25 қазан – егеменді елдің негізі қаланған қастерлі де, қадірлі тарихи күн. Өйткені осыдан дәл 35 жыл бұрын «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» қабылданды. Аталған маңызды құжат Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашты.
Осынау тарихи сәттен кейін республикамыз өз тағдырын өзі шешетін азат елге айналды. Сондықтан ұлтты ұлықтайтын ұлық мерекенің ел тарихында алар орны айрықша.
Бұл декларация мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатын еркін жүргізу, ресурстарға иелік ету сияқты маңызды қадамдарды құқықтық тұрғыдан бекітіп беру болып табылады. Әр саладағы даму бағытын айқындап, құқықтық жүйенің қалыптасуына ықпал болды.
Сондай-ақ декларацияның мазмұны тереңде жатыр. Онда республиканың мемлекеттілігі дербес дамытуға және нығайтуға деген құлшынысы айқын сипатталады.
Міне, осы сәттен бастап егеменді еліміз тәуелсіз жолында алпауыт мемлекеттермен иық тіресетіндей дәрежеге жетіп, экономикасын арттырып, өресі биік республикаға айналды. Әр аймақта өсіп-өркендеудің көрінісі байқалып, тарих сыр шертетіндей бастамалар қолға алынды. Жұмыстар жүйелі жүргізіліп, облыстар мен аудандарда сәулеті мен сәні жарасқан ғимараттар бой көтеріп, ел игілігі үшін қызмет ете бастады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, қасиетті Қарасай жері де көштен қалмады. 35 жылдың ішінде аудан көлемінде маңызды істер ілгерілеп, назарға ілінетіндей түрлі нысындар еңсесін тіктеді. Ендеше, Республика күніне орай солардың біразына қысқаша тоқталып, дерек пен дәйек толысқан ақпаратын жеткізсек артық болмас.
«Хамле Компани ЛТД» ЖШС
Аудан орталығы Қаскелең қаласында орналасқан «Хамле Компани ЛТД» ЖШС – тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі түрік инвесторларының қаражатына салынған алғашқы өндірістердің бірі.
Компания 30 жылға жуық кәмпит, бисквитті тәттілер секілді түрлі кондитерлік өнімдер шығарумен айналысып келеді. Соның арқасында бүгінде экспортқа бағытталған, жүйе құраушы және әлеуметтік-экономиканың дамуына үлкен үлес қосып отырған алпауыт кәсіпорындардың бірі болып табылады.

Жобалық құны 8 млрд. теңге болған өндіріс орнының қуаттылығы жылына 60 мың тонна дайын өнімді шығаруға бағытталған. Алғаш ашылғанда көптеген қарасайлықтарды жұмыспен қамтыған. Бүгінгі таңда мұнда 1000-ға жуық адам еңбек етеді.
Жылдан-жылға жұмысын жетілдіріп, дамытып отырған компания бүгінде тек өркендеу үстінде. Соның арқасында қазіргі уақытта мұнда «Хамле», «Ulker», «McVitie’s Digestivies», «Alpella» сауда белгісімен 103 түрлі кондитерлік ұн және шоколад өнімдері шығарылуда. Тауарлары Қазақстанның тұтынушыларына ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Беларусь, Тәжікстан, Моңғолия, Қытай сияқты елдерге де жеткізілуде.
Таяуда әртүрлі елдегі «Pladis» компаниялар тобына кіретін заңды тұлғаларды бір атаумен біріктіру жөніндегі жаһандық бастама аясында «Хамле Компании ЛТД» ЖШС өзінің заңды атауын «Pladis Kazakhstan» ЖШС етіп өзгертті. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, компанияның Қазақстандағы атауының өзгеруі оның тарихындағы маңызды кезең және жаңа мүмкіндіктердің бастауы.
Атауы өзгергенімен, негізгі жұмыс бағыты сол қалпында қалды. Ол бұрынғыдай Қазақстан дүкендерінің сөрелерін және де бірқатар шет мемлекеттерін кондитерлік тәтті өнімдермен қамтамасыз ету бағытында жұмыс істей береді.
Айта кетейік, «Pladis» бүгінде 300 жылдан астам біріктірілген тарихы бар наубайхана мен кондитерлік өнімдердің мақтан тұтатын мұрасын жалғастыруда. Оған қарасты 27 кондитерлік фабрикада бүкіл әлем бойынша 16 000 адам жұмыс істейді. Әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан кондитерлік компания қазіргі уақытта McVitie’s, GODIVA,
Ü lker және т.б. танымал брендтермен мақтана алады.
«Алтын ауыл» ықшам ауданы
Қаскелең қаласындағы көпқабатты «Алтын ауыл» ықшам ауданы қайта құру жылдарындағы аудандағы тұрғын үй құрылысының алғашқы белгісі болды.
Ауқымды жоба жүзеге асырылған жер телімі еліміздің «Құрметті құрылысшысы» атанған, ауданымыздағы көптеген маңызды нысандардың қалануына себепші болған Сансызбай Айтбаевтың әкесіне тиесілі болған. Ал ол өз кезегінде бұл жерлерді «Ленин» совхозындағы көп жылдық еңбегі үшін алған.

Кейіннен әкесінен қалған жерге Сансызбай Айтбайұлы көпқабатты тұрғын үйлер мен саяжайлары бар шағын аудан салуды ұйғарады. Тіпті, сол жылдары іс-сапармен облысқа келген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа болашақ шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспары мен үлгісін көрсетеді. Нәтижесінде ол бұл бастаманы мақұлдайды.
Ауқымды нысанның жобасын алматылық сәулетші Галина Лебедева жасайды. Сондай-ақ жаңа ықшам ауданына «Алтын ауыл» атауын берудіде сол ұсынған. Лебедеваға сәулетші Еркен Жазықбаев көмек көрсетеді. Жобаның бас инженері болып Юрий Ковтуненко бекітіледі.
Сол жылдары жаңа ықшам ауданның құрылыс жұмыстарын өз көзімен көріп қана қоймай, құрылысшылардың үстінен қарайтын бригадир болған Павел Колчинның айтуынша, жұмысты бастау бастапқы уақытта қиын болған. Кейбір кездері құрылыс тоқтатылған сәттер болған, қажетті мамандар жетіспеген. Десе де жобаны бастағандар ешнәрсеге қарамастан, оны аяғына дейін жеткізуді шешеді.
Нәтижесінде жоба сәтті жүзеге асырылып, тоғыз қабатты 22 көппәтерлі «шағын аудан» және 106 екі қабатты жер үйлері бар «коттедж қалашығы» тұрғызылды. Уақыт өте келе оның аумағында балабақша, мектеп, университет пайда болды.
Ал қазіргі таңда «Алтын ауыл» ықшам ауданы ауданның келбетін келтіріп тұрған нысанның бірі болып табылады.
SDU University
SDU университеті – Қаскелең қаласында орналасқан Алматы облысындағы жалғыз жекеменшік жоғары оқу орны. Университет 1996 жылдың 17 желтоқсанында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Түркия мемлекетінің тоғызыншы Президенті С.Демирельдің қатысуымен ашылды. Оған 1996 жылы Сулейман Демирель университеті атауы берілді.

Ал 2011 жылы оқу ордасы Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласындағы жаңа смарт кампусына көшті. 2023 жылы ребрендинг нәтижесінде SDU University мекемесі болып өзгерді. Келесі жылы 30 жылдық мерейтойы атап өтілмек.
Университет шаңырағында бүгінгі таңда 9000-ға жуық студент оқиды. Олардың арасында Орталық Азия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Индонезия секілді мемлекеттердің азаматтары бар. Студенттер қауымы педагогика және гуманитарлық ғылымдар (FEH), инженерлік және жаратылыстану ғылымдары (FENS), құқық және әлеуметтік ғылымдар (FLSS) факультеттерінде және SDU Бизнес мектебінде (BS) білім алады.
Сонымен қатар мультидисциплинарлық білім беру орталығы (MDE) барлық факультеттердің бағдарламалары аясында міндетті пәндерді жүргізеді. Үздіксіз білім беру орталығы Extension School педагогикалық қайта даярлау бағдарламалары, біліктілікті арттыру курстары, Summer school, Winter school. Foundation бағдарламасы білімгерлерді ағылшын тілінде білім алуға бейімдейді.
Бүгінгі таңда оқу ордасында 456 оқытушы жұмыс істейді. Олар толық жұмыс күні режимінде қызмет атқарады. Оның ішінде 21 оқытушы – шетелдік мамандар, 131 оқытушы – PhD дәрежесіне ие.
SDU University 15 га жерде орналасқан. Оның ішінде кампус – 69 584 ш.м, 624 орны бар кітапхана – 2012 ш.м, 1120 студентке арналған жатақхана – 19 560 ш.м, сондай-ақ спорт және мәдениет орталығы (SDU Life ғимараты) – 4 370 ш.м аумақты қамтиды.
Университеттің халықаралық жетістіктеріне тоқталар болсақ, рейтингтер тізімі бойынша төмендегідей:
QS Орталық Азия университеттері рейтингі 2025 – 29 орын;
QS Азия университеттер рейтингі 2025 – 461-470 орын;
QS WUR пәндік рейтингі (ағылшын тілі және әдебиеті) – 301-330 орын;
QS World University Rankings 2025: SDU Университеті – 1201-1400 орын;
THE Impact Rankings 2024: SDU Университеті – 1101-1500 орын.
Наурызбай батыр ескерткіші
Қарасай жеріндегі танымал, көзге тартар орынның бірі – Шапырашты Наурызбай батыр ескерткіші. Даңқты батырдың тас мүсіні 2006 жылы 16 қыркүйекте даңқты тұлғаның 300 жылдық мерейтойына орай Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ашылды. Бұл салтанатты шараға мыңнан астам адам жиналды.

«Алматы-Бішкек» тас жолы бойында, Қаскелең қаласы тұсында алыстан мен мұндалап, ерлік пен өрлікке, бірлік пен берекеге шақырып тұрған алып ескерткіштің ашылуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы қатысты.
Ескерткіш жобасының авторлары – Қ. Жарылқапов, мүсінші Н. Далбай, тас кесу жұмыстарына жауапты – В. Черепанов болды.
Даңқты тұлғаның тұғыр басы бұл жерден бой көтеруі де тегін емес-ті. Тарихи деректерге сүйенсек, Наурызбай батырдың ең алғашқы жоңғарлармен шайқасы болып, өзінің өршіл рухын көрсеткен жер де осы маңайда екен. Батырдың жол бойында ерекше көзге түсетін биіктікте орналасуының да өзіндік мәні бар. Сонымен қатар ескерткіш мемлекеттік тізімге еніп, қорғауға алынған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Наурызбай батыр ескерткішінің аумағын абаттандыру жұмыстары қолға алынуда. Ол үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, облыстық бюджеттік комиссияның қарауына құрылыс жұмыстарына қажетті 1 млрд. 090 млн. теңгеге бюджеттік өтінім берілді.
Тарихқа сүйеніп айтар болсақ, Абылай ханның тұсында ханның бас әскерлерінің қатарында болып, қай шайқаста болсын елі үшін жанын қиюға дайын болған батырлар аз болмады. Соның бірегейі – Наурызбай батыр Құтпанбетұлы.
Қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жалпақтас деген жерінде туған, Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Төлеміс руынан шыққан, Абылай ханның ту ұстаушы үш батырының (Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай) бірі, қолбасшы, атақты батыр. Өмірі жоңғарларға қарсы соғыста өткен Наурызбай батыр жоңғар басқыншыларына қарсы кескілескен шайқастарда аты шыққан.
Ең алғашқы ерлігі жоңғарлармен 1729 жылы Жетісу жерінде болған жекпе-жек соғыста қалмақтың бас батыры, алдымен Қаскелеңді, одан кейін Боралдай мен Шамалханды өлтіруінен көрінген. Осындай ерлігімен көзге түскен батырдың бүкіл өмірі ат үстінде, ел тыныштығын сақтау жолында өткен.
Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасына қарасты перзентхана
Аудандық орталық аурухананың аумағында орналасқан перзентхананың ғимараты ескіріп, жыл өткен сайын өсіп келе жатқан адам санына лайықты болмағандықтан, жаңа нысанның құрылысы жүгізіле басталған еді. Сол жұмыстардың нәтижесінде 2013 жылы ауданда 65 төсекке есептелген жаңа перзентхана қолданысқа берілді. Бүгінде ол ауыр жағдайдағы жүкті әйелді қабылдай алатын үшінші дәрежелі мекеме болып табылады. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Алматы облысы бойынша мұндай дәрежедегі екі перзентхана ғана бар.

Алғаш ашылғанда аталған мекеменің қауқары жылына 3,5 мың әйелді қабылдауға есептелген еді. Алайда жыл сайын артып келе жатқан халық санына байланысты екі еселеніп, қазір мұнда 7,5 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді.
Үшінші деңгейлі болғандықтан перзентханада Қарасайдан бөлек, Жалбыл, Іле, Қонаев қаласынан патологиясы бар жүкті әйелдер де қабылданады.
Үлкен ғимаратында перзентханадан бөлек, әйелдер консультациясы, жүктілік патологиясы мен неонатология және жансақтау бөлімі бар. Перзентханада 202 маман жұмыс істейді, оның ішінде 28 дәрігер, 43 орта медицина қызметкері.
Мекеме базасы заманауи аппараттар мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өткен жылы арнайы сараптамалық кластағы ультрадыбыстық аппарат пен жоғары жиілікті тербелмелі жасанды желдеткіш аппарат (ЖЖҚ) сатып алынған. Бұл аппарат жаңа туған нәрестелердің тыныс алуын қолдауды қамтамасыз етеді және әдеттегі жасанды желдету тиімсіз болған жағдайларда қолданылады. Әсіресе, ол өте аз салмақты туылған сәбилердің өкпелерін ашып, оны қалыпты жұмыс жасатқызу үшін аса қажет.
Білікті мамандар мен жақсы аппараттардың арқасында бүгінде аудандық перзентханада нәресте өлімінің саны айтарлықтай азайған. Анығырақ айтқанда, соңғы көрсеткіштер бойынша жемісті жұмыс нәтижесінде сәби өлімі 60 пайызға азайған.
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығы
ҚР Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы 2017 жылы 1 желтоқсанда ашылып, халыққа рухани қызмет етіп келеді. Тарихи-мәдени орталықтың мақсаты – Тәуелсіз Қазақстан Республикасын нығайту жолындағы оның алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дара жолын насихаттай отырып, халыққа мәдени және рухани қызмет көрсету. Орталық қазіргі білім мен ғылымдағы талаптарға сай кең ауқымда жұмыстар жүргізіп келеді.

«Атамекен» тарихи-мәдени орталығында Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағынан бастап, тұлға болып қалыптасқандығына дейінгі кезеңдерден мәлімет беретін әртүрлі экспонаттардан тұратын төрт экспозициялық зал жұмыс істейді. Бірінші залы бала Нұрсұлтанның балалық шағы, мектептегі кезі, студенттік және ең алғашқы еңбек жолына арналған. Екіншісі экспозициялық зал тәуелсіздіктің қалыптасуындағы ең басты саяси қадамдар мен Қазақстанның даму динамикасын көрсетеді. Орталықтың үшінші залында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы жолдары баяндалады. Ал төртінші залда Қазақстан Республикасының ТМД және алыс-жақын шетелдік елдермен саяси аренадағы жетістіктері дәріптеледі.
Орталықтың ауласындағы панно қазақ халқының тарихынан сыр шертеді. Паннодан ежелгі дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі қазақ халқының жүріп өткен жолынан мол мағлұмат алуға болады. Сонымен қатар аулаға музейге келушілер тамашалау үшін Тұңғыш Президенттің 2001 жылы мінген көлігі қойылған.
«Атамекен» орталығы ашылған күннен бастап халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Келушілерге орталықты тек таныстырып қоймай, жұмыс жоспары бойынша әртүрлі тақырыпта мәдени шаралар, тақырыптық дөңгелек үстелдер, көшпелі қор көрмелері, мектеп оқушыларына музейлік сабақтар өткізіп, өзге музейлермен әріптестік қатынас орнатылған.
«Ushqonyr» спорт кешені
Қарасай ауданында спорттық саланың жандануы бағытында бой түзеп, халықтың игілігі үшін қолданысқа берілгендердің қатарында Шамалған ауылдық округінің солтүстік-батысында орналасқан «Ú shqońyr» спорт кешені бар. Бұл нысан ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен бой көтерген

2019 жылдан бері жұмысын бастаған орталықтың шәкірттері осы уақытқа дейін әлемдік, халықаралық, республикалық сияқты талай жарыста дара көрініп, ауданның және облыстың абыройын арттыруда. Оқушыларымен оза шапқан бұл орталыққа ашылғалы бері белгілі Дәурен Төлеген жетекшілік етіп келеді.
Спорт мектебінде жасөспірімдердің шынығуына толықтай жағдай жасалған. Сонымен қатар көптеген игі шаралардың өтуіне де атсалысып келеді.
Шәкірттерін шыңдауды мақсат еткен спорттық ұжымда көптеген білікті жаттықтырушы табанды еңбек етуде. Мұнда болашақ чемпиондар олимпиадалық (еркін күрес, дзюдо, бокс, волейбол, жеңіл атлетика, таэквондо, футбол, үлкен теннис, жүзу, бадминтон) және олимпиадалық емес (тай боксы, қол күрес, шахмат, самбо, қазақ күресі, баскетбол) спорт түрімен шұғылданып келеді.
«Ú shqońyr» спорт кешенінде жаттығам деушілердің саламатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, келушілердің денсаулығын қадағалайтын медициналық бөлмелер мен дене қыздыруға арналған сауналарды ерекше айтсақ болады. Одан бөлек, 450 адамға лайықты етіп тұрғызылған стадионда төрт жолақты жүгіру жолдары мен стрит-воркаут алаңдары спортшы жандарға арнайы жасалынған. Біздің жоғарыда айрықша атап көрсеткендей, көптеген спорт түрлеріне қатысты залдар мен арнайы бөлмелердің барлығы заманауи, соңғы стандарт үлгіде жабдықталған. Сондай-ақ көптеген спорттық жарыстар мен іс-шаралардың алдын ала ұйымдастырылуына, талқылануына байланысты конференция залдары спорт кешенінің бірден-бір ерекше орындары деуге болады.
«New York Film Academy Kazakhstan» киноакадемиясы
Қарасай ауданы қол жеткізген тағы бір үлкен жетістік – әлемге әйгілі америкалық «New York Film» киноакадемиясының Орталық Азиядағы алғашқы кампусы оның аумағында ашылуы.
Energo University мен Dala Edge креативті паркінің базасында құрылған жаңа филиал АҚШ-тан тыс жерлерде ашылған үшінші кампус және Қазақстандағы әлемдік деңгейдегі тұңғыш шығармашылық университет болып табылады.
Айта кетейік, аталған академия ашу бағытындағы жұмыстар екі жылға жуық уақыт жүргізілді. Нақты айтқанда, 2024 жылы Қаскелең қаласында жаңартылатын энергетика, атом энергетикасы, климаттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, кино, анимация және ойындар сияқты жаңа бағыттарда маман дайындауға мүмкіндік беретін Алматы энергетика және байланыс университетінің жаңа кампусы салынған болатын. Оның базасында шығармашылық индустрия паркі ашылды. Сондай-ақ Energo University мен Нью-Йорк киноакадемиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Соның аясында Energo University мен Dala Edge креативті паркінің базасында әлемге әйгілі «New York Film Academy» (NYFA) Қазақстандағы алғашқы филиалын ашу жұмыстары басталды. Аталған бастаманың нәтижесінде таяуда «New York Film Academy Kazakhstan» корпусының ресми ашылу рәсімі өтті.
15 гектар аумақта орналасқан 1000 шаршы метрлік қазақстандық кампуста кітапхана, дәріс оқитын залдар, дыбыс және монтаж студиялары, шығармашылық кеңістіктер бар. Студенттер режиссер, актер, сценарист, дизайнер және визуалды эффект бағытында білім алады.
Білім беру бағдарламасы тәжірибелік курс ретінде түзілген: идеядан бастап сценарий жазу, түсірілім, монтаж және көрсетілімге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Бағдарламаға қысқаметражды жобалар, режиссерлермен шеберлік сағаттары және жеке менторлық қолдау кіреді. Түлектің дипломдық фильмі оның портфолиосына дайын жұмыс ретінде еніп, түрлі фестивальдерге қатысуға мүмкіндік береді.
Академияда студенттерге сабақты Голливуд пен Нью-Йорктен келген 10 NYFA кәсіби дәріскерлері жүргізеді.
Жаңа кампуста осы аптадан бастап 60 жас кинематографист оқуын бастады, олардың ішінде 11 студент толық грант, 21 студент жартылай грант иегері. Гранттық бағдарламаға 120-дан астам өтінім түскен, ал студенттердің қатарында төрт шетелдік бар.
Сонымен қатар филиалда саланың жұмыс істейтін мамандары үшін қысқа мерзімді оқу бағдарламалары (төрт және сегіз апта) жүргізіледі.
Қаскелеңдегі Өнер мектебі
2025 жылдың наурыз айында аудан орталығының тұрғындары ұзақ жылдар күткен Өнер мектебінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл маңызды оқиға ауданның мәдениет пен өнер саласында жаңа бастамалардың негізін қалауға бағытталған қадам болып табылды.

Үш қабатты жаңа өнер ошағының жалпы аумағы 0,1937 гектарды, ал ғимаратының көлемі 5218 шаршы метрді құрайды. Мекемеде штат бойынша 64 мұғалім жұмыс істейді. Олардың барлығы арнайы өткізілетін конкурс нәтижесі бойынша алынады. 300 орынға арналған өнер ордасы 530 оқушыны қабылдай алады. Ауданның жас таланттары мұнда домбыра, шертер, қыл қобыз, сырнай, гитара, ән терме, дәстүрлі ән, фортепиано, саксафон, цирк өнері сияқты 17 бағытта қабілеттерін шыңдайды.
Жаңа өнер ордасын ашу үшін сонау Кеңес Үкіметінен келе жатқан ДОСААФ-тың ескі ғимараты жандандырылды. Бұл мәселе бұрыннан бері қаралып келген еді. Алайда кезінде аталған нысанның 2013 жылдары «Отан» Республикалық қоғамдық бірлестігінің теңгерімінен «Түлек AKG» ЖШС-не өтіп кеткендігіне байланысты талай уақытқа дейін бұл мәселе шешілмей жүрді. Осыған байланысты біраз жыл ауданаралық және облыстық сотта процестер жүргізілді.
Тек 2024 жылы Алматы облыстық ауданаралық экономикалық сотының шешімі бойынша Қарасай ауданы білім бөлімінің арызы орынды болып табылған. Осылайша, ДОСААФ-тың ғимараты толықтай мемлекеттің иелігіне қайтарылып, бюджеттен қаражат бөлініп, тоқтатылған жөндеу жұмыстары қайта жандандырылды. Ал ағымдағы жылдың басында құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, Қарасай ауданындағы екінші мемлекеттік Өнер мектебі ретінде ашылды.
Тағы бір осындай өнер мектебі 2023 жылы Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылында да қолданысқа берілген еді. Екі қабаттан тұратын мектеп 350 оқушыға арналған. Мұнда да жас өнерпаздар 17 бағытта қабілеттерін шыңдай алады. Атап айтқанда, фортепиано, домбыра, шаңқобыз, қолөнер, актерлік шеберлік сияқты өнердің түр-түрін үйренулеріне мүмкіндіктері бар. Онда тек Шалқар ауылындағы оқушылар ғана емес, жақын маңда орналасқан басқа елді мекеннің балалары да білім алады.
Айта кетейік, бұл мемлекеттік мекемен ашу үшін де аталған елді мекендегі М.Ломоносов атындағы орта мектептің ескі ғимараты қолданылған. 2017 жылы ауылға жаңа орта мектеп салынған соң, тозығы жеткен нысан жекеменшікке өткен. Алайда ол 2023 жылы аудан әкімінің ықпалымен мемлекеттің иелегіне қайтарылып, аудандық білім бөлімінің балансына берілді. Тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Алматы облысы әкімінің қаулысымен Шалқар ауылының өнер мектебі ретінде ел игілігіне берілді.
«Молл Апорт» сауда-ойын-сауық кешені
Қарасай жерінде орналасқан ең ірі сауда орталықтарының бірі – «Молл Апорт» сауда-ойын-сауық кешені. Ол Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округі арқылы өтетін «Алматы-Бішкек» күре жолының 14-ші шақырымында орналасқан. Орта Азия елдерінде теңдесі жоқ алып кешенге 23 млрд. 450 млн. теңге инвестиция тартылып, 2009 жылы алғашқы кезеңі пайдалануға берілген болатын.

Жалпы аумағы 210 000 шаршы метр болатын кешенде 200-ден астам дүкен, 7 кинозалы, 2 аквапарк және 5000 автокөлік қойылатын тұрақ бар. Мұнда бүгіндері 4 мыңға жуық жұмыс орындары ашылып, күніне 25 мың адамға қызмет көрсетіледі. Осының барлығы Алматы қаласы мен облыс тұрғындарына және қонақтарға отбасымен бірге демалып, сауда жасап, уақыттарын көңілді өткізуге мүмкіндік береді.
«Молл Апорт» сауда-ойын-сауық кешенінде еліміздегі алғашқы ірі азық-түлік гипермаркеті – «Рамстор гипер» сауда белгісі, жетекші ұлттық «Технодом» электроника желісі, әлемге әйгілі Koton, New Yorker, Детский мир, Kari, CCC, Incity, Reebok, Bluelnc, Adidas, Climber, Adilisik, Твое, DeFacto, U.S.POLOASSN, LC Waikikki, More&More, Спортмастер, Plato, ECCO, Clarks, Geox, Terranova, Mango, Promod, Chester, OGGI, Sela, FinnFlare, O”stin, Deloras, Foxwomen&men сияқты компаниялар ерлер мен әйелдерге және балаларға арналған тауарларын жұртшылыққа ұсынады. Мұндағы жеті «Star Sinema» 3D кинозалында бір мезгілде 1300 адам көркемфильмдерді тамашалай алады.
Балаларға арналған «Funky town» ойын-сауық қалашығы, жылдың төрт мезгілінде қызмет көрсететін «Hawaii» аквапаркі, әлем елдерінің аспаздық тағамдарын ұсынатын The Noobles, KFC, Buger King, Hawaii, Bar&Grill, Istanbul, Pizza, Italiano, Toasters, Cakyra, Alladin, Profiterole, Pizzburg, Kazan, Fresh Timt, Bonape сияқты аспаздық маркалар орналасқан.
«Молл Апорт» кешенінің үшінші кезеңінің ашылуымен тұтынушыларға көрсетілетін қызмет ауқымы да молая түскен. Бүгінде Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарына және қонақтарға Қазақстандағы ең үлкен «Магнум» есігін айқара ашты.
Еліміздегі ірі ойын-сауық-сауда кешені жаңа жобаларды үнемі қолдап отырады. Осылайша, кешеннің айналасында 5 гектар аумақты қамтитын мәдениет және демалыс саябағы ашылмақшы. Бұл саябақта спорт алаңдары, демалыс аймағы, жасанды көл мен ашық театр алаңы бой көтеріп, тұрғындардың отбасымен демалуына мол мүмкіндік жасалынады..
Беттерді дайындағандар – Дидар Мәлікұлы, Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
