке алғаш рет өтініш білдіріп тұрса, онда өзінің жер алуды қалайтын аймақты таңдайды. Бұдан бұрын жер кезегіне тұрған болса, бірақ ол туралы ақпарат таппаса, онда «Өзектендіру» өтініш түрін таңдауы қажет. Кезек алғанын растау үшін қолында бар құжатты (талонның скан-нұсқасы, өтініштің, жеке куәліктің және т.б. көшірмелері) жүктеу қажет. Сондай-ақ кезек ретін www.map.gov4c.kz/egkn/ сайтында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, бақылап отыруға болады. Бұдан бұрын алған жер кезегінен бас тарту үшін «Шығару» өтініш түрін таңдау қажет.
Бос учаскелерді беру жөніндегі шешімді елді мекеннің бас жоспарына сәйкес, әкімдіктер қабылдайды. Учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай бос аумақтар болған жағдайда беріледі. Нақтырақ айтқанда, ҚР Жер кодексінің 44-1 бабына сай, тұрғын үй құрылысы үшін барлық коммуникациялары тартылған болуы керек. Мәселен, электр бағаналары жүргізілген, инженерлік желілер қарастырылған (яғни, су, жарық, газ), жалпы, инфрақұрылымдық жағдайы толығымен қамтамасыз етілуі тиіс.
Қазіргі жаңашылдыққа сәйкес, өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз ғана емес, республикадағы кез келген елді мекенді таңдауға болады. ҚР Жер кодексінің 50-бабына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына арналған 10 сотық жер телімін алуға әрбір қазақстандықтың мүмкіндігі бар.
Егер бұрын азамат бір өңірде жер теліміне кезекке тұрса, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсе, 10 сотыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана берілетінін, қалған өтініштердің күші жойылатынын ескеру қажет.
Бұрым ОРЫНБАСАР.