Тарихқа толы бұл өңір негізінен Қарабұлақ өңірі деп аталады. Осы аттас округ бар. Торайғыр, Өсербай, Үшкүл, Жаманбұлақ секілді қыстаулары, Екі аша, Қарақия, Көкжазық, Сарынауа секілді жайлаулары құт-берекесіне толы. Төрт түлік малға құт, жанға сондайлық жайлы мекен. Қарашоқы деп аталатын жерде таңбалы тастар бар. Дәл осы өңір аумағында 47 тарихи дүние, ескерткіштей тамашалар бар. Тасқа қашап, ойып және қырнап салынған суреттерді ғылымда петроглифтер деп атайтыны белгілі. Оны алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қарашоқыда тұр. Арнайы барып көруге болады. Қаршоқыдағы тасқа салынған бейнелерде тау текелерінің суреті, тұлғасы көбірек ұшырасады. Таста аң да, аңшы да, оның аң қуған итінің де бейнесі кездеседі. Қайрақтыдағы жазулы сандық тастың да өзіндік тарихы бар. Жаманбұлақ өңірінен табылған бал-бал таста бір қолында қайқы семсері, екінші қолында тостаған бейнеленген сақ жауынгерінің тұлғасы қашалған.Көнеден қалған тарихи жәдігерге, қымбат та қастерлі қазынаға көз тігушілер көп болған соң ауылда тұратын Болат Сәрсенбаевтай көзі ашық азаматтар Ақай ауылындағы академиктің атындағы орта мектепке әкеліп қойыпты. Көненің көзіне тебіренбей, таңданбай қарай алмайсың. Бұл өңірдің тамашалары жетіп артылады. Ғажайып мекеннің құпиясын әлі ешкім біліп, көзін жеткізбеген дүниелері ұшырасады. Соның бірі – Қараш деп аталатын жердегі Әулие бастау. Бұл жатқан бір жұмбақ бастау. Суының қайдан келетіні белгісіз. Жаңбырдың суы болса кеуіп кетер еді. Оның суы не көбеймейді, не азаймайды.Бастау жанында әулие намаз оқыған тас бар. Таста әулиенің екі қолының, маңдайының, тізелерінің қалған ізі қалған. Әулие өте үлкен адам болса керек.Бұл әулие Қызылбөрік Сақау руынан тараған Түлкібайдың шөпшегі Қараш ата екені анықталған. Бастау сол Қараштың атымен аталып кеткен.
Ұсташы Толыбай
Қасиетті Жалаңаш, Қарабұлақ өңірінің табиғаты тамаша. Көктемі ерте шығады. Жазы жайдары. Жемістің бәрі өседі. Ерінбеген адам көкөністің де неше түрін өсіріп, қажетіне жаратады. Бір сөзбен айтқанда, бұл өңірдің халқы түрлі салат пен жеміс, одан дайындалып қойылатын тәтті шырынды сусын үшін ешкімге алақан жаймайды, күнін түсірмейді. Сосын қыс мезгілінде бір-бір ат ұстамайтын отбасы жоқ дегендей, оған қажетті таға, шегені де бұл ауыл алыстан іздемейді. Орталарында темірден түйін де, түйме де түйген Толыбайдай ұсталары, шеберлері бар. Толыбай аға есігінің алдындағы шап-шағын ғана ұстаханасын, шеберханасы бар. Кішкентай матор арқылы желдеткіш орнатылған қондырғы арқылы қалап қойған таскөмірі лаулай жанып тұр. Ыстық шоққа қызара бөрткен темірді көрікке қойып алып түрлі дүниесін жасайтын азамат бір ауылдың ғана емес Саты, Жалаңаш, Қарабұлақ секілді ауылдарда тұратын ағайынның да алғысын арқалап жүрген жайы бар екен.
– Түрлі көлікті де жүргізе беремін. Ұсташылық, балғашылық өнер де ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан кәсіп қой. Қыстық, жаздық тағаларды қағатын шегесімен қоса дайындап беремін. Одан бөлек тұрғын үйлер үшін, оған қажеттілік үшін темірден қалақ, күл тартқыш, құрылысқа қажетті шегелер жасаймын. Өзіңіз куә болып тұрғандай, көліктердің су тұратын қондырғысын, радиоторын дәнекерлеймін. Жөнін білсең, жайын білсең әрі қалауын тапсаң қар жанар дегендей, қолдан келсе, шаруа көп, – деп дейді іскер азамат Толыбай Баққожаевтай. Шаруасына риза болдық. «Әке көрген оқ жонар» деген жақсы сөз бұрыннан келе жатыр. Толыбай ағамыздың 5 сыныпта оқитын Арман атты ұлы да таға, шегені өзі соға береді екен. Білген жақсы, керекті дүниені үйренген жақсы. Одан ешкім кен де болмайды. «Көлбай» шаруа қожалығының белді мүшесі, ұсташы Толыбай Баққожаевқа ісіне сәттілік тіледік.
Аудандағы тарихи мектеп
Ақай ауылында атақты ғалым, академиктің атында орта мектеп бар. Сонау өткен ғасырда Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 22 желтоқсан 1983 жылғы № 484 шешімімен бұрынғы Көлбастау орта мектебіне академик Ақай Нүсіпбековтің аты берілген. Бұл ғалымның еңбегіне берілген орынды құрмет еді. Жап-жасыл қарағайлары, тал-теректері көрік берген академик мектебі сыртынан-ақ көзге жылы ұшрап тұрады. Былтыр гүліне оранған тұста күзде де болғанбыз. Бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Айналасы да тартымды қоршалған. Оқушыларға барлық жағдай жасалынған мектепке риза болдық. 341 оқушыға 51 мұғалім дәріс береді екен. Ұстаздардың дені жоғары әрі бірінші санатты мұғалімдер. Мектептің спорт залы да ерекше. Жеңіл спорт киімдерін киген балалар қалаған дүниелерімен жалықпай айналысуда. Қасымхан Есжановтай жоғары санатты дене тәрбиесі пәнінің ұстаздары бар балалар волейбол, еркін күрес, баскетбол, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, шахмат секілді 9 түрлі спорт үйірмесіне қатысады. 2 теннис залы бар. Қыс мезгілінде мектептің алдындағы дөңес жерде шаңғы тебетін орын бар. Мектепте аяқ киімімен 18 шаңғы бар екен. Онымен де айналысам деушілерге есік ашық. Айта кетейік, өткен жылы мектеп түлектерінің ҰБТ-дағы орташа көрсеткіші 71,3 балды құрапты. Бұл да аудандағы алдыңғы қатардағы нәтиже.
– Өзім мектеп директоры болып тұрған кезімде білім шаңырағы күрделі жөндеуден өтіп еді. Жылу жүйесі жақсы жасалды. Аудандағы ең жылы мектеп деп орынды мақтаныш етеміз, – дейді ауыл әкімі. Қалай десек те, оқу жылындағы білім берудің ең негізгі басым бөлігі қыс мезгіліне тап болатын білім шаңырақтары осындай жайлы, сайлы әрі жылы болса, ондағы берген білім де, жүргізген тәрбие де, еткен еңбек те төлемді болары даусыз.
Қайта жайнаған өнер ордасы
Бұрынғы Кіші Жалаңаш қазіргі академик Ақай Нүсіпбеков атындағы ауыл кемел келешекке қарай көшін түзеп, күн өткен сайын жайнап келеді. Академик ауылында жүріп қалада, күні ыстық өңірде жүргендей де боласың. Әр ауланың, әр шаңырақтың маңы түрлі-түрлі кереметтей гүлдерімен қарсы алады.Әр үй алма, алмұрты төгіліп тұрған жеміс ағаштарымен кербездене көз тартады. Бұл өңірдің жазы жылы, қысы қолайлы, табиғаты жайлы. Еңбектенген адам көкөністің бәрін өсіреді. Алыстан іздер ештеңе жоқ. Күрделі жөндеуден өткен орта мектепте енді ұстаздар қауымы үшін сапалы білім, саналы тәрбие жұмысымен алаңсыз айналысудан басқа шаруа жоқ та секілді. Шындығы сол. Ауыл орталығындағы үлкен жолдан Мәдениет үйі ерекше көзге түседі екен. Өнер ордасының директоры – Амангелді Ысқақ, көркемдік жетекшісі – Нұрғайша Дайынова. Ең бастысы, академик ауылының атына затын сай еткендей күрделі жөндеуден өткізілген. 300 орынды жап-жаңа жұмсақ орындығы, сәнді сахнасы, көрермендер залы бар. Күрделі жөндеуден өткізілгеніне бес жыл болыпты. Өнер ордасының жұмысы, жайымен қуана таныстық. Домбыра, би үйірмелерінің бөлмелері бар. Жолдасбай Байғазиевтай азамат жетекшілік етіп, жаттықтыратын шығыс жекпе-жегімен айналысатын 30 бала үшін бір бөлме беріліпті. Құрамында Тынышкүл Байзақова, Жанар Ақбаева, Роза Өмірбекова, Айнагүл Боранбекова секілді аналар бар «Ақ ниет» атты әжелер ансамбльді ерекше айтуға болады. Мұндағылар келешекте бұрын болған ауылдық кітапхана қайта ашылса деген тілектерін білдіреді.Қалай десек те, академик Ақай атамыздың табиғат, өсімдік әлемімен көмкерілген ақ шаңқан ауылы жылы құшақ жая қарсы алып, ақ батасын бере аттандырғандай күйде жолға шықтық. Академик ауылының айшықтары, Ақайдай ғалым атамыздың ауылының бүгінгі келбетін көріп қуандық. Ауылдың өркендеуі еліміздің өркендеуі.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.