Жұмысшы мамандықтар елдегі экономиканың дамуына, өндірістік және техникалық саланың прогрессивті болуын қамтамасыз етеді. Шикізат өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі, энергетика, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмысшы мамандықтарсыз мүмкін емес. Бұл ретте биыл 60 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылдық округінде орналасқан Кәсіптік оқытудағы көпсалалы колледжінің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Білім ордасы жарты ғасырдан аса тарихында көптеген мектеп бітіруші түлектерді құшақ жая қарсы алып, теория мен тәжірибені үйлестіре отырып, кәсіби маман ретінде қалыптасуына, алған білімін іс жүзінде ел игілігіне жаратуға бағыттаған. Осы аралықта колледж 7 мыңнан астам маман даярлап, өндіріске жолдаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы мен қыркүйек айының 24-і аталып өткен Еңбек күні аясында және де білім ордасының мерейтойына орай колледж директоры Гүлнар Такимовамен арнайы кездесіп, тамыры тереңге жайылған білім мекемесінің жұмысымен жақынырақ таныстық.
Училищеден – колледжге дейін
Шамалған ауылында орналасқан 60 жылдық тарихы бар Кәсіптік оқытудағы көпсалалы колледжі – көптеген жастарға сапалы білім мен жақсы мүмкіндіктер беріп келе жатқан киелі шаңырақ. Ол бүгінде Алматы облысындағы білім беру мекемелерінің арасында үздіктердің бірі саналатын, жылдар бойы қалыптасқан бай, мазмұнды тарихы бар оқу орындарының бірегейі болып отыр. Мұнда талапкерлер тек мамандықты меңгеріп қана қоймай, қазіргі экономиканың сұранысына сай бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады. Оқу процесі негізінен тәжірибеге бағытталған. Бірінші курстан бастап білім алушылар заманауи жабдықтармен жұмыс істейді. Соның арқасында колледж өз студенттеріне техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша табысты мансап бастауына нақты мүмкіндік беруде.
Қанатын кеңге жайған білім мекемесінің қазіргі жағдайын сөз етпес бұрын алдымен оның тарихына тоқталып өтейік. Ал оның бастауы сонау 65 жылдарда жатыр. Колледж директоры Гүлнар Тұрсынбекқызының айтуынша, мекеме негізі 1965 жылы Чемолган (қазіргі Шамалған) ауылында қаланған. Ашылғанда Мемлекеттік кәсіптік-техникалық училище-2 деп аталған оқу орнының атауы бірнеше рет өзгертілді. 1972 жылы Чемолган ауылдық кәсіптік-техникалық училище-2, 1986 жылы Чемолган кәсіптік-техникалық училище-2 болып өзгертілсе, 1996 жылы ҚР Министрлігінің № 152 бұйрығымен кәсіптік-техникалық училище № 2 кәсіптік мектеп деп аталады. Тағы бір өзгерту ҚР Президентінің № 4053 Жарлығымен Қаскелең ауданының атауы Қарасай ауданына өзгертілгеніне және де бірнеше жылдан соң округ атауы қазақша Шамалған деп өзгергеніне байланысты болды. Осылайша, Алматы облыстық білім басқармасының № 4 бұйрығына сәйкес мекеме Шамалған ауылындағы №2 кәсіптік мектеп болып ауыстырылды. 2008 жылы лицей атанды. Тек 2013 жылы ғана Алматы облысы әкімшілігінің №138 шешімімен оған қазіргі атауы «Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжі» берілді. Училище құрылған жылдардағы білім алушылардың көбі Қаскелең ауданының тұрғындары еді. Алайда, басқа аудандар мен облыстардан да жастар келіп білім алған.
Әр жылы училищені бірнеше басшы басқарды. Әрбірінің өзіндік қолтаңбасы бар. Алпыс жылдық тарихы бар колледждің ашылуына мұрындық болғандардың қатарында Галиф Джаппаров, Иван Черникович, Төлеген Абукаримов, Тахир Ибрагимов, Геннадий Шпорн, Қанат Қатубаев, Берік Аманов сынды азаматтар болды. Енді олардың ісін қазіргі басшы Гүлнар Тұрсынбекқызы жалғастыруда.
Жыл өткен сайын колледжде оқытылатын мамандықтар саны көбейіп, білім жүйесі заман ағымына сай өзгерістерден өтіп, техникалық базасы кеңейтілуде. Соның арқасында бүгінде Кәсіптік оқытудағы көпсалалы колледжі жұмысшы мамандарды дайындайтын Алматы облысына қарасты оқу орындарының ішіндегі ең үздіктіктердің қатарына қосылды.
Қазіргі уақытта аумағы 2,7 гектар жерді алып жатқан колледжде жалпы білім беретін пәндерге арналған – 19, арнайы пәндерге алған – 13 кабинет бар. Аумағы 654,8 шаршы метрлік жеті өндірістік шеберхана, ауқымды кітапхана мен электрондық оқу залы, 150 орындық акт залы, ауданы 249,9 шаршы метрлік спорт зал, 200 орындық жатахана орналасқан. Барлық кабинет қажетті заманауи жабдықтармен қамтылған. Ұстаздардың біліктілігінің арқасында шәкірттер кез келген құралды еркін қолдана алады.
Ұжымға келетін болсақ, бүгінде колледждің инженер-педагогикалық құрамында 54 қызметкер бар. Оның 19-ы – жалпыға білім беретін пән оқытушылары, 25-і – өндірістік оқыту шеберлері, біреуі – арнайы пән оқытушысы. Оған қоса тоғыз колледж әкімшілігінің қызметкерлері бар. Бұлардың барлығы да білікті және білімді мамандарды дайындау жолында жылдар бойы ерінбей еңбек етіп жүргендер.
Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында да колледжде жақсы жұмыстар жүргізілген. Нысанның аумағы бойынша бейнебақылау жүйесі орнатылған. Негізгі ғимарат, аудиториялар мен кабинеттерде барлығы 80 камера, дәліздерде, гардеробта, қосымша үй-жайларда 14 камера, ЖБО-ға қосылған 5 сыртқы бақылау камерасы орнатылған. Ал 2022 жылы екі дабыл түймесі қойылған.
Оқыту базасы
Кәсіптік білімнің қара шаңырағы саналатын колледжде аға шебер Нұрболат Сатқанбайдың сөзіне сүйенсек, сабақтар екі оқу корпусында және өндірістік оқыту шеберханаларында жүргізіледі.
Қазіргі сәтте студенттер игеретін мамандықтар төрт бағытқа бөлінген. Олар – «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Дәнекерлеу ісі» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру». Осыған сәйкес колледж аумағында өз зертханалары мен шеберханалары бар төрт оқу блогы бар. Қоғамдық тамақтандыруға бағытталған бірінші блок тікелей екінші оқу корпусының ішінде орналасқан. Ол барлық қажетті аспаздық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қалған үш блок екінші ғимараттан бөлек аумақта орналасқан.
«Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» бағытына келетін болсақ, бұл жерде студенттерді үш біліктілік бойынша дайындайды, оның ішінде автокөлікті жөндейтін слесарь, электр жабдықтарымен жұмыс істейтін автоэлектрик және техник-механик. Бұл бағытта білім мекемесіне республика бойынша инженерлік білім беретін ең басты оқу ордасы саналатын Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық-зерттеу университетінің басшылығы айтарлықтай қолдау көрсетуде. 2022 жылы екі мекеме арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, колледж базасында университеттің кафедра филиалы ашылды.
Меморандум негізінде қазіргі уақытқа дейін көптеген маңызды семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, спорттық іс-шаралар, колледж және университет студенттері арасында «WorldSkills» талаптарына сай практикалық жарыстар өткізілуде. Сондай-ақ екіжақтық келісім арқасында колледж шеберханаларын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осы арқылы студенттер алған білімдерін бірден тәжірибе жүзінде қолдана алады. Бұдан бөлек меморандум аясында колледжді мамандығы бойынша жақсы нәтижемен тәмамдаған талапкерлерге бірден Қ.Сәтбаев атындағы университеттің екінші курсына түсуге мүмкіндік береді.
«Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» бағытындағы жақтау, қаптау, сылақ жұмыстарын жүргізуге арналған оқу-өндірістік цехта студенттер кірпіш қалауды, қабырғаларды дұрыс сылауды және басқа да құрылыс, әрлеу дағдыларын үйренеді. Осы шеберхананың қасында ағаш өңдеу шеберханасы орналасқан. Мұнда студенттер жапондық әдіспен ағаштан түрлі безендіру бұйымдарынан бастап қолданыстағы жиһаздарды жасаумен айналысады. Тіпті, ағаштан жасалған бөлшектерді бір шегесіз біріктіруді де үйренеді. Бұл шеберхана мезгілге қарамай жұмыс істейді. Соның арқасында студенттер ұсталық шеберліктерін қысы-жазы жаттықтырады.
Болашақ газэлектр дәнекерлеушілерге арналған шеберхана да мезгілге қарамай істейді. Оның іші бірнеше кабиналарға бөлінген. Әрқайсысында студенттер дәнекерлеу құрылғысымен жұмыс істеуді нөлден бастап үйренеді. Газбен дәнекерлеу, электрдоғалық, жартылай автоматты және контактілі секілді дәнекерлеудің түрлерімен танысады. Түсті металдар үшін қолданылатын аргондық дәнекерлеуге де машықтанады.
Мұнан бөлек колледжде ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап «Жүргізуші мектеп» курсы ашылды. Сол уақыттан бері арнайы курсты 43 курсант бітіріп, сертификат алды. Қазіргі таңда 20 курсант білім алуда.
Ынтымақтастық
Кәсіптік оқу орны аудандық көптеген мердігер компаниялармен тығыз байланыста. Директордың кәсіптік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары Марат Дүйсенбаевтың айтуынша, практика барысында студенттер өздерінің салаларына сәйкес кәсіби тәжірибелерін жетілдіру мақсатында «NEXT Kazakhstan», «Golden Maken», «Айкул» ЖШС және «Гранд Тау» және тағы да басқа кәсіпорындарында практикадан өтуде. Бұл жерлерде білімгерлер нақты жұмыс орнында машықтанып, өз саласы бойынша тәжірибелік білім мен дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алады. Бұдан бөлек серіктестер қатарында «Сигма», «Кантрхан», «Мурадов», «Қаскелең автобус паркі», «Honmil» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен «Ақсу» АҚ бар.
Сондай-ақ кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжі 2021 жылы «Alfa-Motors» ЖШС Chevrolet диллерлік орталығымен меморандум жасаған. Осы уақытқа дейін білім мекемесінің 200 шақты студенті өндірістік тәжірибеден, жеті өндірістік оқыту шебері осы мекемеден тағлымдамадан өтті. Оған қоса «Alfa-Motors» ЖШС колледждің арнайы пән кабинетін қайта жасақтап, өндірістік оқыту құралдарын қамтамасыз етуде көмек көрсетуде.
2025 жылдың ақпан айында кәсіптік білім ордасы мен Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында орналасқан «Букин агротехнологиялық техникумы» және «Шайхонтохур ауданы Кәсіптік-өнер мектебі» арасында халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
«Жас маман» жобасы аясында
Колледж базасында сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 ЖОО-ын жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған «Жас маман» жобасы іске асырылған. Енгізілген сәттен бастап оның аясында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Жобаның негізігі шарттарына сәйкес қондырғылармен құрал-жабдықтар сатып алу бойынша келісімшарт жасалынды. Бөлінген 132 647 200 теңгеге герметикалықты тексеруге арналған стенд, ЖҚОС үшін сынақ стенді секілді Алматы облысында аналогтары сирек кездесетін құрал-жабдықтар алынды.
Бұған қоса колледжде құзыреттілік орталығы ашылды. 2021 жылдан бастап қазірге дейін Worldskills стандарттары бойынша «Жеңіл автокөлікті жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі және «Шанақты жөндеу» құзыреттілігі бойынша облыстық кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ орталықтағы қысқа мерзімді курс бойынша 44 білім алушы практикалық шеберліктерін шыңдап, соған сәйкес куәліктер алды.
Жетістіктер қоржыны
Кәсіптік оқу орнының жетістіктеріне қысқаша тоқталатын болсақ, колледж ұстаздары мен студенттері түрлі деңгейдегі білім сайыстарында, өнер додаларында, мәдени-көпшілік іс-шараларда оқ бойы оза шауып, жүлделі орындармен жетістіктер қоржынын үнемі толтырып отырады. Мәселен, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Алматы облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің арасында көлік және байланыс саласы бойынша өткен аймақтық кәсіби шеберлік байқауында колледж педагогі Р.Найзаев 1-ші орынды иеленген. Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы өткізген «Үздік педагогикалық эссе» облыстық байқауында жүлделі бірінші орынды А.Умирбаева алған. «Үздік өндірістік оқыту шебері» облыстық байқауына колледждің өндірістік оқыту шебері Саяхат Серікжан III орынды иеленді. «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының 2 курс студенттері Әсел Абдулхамитқызы мен Жанерке Куламанқызы «Тайқазан – 2025» І халықаралық фестивалінде үшінші орынға ие болды.
«Worldskills Kazakhstan-2024» VIIІ республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына «Кірпіш қалау» құзіреттілігі бойынша Шәмші Усенбаев жетекшісі М.Маликпен қатысып, «Медальон» иегері атанды. Өткен жылы «WorldSkills Qonaev» өңірлік чемпионатында колледж білімгерлері 5 құзырет бойынша жеңіске жетіп, «WorldSkills Kazakhstan – 2025» республикалық чемпионатына жолдама алған. Бұған қоса Алматы облысы білім басқармасының ұйымдастырған «Ең үздік білім беру ұйымы» облыстық байқауында Кәсіптік оқытудағы көпсалалы колледжі 1 орынды иеленді.
Алдағы жоспар
Колледж директоры Гүлнар Такимованың айтуынша, жалпы барлық білім беру мекемелерінің негізгі бағыты – сапалы білім. Жылдан жылға артып келе жатқан стандарттарға сай оқу үдерісін заманауи талаптарға жауап беретін деңгейде ұстап тұру үшін колледждің инженерлік-педагогикалық құрамы біліктіліктерін арттырып отыруы тиіс.
Сондықтан Кәсіптік оқытудағы көпсалалы колледжінің алдағы бағыты үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибе негізінде біліктілікті арттыру жүйесінің тиімді моделін қолдану, колледждің жұмыс берушілермен ынтымақтастығын нығайту, білім беру қызметінің сапасын қамтамасыз ету, имиджді жоғарылату және талапкерлердің санын көбейту болып отыр.
* * *
Кәсіптік білім елдің дамуында шешуші рөл атқарады. Осы салада білім беру, кәсіптік мамандарды даярлап, оны өндіріске қабілетті ету заман талабы. Бұл ретте аудандағы кәсіптік білімнің қара шаңырағы болып отырған Кәсіптік оқытудағы көпсалалы колледжінің еңбегі ерен. Аудандық жерде орналасқанымен, оның Алматы облысы бойынша өзге колледждерге дес бермейтінін, келешек мамандарға бар жағдай жасалып, оңтайлы қызмет көрсетіліп жатқаны анық.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
