1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Содан, міне, 26 жыл бойы қазақ жұрты осы күнді ерекше құрметпен атап өтіп келеді.
Айрықша мағынаға ие тарихи маңызды күнге орай таяуда ауданымыздың орталық Мәдениет үйінде «Тауқымет пен тағзым» атты театрландырылған әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Шараға құрметті қонақ ретінде облысқа қарасты Кеген, Талғар, Іле аудандарындағы Мәдениет үйлерінің басшылары шақырылды.
Екі бөлімнен тұрған кеш барысында алдымен келген қонақтар қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттайтын көрмені аралап көрді. Нақтырақ айтқанда, жиналғандар Мәдениет үйіндегі «Шежіре отауы» атты үйірме мүшелерінің жүннен жасаған суреттерін тамашалады.
Одан кейін кеш аясында ауданымыздың қолөнершісі, Қосынов мектебінің ұстазы Анар Кемелжанқызының «Жүннен картина» жасау шеберлік сағатына қатысты. Онда Мәдениет үйлерінің директорлары түрлі-түсті жүннен суда кетіп бара жатқан қайықтың суретін жасауды үйренді. Шеберлік сағаты аяқталғаннан кейін оған қатысқандарға өздерінің жасаған суреттері естелік ретінде берілді.
Әдемі көрмемен басталған шара Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған театрландырылған әдеби-сазды кешке ұласты. Оның барысында жиналған көрермен назарына алдымен мыңдаған жазықсыз жанның өмірін қиған оқиға жайлы, қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандар мен олардың жапа шеккен жақындары жайлы бейнеролик көрсетілді. Одан кейін сахна төрінде тарих қойнауындағы осы бір жылдардың көрінісі қайта жаңғырды. «Қарасай жастары» театрының әртістері мен аудан өнерпаздары сахнада тәуелсіздік үшін, азаттық үшін жанын қиған Алаш арыстарының саясат нәтижесінде қамауға алынған сәтін көрсетіп, тамыры терең тарихқа деген сезімді оятып, көрерменнің көңілін толқытты.
Кеш соңы сол сәттерді еске түсіретін әнге толы концертпен аяқталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.