Ауданымыздың аумағында орналасқан Жаңашамалған ауылдық округі – халықтың әл-ауқаты мен тұрмысы ілгерілеп келе жатқан, ынтымағы жарасқан тұрғындары бар аймақтың бірі болып табылады. Аталмыш округтің құрамына бірнеше ауыл кіретін болса, оның ішінде Тұрар ауылының айтарлықтай айрықша өз орны бар.
Биыл іргесі қаланып, керегесі бекіген Тұрар ауылына 100 жыл болса, мерейтоймен тұспа-тұс келген, бір ғасырлық ғұмыры бар, ауданымыз бойынша ең алғаш ашылған білім ордаларының бірі – Әбжан Байсалбаев атындағы мектепке де 100 жыл толып отыр. Айтулы қос мерейтой осы жылда түрлі іс-шараларға астасып, жоғары деңгейде аталып өтілуде.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, бір ғасырлық тарихын қалыптастырған, берекесі ауылдастардың бірлігімен үлгі болған Тұрар ауылы расымен де, барлығына жеткен жетістігімен ерекше. Биылғы 100 жылдық мерейтойы ауылдастардың атсалысуымен жоғары деңгейде аталып өтілді. Оған өзіміз де жиылған жұртшылықпен куә болдық. Нақты айтар болсақ, өткен аптаның жексенбісінде тұрарлықтар «Тарихы терең – киелі ауылым!» атты ауқымды мерекелік шара ұйымдастырып, ауыл іргесіндегі атшабар алаңында құтты қонақтар мен қалың көпшіліктің басын қосты.
Мерейтойға арналған салтанатты шараның негізгі мақсаты – ауылдастар мен меймандарға туған жердің тарихын таныта отырып, ұлттық болмыстың негізінде лайықты ұрпақ тәрбиелеу. Осы мақсатта жексенбінің жаймашуақ күнінде торқалы той құтты қонақтарды қарсы алумен басталып, көңілді ноталы концертпен жалғасты. Жазық даланың көкжиегі сахна сәнімен жарасып, онда күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерлері көптің көңілін көтерді. Концерттік бағдарламаның шымылдығы Маржан Садықованың орындауында «Ойжайлау» әнімен ашылса, мерекелік кештің тізгінін алған Қоблан мен Шұғыла жиналғандарға туған елдің тарихынан сыр шертіп отырды. Оның ішінде елді мекенге еңбегі елеулі ел ағаларының есімдері де аталып, ардақты азаматтар жайлы ой қозғалды. Одан бөлек, білім салаласында қызмет еткен тәжірибелі ұстаздардың да табандылығы мен шәкірт тәрбиелеу жолында талай тер төгіп, аудан, облыс, республика көлемінде жасаған тындырымды істері баяндалды.
«Батаменен ел көгерер» дегендей, осы думанды шараның алғашқы құттықтау сөз кезегі аузы дуалы ақсақалдардың бірі Сейітқали Серік-қажы Ыбытаевқа беріліп, қариямыз жүрекжарды ақ тілегін ақтарып, баталы сөзін арнады. Ал, ал атамызға ізгі ілтипат ретінде иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Бұл жиында туған елдің топырағына аунап, суын ішкен, өскен ортасына, жеріне аянбай еңбек еткен ғалым аталардың да аттары аталып, рухтарына тағзым етілді.
Тұрар ауылының өткен тарихы жайлы ауылдықтар мен жерлестерге мәлім болуы мүмкін, алайда, тарих қойнауында да беймәлім тұстары кезігіп жатты. Осы жайында Ә.Байсалбаев атындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Жолдасбек Сәрсенұлы ашып айтып, көпшілікке Тұрар елді мекені қалай ауыл болып қалыптасқанын түсіндірді.
– Ауылдың өсіп-өркендеуі, көркеюі мектеппен тығыз байланыста болған. Олай дейтін себебім, сол 1918 жылдың күзінде мешіттегі және қазақ үй негізінде құрылған көшпелі мектепке 150 оқушы тартылса, 200-ден астам ересек сауатын ашқан. Мектеп 1938 жылға дейін өсіп-өркендеп, Алматы облысы аумағындағы жетім балаларды біріктірген мектеп-интернатқа айналады. Сол 1937 жылы осы интернатты көруге Тұрар Рысқұлов сынды қоғам қайраткері келген болатын. Кейін сол кісінің құрметіне орай ауыл «Тұрар» деп аталатын болды, – дейді ұстаз Жолдасбек Сәрсенұлы.
Осындай тың ақпараттар ортаға салынған соң, сахна төріне мемлекет және қоғам қайраткері, Тұрар ауылының тумасы, білім саласында сан жылдар еңбек еткен, аудан мақтанышы Шәмшә Беркімбаева шақырылды. Өз сөзінде филолог Шәмшә апайымыз жерлестерін думанды мерекемен шын жүректен құттықтап, ауылдың мәртебесін көтеру үшін барлығын бірлікте болуға шақырды.
Салтанатты шараға арнайы шақырылған құтты қонақтардың қатарында Ә.Байсалбаев мектебін 2002-2003 жылдары басқарған, одан бөлек, осы білім ошағында талай жылдар қызмет еткен Анита Елубайқызы, Ұлтуар Несіпбайқызы сынды ардагер ағартушылар мен Тұрар ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Сағат Мұхтарұлы, сонымен қатар, Жаңашамалған ауылдық округін талай жылдар басқарған Ғалия Аманова да болды. Жоғарыда есімдері аталған меймандар жиын барысында ыстық ықыластарын білдірсе, ұйымдастырушы ауылдастар қонақтарға ерекше құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын табыстады. Ауданымыз бойынша шақырылған меймандардың арасында аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов та болып, торқалы тойға деген ізгі ниетін жеткізе келе, ауданның білім деңгейін тілге тиек етіп, жеткен жетістіктер жайында айтып өтті. Мерекелік концерттің соңында осы думан-тойдың басы-қасында жүріп, атсалысқан ұйымдастырушы жандардың бірқатарына және Жаңашамалған ауылдық округінің әкімі Алпамыс Айдаровқа сөз берілді.
Ашық аспан астында сәні мен салтанаты келіскен сахнадағы концерт ұлттық ойындарға ұласқан спорттық бәсекемен жалғасты. Оның ішінде арқан тартыс, қол күрестіру, кір тасын көтеру сияқты күш сынасатын жарыстарды айтуға болады. «Күш атасын танымас» демекші, жазық далаға жиналғандар арасынан кіл мықты азаматтар шығып, өз бақтарын сынады. Ауыл маңайында ұйымдастырылған ауқымды шара көпшілікке арналған мерекелік дастарханмен және алтыбақан ойындарымен ерекшеленді. Ал. келушілердің барлығы ақ дастарханнан дәм татып, бір-біріне деген ақ тілектерін ақтарып жатты.
Мерекенің нағыз қызған шағы атшабар алаңында орын алды десек де болады. Барлығы асыға күткен аламан, құнан бәйгелер мен тай жарыстар көптің көңілін аудартты. 18 шақырымға есептелген аламан бәйгеде Орал қаласының азаматы Ғабит Оралбаев І-орынға тігілген 100 мың теңге мен жылқыны қанжығасына байлады, ал, 9 шақырымдық құнан бәйгеде осы ауылдың тумасы Болат Бөбекбаев алға суырылып шығып, жеңімпазға берілетін тана мен 50 мың теңгені ұтып алды. Дәл осындай жылқылардың шабысы сыналатын тай жарысында да жан-жақтан келген шабандоздар өз бақтарын сынап, атшабар алаңының көркін келтірді. Бұл бәсекенің жеңімпазы көрші ауылдан келген Серік Хамитов атанып, оған І-орынға тігілген қошқар бұйырды. Жалпы, мұндай спорттық ойындардан бөлек, көкпар, қыз қуу сияқты ұлттық ойындар да насихатталып, ауыл маңайына жиналған меймандардың көңілін бір серпілтті. Кешқұрым ауыл ақсақалдары барлық жеңімпаздарды марапаттап, тиісті қомақты жүлделерін табыстады.
Осындай үлкен мерекелік салтанатты жиынды дүбірлі дода ретінде ұйымдастырған ауыл адамдары мен мектеп ұжымының еңбектерін ерекше бағалауға болады. Олардың арасында Сағат Мұхтарұлы, Мұратқали Тұяқбаев сынды ауыл ақсақалдары, Ә.Байсалбаев атындағы мектептің басшысы Райхан Молдабайқызы мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанаркүл Бұлғақова және басқа да осы білім ошағының бірқатар ұстаздары мен ауыл жастарының атынан атсалысып жүрген Ринат Юсипов сияқты азаматтардың есімін айтпасқа болмас.
Туған жердің торқалы тойын есте қаларлықтай етіп өткізген тұрарлықтардың қай-қайсысы болсын туған еліне деген сүйіспеншілігін, шын жанашырлық қасиетін, жауапкершілігін барынша таныта білді. Келешекте де Тұрар ауылының берекесі мен беделі артып, ырысы тасыған ауылдастардың ынтымағы жарасып, мерейлі мерекелері молынан болсын, дегіміз келеді!
Дидар МУХАМАДИЕВ.
Суреттерді түсірген автор.